13.04.2017, 11:02
Қараулар: 184
Сексеннің сеңгірінен тартқан сыр

Сексеннің сеңгірінен тартқан сыр

???????????????????????????????Қайыржан Нұрмұханұлы Жымпиты ауылында тігінші отбасында дүниеге келді. Ол кісінің әкесі Нұрмұханның алтын қолынан шыққан киімдер бүгінде мұражайларда құнды жәдігер ретінде сақтаулы.

Қайыржан ата әкесі туралы ыстық ықыласпен, тебірене әңгімелеп:

– Әкем Жұмырбаев Нұрмұхан 1888 жылы Тайпақ ауданының Сайқұдық деген жерінде туған. Анам Биғайша 1898 жылы Чапай ауданында туылған, 1914 жылы әкеме 16 жасында тұрмысқа шыққан. Әкем анасынан ерте қалыпты. Атам әкемді революционер Ғиният Асадуллинге: «Сүйегі менікі, еті сенікі» деп он алты жасында алып келеді, үш жыл бойы сол кісінің қарауында болады. Әкем үш жылда туған үйіне бір-екі рет қана барыпты. Сөйтіп, Ғиният Асадуллиннің шаруасын қарап, одан киім тігуді үйрене бастаған. Үш жылда киімді қалай пішу керек, қалай тігу керектігін шебер меңгереді. Әкем айтатын: «Мен мамандықты базардан үйрендім» деп. Қоянды жәрмеңкесінде сапалы тіккен киімдеріне жұрттың назары түсіп, өтімділігі артады. Әкем сөйтіп, қаражат жиып, немістің «Зингер» тігін мәшинесі мен кішкентай бір құжыра сатып алып, өзінен екі жас үлкен ағасы екеуі сонда тұрыпты,- дейді.

Міне, аты мәшһүр тігіншінің ұрпағы Қайыржан Нұрмұханұлы Жымпитыда мектепті бітіріп, пединститутты бес жыл оқыды. Сібірде әскери қызметін өтеді. Елге келіп, аудандық оқу бөліміне инспектор болып жұмысқа орналасты. 1963-1964-тің, қоян жылының қытымыр қысына қарамастан құнажын бақты. Қанша қиындық көрсе де, бірде-бір малды шығынға шығармай, қыстан аман алып шықты.

Аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде бес жылдың үстінде қызмет етті. Білімді, тәжірибелі маманға сол кездегі екі ірі шаруашылық – Правда совхозы мен Қызыл ту колхозын берді. Правда совхозы бірінші болып қазақтың ақбас сиырын бағуды ұйымдастырды. Қ.Нұрмұханов жетпісінші жылға дейін сонда жасады.

Сөйтіп жүргенде, Қайыржан Нұрмұханұлын аудан басшысы С.Ниязов шақырып алып: «Жымпиты ауылының кеңес төрағасы болуың керек»,- деді. – «Осы Жымпитыда талай адам қызмет етті, бірақ, ешбірі үш жылдан аспады. Сен Жымпитының баласысың, осы қызметке лайықтысың»,- деді. Сөйтіп, 1977-1987 жылдары аралығында он жыл бойы табан аудармастан, Жымпитыда кеңес төрағасы болып жасады.

Жұмысқа жанын салып кірісетін Қ.Нұрмұхановты аудан басшылығы 1987 жылы шаруасы тұралап қалған тұрмыстық комбинатқа директор етіп қойды. «Әке көрген оқ жонар» деген. Әкесінің тігінші болғанының бұл қызметте зор пайдасы тиді. Үш жылдан астам уақыт ішінде бірқатар жұмыс жасап, тұрмыстық комбинатты көтерді. Бала кезінде көргенінің бәрі есіне түсті. Толған иненің түрін, жіптің неше шұрайын көрді. Жіптердің түрін, нөмірлерін жілікше шағатын Қайрақаңа оларды ажырату түк те қиынға соқпады. «Ондық – жуан жіп, жиырмалық – одан жіңішкесі, қырық – киім тігетін жіп»,- деп, оп-оңай өзіне қажет жіптерін тауып алды. Қайыржан ата қызмет барысында Оралдың байпақ зауытымен, киім тігетін цехтарының бәрімен тығыз байланыс орнатты. Ақсайдың былғары зауытымен де қарым-қатынасы мықты болды. Тәжірибе алмасты. Олардың шығарған киімдерінің бәрі Жымпитының тұрмыстық комбинатында тігілді. Сол кезде Жымпитыда тон тігу жаңа басталған кез еді. Әкесінен көргені есіне түсіп, ең жақсы тері – ешкінің терісінен тондар тіге бастады. Тұрмыстық комбинатта қарауында Эмма есімді неміс қызы болды. Бір ғана Эмманың жасаған жұмысын қанша адам атқара алмағанына намыстанған директор тігіншілерді қайта даярлауға оқуға жіберді. Қайта даярлауға жіберген тігінші қыздарының ішінде өзінің болашақ келіні, Азаматының жары да бар еді. «Менің келіндерімнің бағыма орай бәрі де жақсы. Құдай бере салған өздерін» — дейді Қайыржан ата келіндерін айналып-толғанып.

Қайыржан ата жары Сара әжеміз екеуі үш ұл, бір қыз сүйді. Тұла бойы тұңғышы Азамат Ленинград қаласында оқу бітіріп, қазір Алматыда тұрады, кәсіпкерлікпен айналысады, төрт баланың әкесі. Одан кейін Салтанат есімді қызы ауылшаруашылық институтын тәмамдады. Орал қаласында тұрады, қаржы департаментте жұмыс жасайды. Одан кейінгі ұлы Ғанимат – халық қалаулысы, облыстық мәслихат депутаты, мәрт азамат, «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы. Кенже ұлы Сағадат Ленинградта қаржы институтында оқыды, қазір кәсіпкерлікпен шұғылданады. Қайыржан ата балаларын адал еңбекке баулыды. Қайыржан Нұрмұханұлының тоғыз немересі бар, олар да сабаққа алғыр. Үлкен немересі Ақерке мектепті «Алтын белгімен» бітірді. Екінші немересі ҚазҰУ-дің математика факультетінде оқиды, ұялы телефондардың маманы болып шығады. Заманбек Д.Қонаев атындағы университетте, жуырда Америкаға барып келді.

Лайым, сексеннің сеңгіріне келген, мерейлі отбасының мәуелі бәйтерегі Қайыржан Нұрмұханұлының көрер қызығы таусылмағай дейміз!

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА