17.08.2017, 11:43
Қараулар: 120
Имандылық

Имандылық

«Қазіргі кезде ел болашағы – жастардың қолында, Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ» — дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Қай халықтың да болмасын, мемлекеттік даму стратегиясында жастарға, жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпарат пен техникалық жаңалықтар кең құлаш жайған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс. Алайда, жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек білімде деп айтсақ жеткіліксіз.

дам баласының тура жолдан адаспай, толық, кемел, ақыл-есі түзу азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде космополиттік идея кеуделерін улап, туған ұлтына жандары ашымайтын «мәңгүрт» типіндегі жастардың көбейіп келе жатуы алаңдатарлық жайт. Біз өркендеп өскен өскелең ұрпақты жаһанданудың жойқын соққысына, тілсіздік дертіне ұрындырып алмай, өз ұлтының мәдениет мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз керек. Ол үшін рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына ендірген абзал.

Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал – мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Қазіргідей «дүния үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» жандар кездесіп отырған кезде мұндай сөздің маңызы да жоғары. Жиған–терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген аталарымыздың имандылық төңірегіндегі түсінігіне біраз толғаныс жасауды жөн деп санадық.

Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата – бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет–болмысының, мінез–құлқының айнасы.

Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иман жүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады.

Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден — дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде–ақ ұлан–ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір–тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат діні – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзенттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі – салт–дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет–ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым–зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұлан–ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды.

Әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ әдет-ғұрпымыз бен мінез-құлқымыз, халықтық болмысымыз, өмір салтымыз, тәрбиеміз, менталитетіміз де, Қазан төңкерісі әкелген жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Ислам біз үшін тек дін ғана емес, рухани мұрамыздың қайнар көзі, тіпті елдігіміз, бүгінгі тәуелсіздігіміз. Сол себепті рухани мұрамызды да осы тұрғыдан зерделеу қажет деп есептейміз. Олай болса Исламның інжу-маржан асыл құндылықтарын ардақтау, оны игеру, қорғау, ілгері дамыту, халықтың дүниетанымы мен салт-дәстүріне қаншалықты сіңісті болғанын зерделеу – бүгінгі біздің міндетіміз.

С.Бақтығалиев,

Сарой ауылдық округі