3.08.2017, 10:40
Қараулар: 216
32 жыл бойы қан тапсырған

32 жыл бойы қан тапсырған

03.03.08.17ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел үшін белгілеген бір игілігі — «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру. Бұл жобаны азаматтық қоғамның өкілі ретінде толық қолдаймыз, тіпті ұсынатын есіміміз де бар. Ол есім ауданға жақсы таныс. Ол есім – Күләш Айташева.

Сырым ауданының халқы ауданның орталық ауруханасының бас медбикесі Күләш Айташеваны жақсы таниды. Бұл кісі өзін елге денсаулық сақтау саласының адал еңбеккері ретінде танытты. Күлаш Ғазезқызы – қоғамдық жұмысқа да алғыр. Өзі – «Нұр Отан» БПҰ төрайымы әрі мерзімді басылымдарға жазылуда үздік көрсеткіштер көрсетіп жүрген ұжымындағы мықты ұйымдастырушы да. Біз бұл кісіні осы жолы мүлде бөлек тұстан әңгіме қылмақпыз. Біз білетін Күләш Айташева — 32 жыл бойы тұрақты қан тапсырған ерікті донор.

Иә, кейіпкеріміз ерікті түрде 32 жыл бойы тұрақты түрде қан тапсырған. Осы 32 жылдың ішінде қанша адамның аман қалған тағдыры жатыр? 2002 жылдың 19 тамызы. Сырым ауданының орталық ауруханасының перзентхана бөліміндегі босану залы. — Аралтөбе ауылының тұрғыны Светлана Мұхамедиевада босанғаннан кейінгі қан кету болып жатыр! — деп бәйек қақты дәрігерлер. Уақыт жоғалтуға болмайды. Жатырдан қан кету талай ананы өмірмен қоштастырған. Шұғыл, донор табу керек. Табылды. Аурухананың қызметкері Күләш Айташева қанын берді. Ертесіне Светлананың жағдайы бірқалыптана бастады. Иә, бір ананың өмірін бірнеше грамм қан жалғап жіберді. Сол кезде дүниеге келген Салтанат бүгінде Аралтөбе орта мектебінің үздік оқушысы болып жүр. «Күләштің қызы» дейді оны үйіндегілері. Бұл донордың өміріндегі мақтанышпен еске оралатын көп оқиғаның бірі ғана. Осындайлардың әлі қаншасы бар?

Күләш Айташева облыстық қан орталығына 1982 жылдан бері тұрақты қан тапсырып келіпті. Қан қабылдау соңғы жылдары сиреген. Әйтпесе, бұл кісі донор болуға әлі дайын.

– Денсаулық сақтау саласының маманы ретінде донорлардың қандай құрметті адамдар екенін жақсы білемін. Бірақ, мен құрмет үшін емес, біреуге жақсылық жасасам деген ниетпен ғана донор болдым! – дейді кейіпкеріміз.

Осындай адамдардың аты «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» арасында тұрса қандай жақсы?

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы