27.04.2017, 10:53
Қараулар: 55
Денсаулықты сақтау да керек, сақтандыру да керек

Денсаулықты сақтау да керек, сақтандыру да керек

07.27.04.17Бүгінгі күні ең көп талқыда жүрген әңгіме – баршаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі жайлы болып отыр. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл жүйені халықтың денсаулығын сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғау үшін іске қосқалы отыр. Өткен апталардан бері аудандағы ауылдық округтердің орталықтарында осы және өзге де мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың төрағалық етуімен түсіндіру жиындары өткізіліп жатыр.

Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі жайлы тұрғындар пікірі сан алуан. Бірі сақтандыру — заманның талабы десе, бірі Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесі қалтасында қаржысы бар адамға ғана қызмет көрсететін болғаны ма деген ойды айтады. Қайткенде де, бұл жүйе мемлекеттің, жұмыс берушінің және азаматтардың арасындағы денсаулық сақтау үшін жауапкершілікті болу талабын қойып отыр. Медициналық сақтандыру арқылы адам өз денсаулығының қадірін біле бастайды.

Енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай жұмыс істейді? деген сұраққа жауап беріп көрейік. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін жарналарды жүзеге асыратын болады. Ал жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлер үшін, жұмыскерлер мен өзін – өзі жұмыспен қамтыған азаматтар өздері үшін жауапты. Түсінікті қылып айтқанда, тұрғын шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болса, ол көмекті белгілі бір көлемге дейін тегін ала алады, егер әрмен қарай сапалы ем – дом шараларын қабылдағысы келсе, ол мәселе әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы өзіне тиесілі қаражаттың мүмкіндігіне қарай жүзеге асады. Қордағы қаражат жеткіліксіз болса, қосымша ақы төлейді.

Тұрғындардың сақтандыру қорындағы қаражаты кім үшін тиімді?

Әрине, ең әуелі сол тұрғынның өзі үшін тиімді. Нақты мәліметті мамандардың өздері айтсын.

Күләш Айташева,

Сырым аудандық орталық ауруханасының бас медбикесі:

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесін әрбір азамат дұрыс түсінуі тиіс.

2018 жылдың 1қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әлеуметтік көмек алу құқығы негізінде көмек ала алады. Әрбір азамат денсаулық сақтау ұйымын өзінің еркімен таңдайтын болады әрі ҚР әрбір азаматы өзінің денсаулығына тұтынушы ретінде қарайды. Жүйенің бір тиімділігі – осы.

Тағы бір тиімді жағы – медицина саласы әлі де оңала түседі. Мәселен, медицина қызметкерлерінің жалақысы екі есеге өседі. Денсаулық сақтау мекемелердің материалдық игіліктері жаңа технологиялық құрал — жабдықтармен толықтырылады.

Асыл дініміз исламның өзінде, «Денсаулық – адамға берілген аманат» делінеді. Ендеше аманатқа қиянат жасамайық, ағайын. Денсаулығымызды сақтандырғанымыз дұрыс. Ақшамен сақтандырғаннан гөрі, салауаттылықпен, тазалықпен сақтандырған тіпті абзалырақ болар еді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Бар жақсылық балаларға