29.06.2017, 12:11
Қараулар: 218
 » 
Орынды ұсынбалар айтылды

Орынды ұсынбалар айтылды

05.29.06.17Аудан әкімі Абат Шыныбеков ашық есік күнімен Жосалы ауылдық округінің Тамды, Қоңыр ауылдарында болды. Ауыл әкімі Қобыланды Ғабдешов бес айдың қорытындысымен таныстырды. Одан кейін сөз алған аудан әкімі үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында ауданның даму деңгейі жоғары болғанын айтты.

Аудандағы биылғы біздің үлкен жетістігіміз – газдандыру мен ауыз су. Алты елді мекенге газ тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатса, Аралтөбе, Қоңыр, Тамды ауылдарына «Ақбұлақ» келеді. Шағын елді мекендердің ішінде бірінші болып «Ақбұлаққа» қол жеткізетін – Тамды елді мекені,- деген аудан басшысы атқарылып жатқан оңды істердің бәрін атап шықты.

Тамдыда тұрғындар жиі сөніп қала беретін жарық мәселесін көтерді. Оған қатысты аудандық электр торабының бастығы Жұмағали Молдашев арнайы бригада жіберетін болды. Абат Шыныбеков ауданға ауыстыруға берілетін 30 бағанаға қосымша бағана сұрап, облысқа хат жазатынын айтты.

Сырым мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығы Руслан Тасқалиев: «Биыл келетін «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Қоңырдың жерасты су қоры екі ауылға да 24 сағат бойы үзбей беріп тұруға жетеді, мұнарада 3 күнге жететін, су қоймасында 100 шаршы метр су болады», — деді.

Тамдыда көше атауларының тақтайшасы ілінетін болды.

Аудандық аурухана дәрігері Асхат Дүйсенғалиев жосалылықтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде түсінік беріп, тұрғындардың қойған сауалдарына жауап қатты. Ауыл тұрғындары жол, дәрігер мәселесін көтеріп, ұсыныстары ескерусіз қалмайтыны туралы аудан әкімінің жауабын естіді. Ардагер ұстаз Асан Жүсіпов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне барып келгенін айтып, көрме жайында әсерлі әңгімеледі.

Абат Шыныбеков Қоңыр ауылындағы су құбырын тарту жұмыстарымен, екінші су көтермесінің құрылысымен танысты, Руслан Тасқалиев судың қалай жиналып, ауылға қалай келетіні туралы түсіндірді. Қыркүйектің 1-іне дейін ауылға су келеді екен.

Сондай-ақ, аудан басшысы Қоңыр ауылындағы жөнделіп жатқан дәрігерлік амбулаторияны көрді. Бұл ауылда саябақ абаттандырылып, учаскелік полиция инспекторының бөлмесі де шешіледі.

*       *       *

Аудан әкімі Абат Шыныбеков ашық есік күніне орай Жетікөл ауылдық округінде болып, Жетікөл елді мекенінің және Қосарал ауылының тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген келелі мәселелерді талқыға салды.

Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық дамудағы көрсеткіштерді атап, хабарлама жасады. Округте Сырым Датұлының 275 жылдық тойына орай бірқатар оңды істер жүзеге асатыны тұрғындарды қуантты. Атап айтсақ, қос бірдей мектеп – Жетікөл негізгі мектебі мен Сырым орта мектебі күрделі жөндеуден өтуде. Аудан басшысы Абат Абайұлы бұл екі білім ошағына ат басын тіреп, құрылыс барысымен танысты. Аудан әкімі мердігер «Өркен Сервис» ЖШС-нен Сырым орта мектебі құрылысының қарқынын жеделдетуді талап етті. Сондай-ақ, ауылдық дәрігерлік амбулаторияны, балабақшаны, техникалық су тартылған саябақтағы көшеттерді аралады. Қысқаша айтқанда, аудан басшысы ауылдың тойға дайындық барысын көрді. Бабаның торқалы тойына орай Қосарал ауылдық мәдениет үйінің ауласын қоршап, абаттандырып, ауылға көпірден кіретін 1,5 шақырым жолды жөндеп, көше жарықтарын молайту жұмыстары жүргізілу жоспарланып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында Жетікөл ауылынан шығып, Атырауда еңбек етіп жүрген жеке кәсіпкерлер Берікқали Күсесов пен Тұралы Үдреев балабақшаның ауласындағы ойын алаңының жабдықтарын жаңадан сатып әкеліп, жуырда орнатпақшы.

Жетікөл елді мекеніндегі өткен кездесуде ауыл тұрғыны Ж.Зинуллин Бұлдырты өзеніндегі бөгеттің шүмегін жөндеуді сұрады, бұл мәселе де шешілетіндігімен қуантты. Округ орталығы Қосаралда Ж.Құрманғазиева Сырымның 275 жылдығына байланысты ауылға батырдың ескерткіші қойыла ма деген сауал тастады. Аудан басшысының айтуынша, биыл Қосаралда Сырымның ескерткіші орнатылмайды, алайда бұл туған ауылына мүлдем мүсіні қойылмайды деген сөз емес. Сырым Датұлының ескерткішін қою негізі бұрыннан жоспарда бар екен.

Қосаралға «Ақбұлақты» әкелу үшін Боқай нүктесінен су қоры анықталып, биыл жобалық-сметалық құжаттары аяқталса, келесі жылы әр үйге су келетін болады. Сөйтіп, Жетікөл ауылдық округін мазалаған мәселелер біржола шешілмек.

*       *       *

Сарой ауылдық округінің орталығы Шағырлой ауылында және Көздіғара елді мекенінде аудан әкімінің ашық есік күні өтті. Ауылдық округ әкімі Сағидоқас Бақтығалиев ауылдық округтің өткен бес айдағы тыныс-тіршілігі жайында хабарлады. Аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданда Елбасының Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласына қатысты атқарылып жатқан іргелі істерді атап өтті. Соның ішінде 13 инвестициялық жобаның әрқайсысына тоқталды.

Аудандық аурухана дәрігері А.Дүйсенғалиев міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру жөнінде тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Жұмыспен қамту орталығының басшысы С.Иманғалиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы туралы түсінік берді. Ауылшаруашылық саласын дамыту, мал басын асылдандыру, агроөнеркәсіпті жандандыру мәселелерін аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев қамтыды.

Көздіғара елді мекенінде салынып жатқан клуб, кооператив жұмысы, бұзылған спорт алаңын жөндеу мәселелері көтерілді. Аудан басшысының қаперіндегі бұл мәселелер ескерусіз қалмайтын болды. Ал, Саройда, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Нұрмұханов Астанаға халықаралық ЭКСПО көрмесіне барып-келген әсерін әңгімелеп, тұрғындарды көрмеге баруға шақырды және ауылға су қоры жетіспейтіндігінен, судың ашып кеткендігінен тағы бір су ұңғымасын қазып беруді сұрады. Бұл мәселе біржақты шешіліп, Аққолқа нүктесінен қосымша тағы бір су ұңғымасы қазылатын болды. Ал, судың тұщылығы арнайы сараптамадан өткен.

*       *       *

Аудан әкімдігінің ашық есік күні Жырақұдық және Қособа ауылдарында өтті. Аталмыш ауылдарда өткен жиында Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев өткен бес айлық ішінде атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен тоқталды. Ашық есік күніне қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай атқарылу үстіндегі жұмыстарға талдау жасады. Яғни, аудан әкімінің айтуынша, ауданда 1 млрд. 324 млн. теңгенің 13 жобасы көлемінде мемлекеттік бағдарламалар атқарылмақ. Ал, мұның ішінде агроөнеркәсіп кешенін дамыту, кооперативтерді біріктіру, мал басын асылдандыру мен бордақылауды, кәсіпкерлікті дамыту сияқты басты-басты міндеттер бар.

Аудан әкімі Абат Абайұлы сондай-ақ, Елбасы мақаласындағы айтылған үш бағдарламаға сәйкес тұрғындар тарапынан жұмыстану қажеттігін де айтты. Жиында аудандық аурухананың дәрігері А.Дүйсенғалиев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде тұрғындарға нақты дәлелдермен түсіндірсе, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Қайырғалиев жол, газ, ауыз су туралы түсініктерін берді.

Жырақұдықтық зейнеткер Т.Тажғалиев Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне барған әсерін әңгімелеп, сапарды ұйымдастырған басшыларға алғысын айтты.

Жиында қос ауылдың тұрғындарын мазалайтын түйінді мәселелер ауданаралық жол қатынасы, ауыз су жәйі болды. Бұл туралы жауапты тұлғалардың айтуынша, жолды жөндеу жұмысын аудандық коммуналдық кәсіпорны мекемесі өз міндетіне алса, ауылдағы электр ақауы зардабынан істен шыққан 2 су айдау насосын ауыстырудың түйіні таяу күндері шешілетін болады. Бүгінде ауыл халқы бір су айдау насосының күшімен ауыз суды уақытша пайдаланып, шыдамдылық танытуда.

Қособа ауылына арнаған бұл сапарында аудан әкімі А.Шыныбеков Жырақұдық және Қособа орта мектебінің хал-ахуалымен танысып, жас балғындардың демалыс алаңында болды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Мүсірбек Әлібекұлы