29.06.2017, 15:44
Қараулар: 208
«Соттардың заң үстемділігін жүзеге асырудағы рөлі»

«Соттардың заң үстемділігін жүзеге асырудағы рөлі»

Елбасының бес институционалды реформасының бір бағыты – заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету екендігі баршаға белгілі. Заңдардың үстемдігін қамтамасыз етуде соттардың ролі зор, өйткені соттар басқа органдарға қарағанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде, заңдардың қатаң орындалуы және құқық тәртібін нығайтуда ерекше жауапты екені түсінікті.

Заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету заман талабына сай заңдарды қабылдаумен қатар, олардың орындалуымен, азаматтардың заңдарды құрметтеуімен, ешкімнің құқықтарының бұзылмауымен құнды.

Соттарға келер болсақ жаңа заңдардың қабылдануы сот төрелігін іске асырудың сапасын жақсартумен тығыз байланысты болады. Сот төрелігін сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру заңдылық пен әділдіктің салтанат құруының кепілі болып табылады.

Азаматтардың құқықтарын қорғау барысын реттеуде Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің алар орны ерекше. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап соттар жаңа кодекспен жұмыс істеуде.

Жаңа кодекстің талаптары азаматтардың сотқа қолжетімділігін, істердің тез әрі сапалы қаралып шешілетінін, сот актілері тез орындалатынын қамтамасыз етеді. Өйткені онда істерді жеңілдетілген тәртіпте қарау, дауларды балама негіздерде қарап шешу, кейбір санаттағы істердің сотқа дейін реттелуінің міндеттілігі қарастырылған. Жаңа кодекс дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

Кодексте істердің толық және заң талаптарына сай шешілуі үшін істерді қарауға әзірлік жүргізуге көп көңіл бөлінген.

Бұрынғы азаматтық іс жүргізу кодексінде істерді қарауға әзірлік жүргізу мерзімі жеті күн болып белгіленген болатын. Әрине бұл мерзім ішінде әзірлік жүргізіп біту қиын болатын, өйткені бұл тым аз мерзім. Өкінішке орай, әзірлік жүргізу кезінде алынбаған шаралар істі қарау барысында толықтырылатын, сондықтан істерді қарау бірнеше рет кейінге қалдырылып жататын.

Жаңа кодекстің талаптарына сай бұл мерзім он бес жұмыс күніне тең, яғни судья сот өндірісіне қабылданған арыз бойынша азаматтық істі қозғап, оны сотта қарау мақсатында он бес жұмыс күні ішінде әзірлік жүргізеді.

Күрделі азаматтық істер бойынша бұл мерзім тағы да бір ай мерзімге ұзартылуы мүмкін. Алайда кейбір санаттағы азаматтық істер бойынша, мысалы, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, еңбек даулары және басқа да санаттағы азаматтық істер бойынша істі сотта қарауға әзірлікті ұзартуға жол берілмейді.

Апелляциялық тәртіпте қаралуға түскен азаматтық істерді қарау үшін де судья әзірлік жүргізуге тиіс. Әзірлікті судьяның жеке өзі жүргізеді және он күн ішінде бірінші сатыдағы соттар іспеттес облыстық соттың судьясы да заңда көрсетілген барлық әзірлік жүргізу шараларын алуға тиіс.

Жаңа кодексте медиация институтын одан әрі жетілдіру қарастырылған, тараптарды татуластыру мүмкіндіктері кеңейтілген. Дауды реттеуде тараптардың және олардың адвокаттарының қатысуы арқылы жүзеге асырылатын партисипативтік процедуралар енгізілген.

Кодекс қабылданғалы бері жүзге тарта істер бітімгершілік келісімдер, медиация арқылы аяқталды. Бірақ, осы екі айдың ішінде партисипативтік процедуралар арқылы облыста істер қаралған жоқ. Сол себепті оқу орталығымен адвокаттардың, медиаторлардың қатысуларымен бірнеше дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілді, онда дауды партисипативтік тәртіпте шешуге олардың да мүдделі екендеріне көз жеткіздік.

Татуластыру рәсімдерінің қолданылуы азаматтарға тиімді екені халыққа жаң-жақты түсіндіріліп келеді. Себебі істер тез қаралып аяқталады, оларға шағымдар берілуі себепті азаматтар сот сатыларының табалдықтарын тоздырмайды, шешімдер тез орындалады, тараптардың алдағы уақыттарда бір-біріне деген өкпе-назының болмауына жағдай жасайды. Сонымен қоса, арыз беру барысында төленген мемлекеттік баждың қайтарылуына себепші болады. Татуластыру рәсімдерінің осындай тиімді жақтарының бар екендігіне халықтың көздері жетті, сондықтан татуластыру тәртібінде қаралған істердің саны күннен күнге артып келеді.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміз бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшті. Атап айтқанда, бірінші сатыдағы соттар, яғни аудандық және оларға теңестірілген соттар, апелляциялық сатыдағы соттар – облыстық және оларға теңестірілген соттар, кассациялық сатыдағы сот – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты. Егер бұрынғы сот жүйесі бойынша бес сот сатысы болса, қазіргі үш саты істердің тез арада қаралып, азаматтарды бір сатыдан екенші сатыға жүруінен арылтып, сот жұмысының беделін арттырады деп сенеміз.

Жаңа талаптарға сай бірінші сатыдағы соттардың мәртебесі күшейтілді. Ол түсінікті да, өйткені осы соттар халыққа жақын, істердің негізгі бөлігі осы соттарда қаралып аяқталады, осы соттарда тараптар өздерінің талаптары мен қарсылықтарын дәлелдеуге тиіс және осы соттарда тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы толық көлемде жүзеге асырылады.

Кодекс 505 баптан тұратын болса, соның 411 бабы істердің бірінші сатыда қаралуына арналғаны да бірінші сатының орнын және ролін аңғартады.

Жаңа кодекстің талаптарына сай арыздарды қозғалыссыз қалдыру институты мүлдем жойылды. Өкінішке орай, кейбір жағдайларда арыздар негізсіз қозғалыссыз қалдырылып, содан соң қайтарылып жататын. Жаңа кодекс бойынша судья заңда көрсетілген негіздер болған жағдайда ғана арызды қайтарады. Ол негіздер кодексте нақты көрсетілген, яғни судья істі қарауға әзірлік жүргізу барысында арыз бойынша орын алған кемшіліктерді жоюға мүмкіндік болған жағдайда барлық кезде талап арызды сот өндірісіне қабылдауға міндетті. Арыздар тек қана істерді қарауға әзірлік жүргізу барысында кемшіліктерді жоюға мүмкіндік болмаған жағдайда ғана қайтарылуға жатады. Бұл, әрине арызды қайтадан беруге тосқауыл болып табылмайды. Талапкер судьяның ұйғарымда көрсеткен кемшіліктерді жойып, арызды қайта беруге құқылы. Ал, жалпы сотқа берілген арыз бойынша судья оны соттың өндірісіне қабылдауға тиіс немесе заңда көрсетілген жағдайларда ғана арызды соттың өндірісіне қабылдаудан бас тартады, оған ерекше жағдайларда ғана жол беріледі.

Тағы бір жаңашылдық болып арыздарды сот өндірісіне қабылдау үшін кейбір санаттағы даулар соттан тыс, сотқа дейінгі дауды шешу шараларының алынуына байланысты болып отыр. Яғни, кейбір санаттағы дауларды сотта қарау үшін, арыздарды соттың өндірісіне қабылдау барысында осы санаттағы азаматтық істер бойынша тараптардың дауды шешудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталғанын немесе сақталмағанын тексеру қажет. Бұл тәртіп сақталмаған жағдайда талап арыз қайтарылуға жатады.

Жергілікті сот болып есептелетін облыстық соттардың да мәртебесі күшейтілді, сонымен қоса оларға қойылатын міндеттер мен жауапкершіліктер де ауқымды. Атап айтқанда, бірқатар санаттағы азаматтық істер облыстық сотта қаралып аяқталады, оларға кассациялық тәртіпте шағым беруге жатпайды, сондықтан істер облыстық сотта толық көлемде, заң талаптарына сай қаралып шешілуі қажет.

Осы кодекстің талаптарына сәйкес жеңілдетілген тәртіпте қаралған азаматтық істер, бітімгершілікпен аяқталған, медиация және партисипативтік тәртіпте қаралған істер, талап қою тәртібімен қаралған талап құны жеке тұлғалар үшін екі мың айлық есептік көрсеткіштен төмен, заңды тұлғалар үшін отыз мың айлық есептік көрсеткіштен төмен болған жағдайда істер кассациялық тәртіпте қаралуға жатпайды.

Сонымен қоса, талап арыздан бас тартылған жағдайда, банкроттық және оңалту барысында туындайтын істер облыстық сотта нақты шешімін табады.

Жаңа кодекс бойынша апелляциялық тәртіпте істер алқалы құрамда қаралады. Олардың саны үштен төмен болмауға тиіс. Кейбір санаттағы істер апелляциялық тәртіпте судьяның жеке өзімен қаралады. Ол заңмен белгіленген. Атап айтқанда, жеңілдетілген тәртіпте қаралған істер бойынша қабылданған сот шешімдеріне, жеке шағым және жеке наразылық берілген істер судьяның жеке өзімен қаралуына жатады. Қалған істердің барлығы сот құрамымен қаралуға тиіс.

Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес сот жұмысында қазіргі заманғы ғылым мен техниканың жетістіктері кеңінен қолданылуға жатады. Сол себепті электрондық «Сот кабинеті» порталы енгізілді. Бұл сот ісін жүргізу мәселелері бойынша жылдам әрекет ету және жедел ақпараттандыруға мүмкіндік береді. Бұның сот процесіне қатысушылардың барлығы үшін жақсылығы мол. Өйткені, осының арқасында процессуалдық нормалар орындалады, азаматтарға сот құжаттарымен танысудың жеделдігі мен ыңғайлылығы арта түседі. Бұның бәрі азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.

Іс қарау барысында да осы жетістіктерді молынан қолдануымыз керек. Барлық сот процестері міндетті түрде үн-бейнежазба құрылғыларын пайдаланумен қаралуға тиіс. Осы заманымызға лайықты техника жетістіктері сот процесінің өту барысын түгел жазып отырады. Бұл жағдай сот процесіне қатысушыларды тәртіпке баулиды, солардың ішінде судьяларды да. Сонымен қоса, орынсыз арыздардың болуын тежейді, тараптардың, олардың өкілдерінің, прокурордың істегі дәлелдемелерді тексеруге қатысуына жауапкершілікті арттырады, сот талқылауының ашық, жариялы болуын қамтамасыз етеді.

Жаңа кодекстің қабылдануы, қолданылуы азаматтарға өз құқықтарын қорғауға зор мүмкіндік береді және заңның үстемдік орнауының кепілі болатынына сенімдіміз.

Т.Ниязов,

Сырым аудандық сотының судьясы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар