27.07.2017, 17:34
Қараулар: 140
Ұлт бірлігіне үлесі мол

Ұлт бірлігіне үлесі мол

05.27.07.17Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бастау алғанынан құлағдар болғанымда есіме бірден ардагер ұстаз, Сырым ауданының құрметті азаматы Ким Николайұлы Федяниннің оралғаны бар.

Кезінде ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінің директоры болған, небір талантты шәкірттерді тәрбиелеген К.Федянинді еліміздегі 100 жаңа есімге әбден лайықты тұлға деуге болады.

Ұстаздар әулетінің жалғастырушысы ретінде саналатын Ким Николайұлы ұлт бірлігін сақтау, достық, елдегі тыныштық тұрғысында өзіндік білімділігін, көрегенділігін танытып жүрген жан.

Ким Федяниннің әкесі Николай Иванұлы революция дәуіріне дейін гимназияда білім алған, одан соңғы жылдары білімін жетілдіріп қаржы, партия саласы, кеңшар директоры, ұстаздық салада жемісті қызметтер атқарған елге танымал жан.

Николай Иванұлы өте мәдениетті, көпшіл, қазақ, татар, неміс, француз, латын тілдерінде мүдірместен сөйлей білетін.

Ол скрипка аспабында шебер ойнап, халық әуендері «Зауреш», «Айнамкөл» «Япурай» әндерін тамылжыта айтатынын әлі күнге жұртшылық айтып жүр.

Ким Николайұлының атасы Иван Сергейұлы Алашорда қозғалысының жетекшілері Жаһанша, Халел Досмұхамедовтермен өте тығыз, достық байланыста болса, анасы қазақ қызы Карима Даулетбайқызы (руы Қара бура) партия мектебін бітірген, өте талантты жан болатын.

Ким Николайұлы отбасында ағалары Борис, Владимир, апасы Надежда өте тату болып тәрбиеленді.

Білімді, зерек, өте өнегелі отбасынан шыққан Ким Николайұлы білім ордасында да өнегелі, тәрбиелі шәкірттерді қанаттандырды.

Мысалы, білікті ұстаздан дәріс алған Қ.Молдашев, Б.Өтеулин, А.Граф, Ю.Соколов, А.Беляев, Н.Жакиев, Б.Жаңгірова бүгінде кандидат, доктор, елгі белгілі жандар қатарында.

2012 жылы Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы драмалық театрындағы Білім күніне арналған салтанатты жиналыста педагогикалық өтілі ұзақ жылдарды қамтыған Федяниндер отбасына арнайы аталым бойынша «Педагогикалық әулет» атты құрметті атағы берілді.

2007 жылы Астанаға ауданның құрметті азаматтары құрамында сапарға барған К.Федянинді Парламент Мәжілісінің депутаты А.Жамалов қабылдап, иығына шапан жауып құрмет көрсетті.

Сондай-ақ сол жылы К.Федяниннің есімі «Қазақстанның құрметті азаматтары» атты кітапқа енгізілді.

Мысалы, әңгімеміздің басты кейіпкері Ким Николайұлы өткен жылы жайық өңірі үшін барлық ұлт өкілдерінің басын қосатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сарайы «Достық үйі» ашылғандығына бек қуанышты екендігін білдірген еді.

—      Елбасымыздың саналы саясатының арқасында мемлекетімізде адамды дініне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлушілік атымен жоқ.

Керісінше халықтар арасында ұлтаралық, дінаралық түсіністік пен ынтымақ салтанат құрған халқымыз бейбіт өмірде өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеуде.

Сондықтан да осынау пайдалануға берілген «Достық үйі» ғимараты Елбасының бүкіл өңір орталықтарында «Достық үйін» салу жөніндегі тапсырмасының ойдағыдай орындалғандығын дәлелдейді — дейді К.Н.Федянин ризалық сезімде

Жақында ғана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне барып, Астананың көрікті жерлерінен мол әсермен оралған К.Федянин зайыбы, 32 жылдық ұстаздық өтілі бар зейнеткер ұстаз Сафура Құсайынқызымен бақытты ғұмыр кешіп, ауласындағы бақшалық өнімдерін баптап жүретін кәнігі бағбан иесі де.

Демек, отбасымен ұстаздар әулеті саналатын, елдің өркендеуіне, мәдениетінің дамуына сүбелі үлесін қоса білген тұлға, ардагер ұстаз Ким Николайұлын «100 жаңа есім» жинағына енуіне әбден лайықты дер едік.

М.ӘЛібекұлы,

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар