27.04.2017, 11:00
Қараулар: 64
Жемқорлық дендеп кетпесін

Жемқорлық дендеп кетпесін

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақовтың қатысуымен «Парасыз болашақ» ұранымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді тобының жиыны өтті.

 Жиынды аудан әкімі Абат Шыныбеков кіріспе сөзбен ашып, мобильді топ құрамымен таныстырды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов ауданға келген мобильді топтың мақсатын, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірқатар шаралар қолға алынып жатқанын, бірақ әлі де болса, жемқорлықтың белең алып отырғанын, азаматтардың сенімінің негізгі индикаторы мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы екендігін айтты.

Облыстағы жемқорлық фактілері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ардақ Ізғалиев баяндады. Ардақ Есенғалиұлының айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең бірінші міндет – оның алдын алу. Бұл мақсатта 2015-2025 жылдарға арналған стратегия қабылданды. Жемқорлықты жою үшін «жазасыз қалдырмау» қағидасы бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол бердің бе – жазаланасың! Облыста сыбайлас жемқорлыққа 53 тұлға әшкереленсе, оның 5-еуі басшылар мен орынбасарлар. Сыбайлас жемқорлықтың ең көп орын алған жері әкімдіктер мен дербес бөлімдер, одан кейін ішкі істер бөлімі. Сырым ауданында 2015-2017 жылдары 2 сыбайластық жемқорлық тіркеліп, 1 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған арнайы call-center бар, тегін көмек алуға болады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық «Жаңару» қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Бауыржан Атауов ауыл шаруашылығы саласында кейбір мәселелерде жемқорлық орын алып жүргенін айтып, мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін қандай мәселе бар екенін ашық сұрау керектігін, сыбайластықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызметтің бір терезе арқылы көрсетілуі де тиімділігін атады.

Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов сыбайлас жемқорлықты болдырмауда тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтты.

Жиынды аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылап, қоғамдық дертті жоюдағы аудандағы атқарылған шараларды атады. Ашық әкімдік күні, аудан әкімінің ашық есік күндері жемқорлықтың жолын кесуге сеп болып келетінін жеткізді. «Шежіресі қазақ елінің тарихымен астасып жатқан Сырым ауданында бірді-екілі болса да, жемқорлықтың кездесуі ұят жағдай. Сыбайлас жемқорлықты мүлдем болдырмау үшін әрбір мемлекеттік қызметші өзінің әдебіне баса мән беру керек. Жемқорлық әрекет мемлекеттік қызметшінің еңбегіне сыйақы алуынан басталады. Берген антына адал бола білген мемлекеттік қызметші жемқорлыққа жол бермейді»,- деді А.Шыныбеков.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар