5.07.2017, 10:33
Қараулар: 154
«ЭКСПО»-дан мол әсермен оралдық

«ЭКСПО»-дан мол әсермен оралдық

«ЭКСПО-2017» көрмесіне алғашқы сапар шеккен сырымдықтардың қатарында болуым маған көрсетілген құрмет деп түсінемін.

Астанадағы алғашқы күні қазақтың соңғы ханы Кенесары ескерткіші мен Ертіс өзені жағалауын көрдік.

«ЭКСПО-2017» көрмесін аралауды бүкіләлемдік көрменің басты символы «Нұр-Әлем» павильонынан бастадық. Бұл ғимарат 8 қатардан тұрады. Бірінші қатарда өз еліміздің павильоны қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін «үшінші өнеркәсіптік революция» және «Болашақтың энергиясымен» байланыстырады. «Энергия әлемі», «Тіршілік үшін энергия», «Қолжетімді энергия», «Менің болашақ энергиям», тағы басқа тақырыптық павильондар орналасқан. Әр қабатта энергияның даму тарихы баяндалған.

Бірінші қабатта еліміздің даму тарихы, табиғаты, мекендеген жануарлар бейнежазбалар арқылы көрсетіліп, баяндалған. Олар жастарға, шетелдік қонақтарға, үлкен әсер қалдырып, мәңгілік ел екенімізді дәлелдей түседі.

Уақытымыз шектеулі болғасын дамыған мемлекеттер: АҚШ, Қытай, Үндістан, Жапония, Ресей, БАӘ, Оңтүстік Корея және көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанның павильондарын аралап көрдік.

Қатысушы   мемлекеттер   пави­льон­­дары өз елдеріндегі «Болашақтың қуатына» бағытталған жаңа технологияларын макеттер, бейнежазбалар арқылы баяндаған.

Жасыл технологияларды дамыту, балама қуат көздерін табу мәселесі өзекті болып тұрғанда бұл көрме талай бастамаларды іске асыру мүмкіндігі туады деп сенеміз.

Көрме Астананың инфрақұрылымына үлкен ізденіс әкелген. Жаңа қонақ үйлер, тұрғын үйлер кешені салынған, оларды болашақта астаналықтар пайдаланатын болады. Ендеше, Астана көрмесі сәулет тарихына кіретін туынды болғанына көзіміз жетті.

Көрмемен қатар Астананың көрікті жерлерін аралап көрдік. «Мәңгілік Ел» монументін, орталық алаңды, Орталық әскери мұражайды, «Әзірет сұлтан» мешітін, «Хан шатырға» бардық.

Өңірлік парламент депутаттары Ш.Өтемісов пен С.Имашева парламенттің ғимаратын аралатып, жұмыс орындары, комиссиялар өтетін залдарды, мәжіліс залын және біріккен отырыстар өтетін залды көрсетті.

«ЭКСПО-2017» сапарынан туған еліміздің әлемдегі беделінің бұрынғы­дан да артқанына куә болдық.

Шетелдік қонақтар заманауи ғимараттар салынғанына, қала тұрғындарының кеңпейілділігіне, көрменің үлгілі ұйымдастырылғанына дән ризашылықтарын білдіреді. «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйымдастырып, үлгілі өткізу арқылы Қазақстан Республикасы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен әлемдегі дамыған 30 мемлекеттердің қатарына енуге нық қадам жасады деуге болады.

Сыдық Тажмұқан,

аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары,

Қазақстанның Құрметті байланысшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар