27.04.2017, 10:41
Қараулар: 68
Отан қорғау – әрбір азаматтың парызы

Отан қорғау – әрбір азаматтың парызы

1992 жылы 7 мамыр күні Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен тәуелсіз еліміздің төл армиясы құрылғаны баршаңызға аян. Сол күннен бастап 7 мамыр еліміздің күн тізбесіне «Отан қорғаушылар күні!» деп мәңгілікке жазылды.

Биыл осы айтулы күнге 25 жыл толып отыр.

Осы жылдар ішінде Қазақстан армиясы соңғы шыққан жаңа үлгідегі қару-жарақтармен, әскери техникалармен жабдықталған, кәсіби сардарлармен және сарбаздармен жасақталған қуатты Армияға айналды.

Қазақстанның геосаяси жағдайы үлкен өзгерiстерге (шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың, экстремизмнің өршуi, жаңадан ядролық мемлекеттердің пайда болуы, т.б.) ұшырауда.

Әлемдегі осындай тұрақсыздықтар еліміздің Қарулы Күштерін жаңа заман талабына сәйкес әскери техникалармен және қару жарақтармен жабдықтауға және әскерімізді кәсіби сарбаздар мен сардарлармен толықтыру бүгінгі күн мәселесіндегі негізгі бағыт болып отыр.

Ата-бабаларымыздан мирас болып қалған қасиетті кең байтақ жерімізді қорғау бұл біздің ең бірінші басты парызымыз. Ешбір мемлекеттің әскері сырттан келіп біздің Отанымызды, жерімізді, халқымызды қорғап бермейді. Найзаның ұшымен, білектің күшімен ұланғайыр Қазақтың жерін қорғап, сақтап бүгінгі ұрпаққа аманат еткен ата-бабамыздың асыл мұрасын, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру біздің басты борышымыз.

Ұлы даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы – азаттық болатын.

Бүгінде арайлап атқан азаттықтың ақ таңы — бүгінгі ұрпақтың басына қонған бақ деп білу керек.

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүрулері, халқымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еліміздің дамуына қосып жатырған зор еңбектерінің арқасы.

Елі¬міздің әрбір азаматы ұлты мен дініне қарамай татулықтың берік туын желбіретіп, сүйікті байтақ даламызға деген махаббатын ісімен дәлелдесе, оны неге отансүйгіштік демеске. Тіпті, Елбасымыз өзінің «Тарих толқынында» деп аталатын кіта¬бында «Ұлттық бірліксіз патрио¬тизм жансыз» деген ой да айт¬қан.

«Мәңгілің ел» тұғыры – қуатты армия! дегендей мемлекетіміздің мәртебесін арттырып, жасампаз халқымыздың жарқын болашаққа деген сенімін нығайтуда, сонымен бірге ел экономикасының серпінді дамуын қамтамасыз етуде құрыштай шыныққан әскеріміздің алатын орны ерекше.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 36 бабында айтылғандай «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары Заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет ақарады» делінген.

Осы тәуелсіздік жылдары біздің ауданымыздан сан мыңдаған жігіттеріміз өзінің Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына аттандырылды. Осы жастарымыз еліміздің тыныштығын, тұтастығын қорғауда абыроймен атқарып өз отбасыларына аман-есен оралып, еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Осындай ер жүрек, Отан сүйгіш жастарымыз көбейе берсін.

Армия — кез-келген мемлекеттің көркі, ажары, қорғаны. Олай болса еліміздің туы әрдайым биік болсын! Көк байрағымыз желбірей берсін! Аспанымыз ашық болсын! Еліміздің іргесі тыныш болсын! Жігіттеріміз намысты болсын!

Баршаңызды 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен және   7 мамыр Қарулы Күштеріміздің құрылғанына 25 жыл толу күнімен шын жүректен құттықтаймын.

М.СарсенҒалиев,

Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар