13.04.2017, 11:04
Қараулар: 238
 » 
Мешіттің ішкі ережесі таныстырылды

Мешіттің ішкі ережесі таныстырылды

???????????????????????????????Сырым аудандық орталық мешітте өткен жұма намазына аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Арман Әлмұханов қатысты. Жұма намазы алдындағы уағыздан соң, мешітке келушілерге «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі таныстырылды. Мешітке келушілердің негізгі құқықтары, міндеттері және мешітте жасауға тыйым салынған әрекеттер туралы Орал қаласынан келген машықкер имам Бералы Бекбаев айтты. Ережеге сай мешітке келген адам ҚР Заңдарына және ҚМДБ жарғысы мен мешіт ережесін орындап, мешіт мүлігін сақтауға, жабдықтар мен техникаларды нәтижелі пайдалануға, жамағат пайдаланымына берілген бұйымдарды күтіп ұстауға, энергия, су мен басқа да ресурстарды үнемдеуге, ханафи мәзхабына сай құлшылық жасауға, «Әмин» дұғасын іштей айтуға, мешіт қызметкерлерін құрметтеуге, басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға, жамағат тыныштығын сақтауға, алауыздық тудырмауға міндетті. Мешіт ішінде өзін әдепті ұстау, адамгершілік-этикалық нормаларды сақтау, тазалық пен тәртіпті сақтау, ер кісілер әдепке сай бас киіммен, әйелдер етек-жеңі ұзын киім киіп, орамал тағуы, мешітке келген ресми қонақтарға құрметпен қарау, уағыз барысында уағызшының айтқанын тиянақты тыңдау, дауыс көтеріп, кедергі жасамау – мешітке келушінің міндеті.

Мешітте жасауға тыйым салынған әрекеттерге мыналар кіреді: ҚР Конституциялық құрлысын бұзуға бағытталған саяси мазмұндағы әңгімелер айтуға, қоғам мүддесіне кереғар пікірлерді үгіттеуге, ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға, қатты сөйлеуге, шулауға, музыка тыңдауға, дөрекі сөйлеуге, жүргізіліп жатқан уағыз бен құлшылыққа, дәріске кедергі келтіруге болмайды. Сондай-ақ, мешіт мінбері мен дәрісхананы рұқсатсыз пайдалануға, суық қару-жарақ, атылғыш заттар әкелуге, уағыз кезінде құлаққап, плеер, планшет, ұялы телефондарды қолдануға, мешітке шортымен (шолақ шалбармен), майкамен (жеңі жоқ футболкамен) келуге, сағыз шайнауға, шемекі шағуға, жануарлар әкелуге, мешіт ауласында саяси және өзге теріс пиғылдағы үнпарақтар, кітаптар, жарнамалар, аудио-видео материалдар таратуға, тағы басқаларға тыйым салынған.

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы А.Әлмұханов ҚМДБ Республикалық мешіттерінің ішкі тәртіп ережесін бұзған мешітке келуші жауапқа тартылатынын айтты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА