27.07.2017, 17:31
Қараулар: 200
Жаулыбайдың әңгімесі

Жаулыбайдың әңгімесі

04.27.07.17Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Ақ Жайық өңірінде жақсы бастамалар қолға алынуда. Батыс Алашорданың біз білмейтін кейіпкерінің ұрпағы Жаулыбай Жанғалиұлымен Орал қаласында кездестім. Ертеде естіген кейбір жәйіттерді жазып қалдыру керек деп ойладым, — дейді менімен әңгімесінде Жаулыбай Жанғалиұлы (суретте).

Көп нәрсені білмегесін, ойдан қосып құрастырсам, онда шындықтан алшақтау болуы мүмкін. Сол себепті, көп жағдайда әңгіме шолақтау болуы мүмкін. Ру шежіремізді тарқатар болсам, Атымыстан Қарабура, Аю, Сүйір. Қарабурадан – Әйтілес, Божан. Қарабура атамыздың есімі басқаша болған дейді. Жас шағында жаугершілік мезгілі 16 – 17 жас шамасында жұртпен бірге соғысқа аттанған. Соғысты басқаратын билер «Сен шырағым, соғыста қиратпай – ақ қой, оданда оқ тасы» деп тапсырған.

Сонымен соғысқа біреулер кіреді, біреулер шығады. Оқтары таусылып азайғандар атамызды шақырады. Есімін білмейтіндер «Әй, қара буралы бала, оқ керек» деп айқайлап, қоржындарын оққа толтырып түйеге арытқан ол оқ тасумен болған. Сонымен, қанша атыс – шабыс соғысты бастан өткізіп, атамыз ақтығында Қарабура атаныпты. Сол Қарабурадан жоғарыда көрсеткен Әйтілес, Божан тараған. Әйтілестен – Өтес, одан Кішен, Кішеннен – Кішкентай. Өтестен – Қыстаубай, Шолан, Түркебай, Түменбай.

Өтес атамыз Бөке деген әжемізді айттырып, бірталай бірге болып, сосын қайыны, жеңгелеріне тапсырып кетіпті. Бөке жүкті қалды, оны айтып жүрмеңдер депті. Сонымен, Бөке айы – күні жетіп босанып ұл баланы қырқынан шыққасын құндақтап әкесіне аттандырып жіберген. Келгесін, есімін Қыстаубай деп қойыпты. Сонымен, жер арасы шалғай, ит арқасы қиян деген, ана шаруа, мына шаруамен жүріп, жеті жылдан кейін әжемізді алып келген. Сонда Қыстаубай алты жасында тайға мініп, Бөке әжемізді қарсылапты.

Әр елде, әр заманда ерлермін бірге еңбек етіп, ұл – қыздарын өсіріп, әйелдер де еңбегімен, әділдігімен есте қалыпты. Соның бірі – осы Өтес атамыздың жолдасы Бөке шешей. Тағы да балалары болған, ұмытпасам аты – Киікбай. Басқалары жадымда жоқ.

Өтестен көп болып тараған Қыстаубай әулеті. Содан кейін біздің атамыз Шолан. Шоланнан – Құрманқұл. Құрманқұлдан – Медет, Ықылас, Бисенбай. Медеттен – Ығылман, Балғожа, Жасқожа; Ықыластан – Қайқы; Бисенбайдан – Қасен;

Ығылманнан – Жұмағали, Сүлеймен, Кемал, Сары, Тілепі, Жанғали. Жұмағалидан – Дүйсен, Мұзафар, Ермекқали. Сарыдан – Айса. Тілепіден – Абдолбақи одан Мұтал (шын аты – Құрманғали). Кемалдан – Мәлік деген болған, Дүйсеннен 2-3 жас кіші. Ол 1936 – 1937 жылдары ұсталып, Ақтөбе түрмесінде атылған. Ал, Жанғалидан – Қалиолла (Қалтан), Ауған, Жаулыбай.

Аса көрнекті зерттеуші – ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!..» деген романының «Тез» деген үшінші тарауы «Бостандықтың аятты жасыл туын тіккен…» (Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов және…) («Жұлдыз».№8 2011 жыл. 142 -161) деп аталады екен.

«Қашан біздің өлкеміз казактардан тазарғанша біз олармен соғыса береміз. Соғыс аяқталғаннан кейін қай жерге бар десеңдер де біз мақұлмыз. Біз сіздердің Орал майданын тезірек жоюларыңызды өтінеміз… Сондай – ақ біз қолға түсіріп, Орынбордағы Кирревкомның қарауына жіберілген қару – жарақ қызыл әскерді жасақтауға жұмсалуын өтінеміз. Төраға — Ж.Досмұхамедов, мүшелер – Т. Медетов, Т.Тұрмағамбедов», — деп жеделхат жолдады.

Т. Медетов деген кім?

Медетов Тілеп Ығылманұлы 1883 жылы туған. Ол Ығылманның бесінші баласы. (1. Жұмағали, 2. Сүлеймен, 3. Кемал, 4. Сары, 5. Тілепі, 6. Жанғали).

Тілепі ауыл молдасынан оқып, білім алған соң Күйік қаладағы (Илецк) екі жылдық орыс – қырғыз (қазақ — Қ.Х.) мектебін жақсы бағамен оқып, мектеп дирекциясының Мақтау қағаздарымен бітірген. 1904 – 1912 жылдар аралығында сегізжылдық мектеп бітірген. Сосын екі жыдай Орынбор қаласындағы мектеп семинариясын бітірген. Соңынан елге келген.

Елде қандай білімді болса да, қолайлы жұмыс бола қоймаған. Сосын ол Ойылға барып, мировой судьяның тілмашы болған. Содан бастап қызметте өсу сатысы басталған.

Алашорда тұсында Жымпитыда қаржы бөлімінің бастығы болған. Алашорда үкіметінің мүшесі болып, Досмұхамбетов Жаншамен жұмыстас болып, оның ең сенімді серігінің бірі болған. Батыс Алашорда Ойыл уалаятын құрғанда оларға ілеспей, Тілепі Жымпитыда қалған. Құпия шешімдерден Тілепі атамыз өзінің және 1893 жылғы інісі Жанғалидың «халық жауы» деп аталғанын біледі. Көп кешікпей жер ауыстыруымыз керек деп шешкен. Біздің аталарымыз 1929 – 1930 жылдары кәмпескіленген. Кәмпескіленгеннен қалғандары қашып елден көшіп, Ресейдің Челябі деген жеріне дейін барған. Тілепі сол жақта жүріп, 1939 жылы бір жылдай ракпен ауырып, 1940 жылы қайтыс болады. Тілепіден – Бақи (Абдолбақи) мен Мұтал (Құрманғали).

Ығылманнан – Жұмағали, Сүлеймен, Кемал дегендер қарапайым шаруа болған. Тек Сары деген кісі серілеу болған, ұрыстарға жиі қатысқан. Әлді, шапшаң, әдісқой болған. Кемал, Сары 1921 жылы аштан өлулі. Жұмағали халфені 1938 жылы Златоуст қаласында өлтірген, әйелі Жамал 1941 жылы қайтыс болған.

Ығылман атамыз, інілері Балғожа, Жасқожалар күн көрсетпегесін Өзектен көшіп, Аталықтар тайпасы, Өтеулі бөлімін паналап, Ворошилов (қазіргі Үшағаш) деген жерге келіп, сегіз жыл отырған. Бір күндері кенжеғара Ақшолақ Сарығожин деген болыс, Жұмағалидың атасы Қарасай деген би әжеміз Жәмилаға, Ығылманға «біз мәңгілік емеспіз. Сұрағандарға айта беретін өтірігіміз де таусылды. Ең дұрысы – сендер бұл жерден көшіңдер», — деп кеңес берген. Осы ақыл – кеңесті құп алған аталарымыз Божандардан жер алып, бұрынғы 4 ферма, «Қытайы», «Сарықұмақты» жайлаған. Елде аласапыран болып, қашан елден көшкенше сонда тұрған. Қыс қыстап, жазды жайлаған.

Біздің қарт Жанғали да 1910 жылдан 1916 жылға дейін Електе алты жыл оқыған. Сол заманына қарағанда, сауаты едәуір болған.

Айта кетерлік жәйт – Өтестен туған Түркебай би болған дейді. Түркебайдың Сейіл деген баласы батыр болған. Оны Алаша руы хан деп сайлаған. Оның бас уәзірі, писарь Медет атамыз болған.

Мен өзім сол жақта жүргенде өмірге келген екенмін. Өмірден Сталин мен Берия өткесін, бұған дейін Ресейдің Башқұртстан, Орынбор жағын паналап жүргендер бір күні оңашада бас қосып, бұлай туған жерден жырақ жүре беруге болмас,түбі елге қайтуымыз керек деп шешулі. Неде болса, байырғы ата қонысымызға бармай, бержағына көшіп барғанымыз жөн болар десіп, 1958 – 1959 жылдары Ресейден көшіп келгендер Шыңғырлау, Бөрлі, Теректі аудандарында тоқтап қалады. 1961 жылы ең соңғы көштер келді. Олар Жұмағалидың ұлдары – Дүйсен, Мұзафар, Ермек еді. Сосын Бірғалидың жақындары еді. Жұмағалидың балалары Қаратөбе ауданының Аққозы совхозында «Жұмағали базы» деген әкелерінің мекеніне барып қоныстанады. Олар совхозға көп жылдар адал еңбек етіп, соның арқасында құрметті демалысқа шығып, елге елеулі, халыққа қалаулы болды. Дүйсен ағай – өте момын, азырақ жасқаншақтау, шаруаға қырағы еді. Мұзафар ағай – қарапайым, шаруа еді. Қызы Зұлайхаға шопандық таяғын беріп, қой бағудың қиындығын өзі көрді. Зұлайха шопандық еңбегі үшін орден, медалдармен марапатталды. Қаратөбе аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Ермек ағай да қарапайым шаруа, қазақы, өте әділ, Ресейде, Қазақстанда да адал еңбекқорлығымен талай марапатқа ие болды, — деді әңгімесінің соңында Жаулыбай Жанғалиұлы.

Қайыржан ХАСАНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

Орал   қаласы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар