27.07.2017, 17:25
Қараулар: 149
«БАҒДАР – 2017»

«БАҒДАР – 2017»

03.27.07.17Сырым ауданында спорттық бағдарлаудан «Бағдар — 2017» шатырлы лагері басталды. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы мен Сырым ауданының «Жас туристер» станциясы мекемесі ұйымдастырған лагерь Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығына жақын жердегі туристік базада орналасқан. Лагердің салтанатты ашылуы болды. Шарада Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының спорттық бағдарлау бөлімінің меңгерушісі Райлан Нұрманов құттықтау сөз сөйледі. Облыстық туризм орталығының өкілі Райлан Нұрмановтың айтуынша, Сырым ауданы жылдан – жылға туризм саласында маманы толыққан әрі кәсібиленген, материалдық базасы қалыптасқан ауданға айналып келеді. Биыл аудандық «Жас туристер» станциясы мекемесінің материалдық базасы призма және компастер секілді құрылғылармен толықты. Бұл құрылғылар — туризм саласындағы спорттық бағдарлау түрінің негізгі қажеттіліктері. Аудандағы мамандардың жаңағы құрылғылар электронды жабдықтармен толықтырылса деген ұсынысы бар. «Бағдар — 2017» шатырлы лагерінде Сырым ауданы мен Орал қаласынан бөлек, Ақжайық, Теректі, Қаратөбе, Зеленов және Жаңақала аудандарының жас туристері демалып жатыр. Табиғат аясындағы демалыс өз алдына, олар осы жерде жетекшілерімен бірге оқу жаттығу жиынын өткізеді. Лагерь өз жұмысын 30 шілде күні аяқтайды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, Сырым ауданы

Жазғы демалыс

Басқа да мақалалар