13.04.2017, 11:09
Қараулар: 250
2 000 теңгені қызғансаң, 20 000 теңге төлейсің!

2 000 теңгені қызғансаң, 20 000 теңге төлейсің!

Тазалық деген нәрсе біреудің айтуымен не талап етуімен емес, адамның өзінің ақылынан болатын нәрсе. Өкінішке орай, кейінгі кездері өзінің ақылымен тазалық сақтайтын тұрғындардың азайғанын ғана байқап жүрміз.

Сәуір және мамыр айлары аудан көлемінде санитарлық айлық деп жарияланды. Аула мен ауылды таза ұстау бәрімізге — ортақ шаруа. Баспасөз беті арқылы, тұрғындарды осы мәселеге жауапты қарауға шақырғымыз келеді.

Санитарлық айлық кезінде, одан кейін де, аудан орталығындағы учаскелік полиция инспекторлары ауыл үшін арнайы рейдтер жүргізетін болады. Рейд кезінде әрбір тұрғынның өзінің ауласы мен көшесін қаншалықты таза ұстайтынын анықтаймыз. Тазалыққа ат- үсті қараған азаматтарға заң қолдануға мәжбүрміз.

Біз былтыр да солай жасағанбыз. Былтырғы жылы Жымпиты ауылы бойынша ауыл тазалығына зиян келтірген 8 адамға ескерту берілді, 12 адамға айыппұл салынды. Айыппұлдың көлемі аз емес. Әр айыппұлдың көлемі 22 690 теңгені құрайды. Айналасын шашпай, әрбір аула қоқысты арнайы полигондарға төксе қандай жақсы?! Оған аудан орталығында мүмкіндіктер бар. 20 мыңдап айыппұл төлегенше, қоқыс шығаратын көліктің еңбегіне 2000 теңгені ғана беріп, тазалыққа үлес қосқан әр адамға әлдеқайда тиімді. Тазалықтан 2 000 теңгені қызғанған адамға 20 000 теңгені артығымен төлеуге тура келеді.

Көшелер мен аулалардың тазалығы өз алдына, аудан орталығының тұрғындарының іргедегі Өлеңті өзенінің аңғарын таза ұстауға әлі сауаты жетпей келеді. Ойланған адамға бұл да алаңдайтын мәселе деп ойлаймын. Ауылымызды таза ұстайық, ағайын!

Азамат Исанов,

Сырым АІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы,

полиция капитаны

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар