17.08.2017, 11:45
Қараулар: 154
Кеңес керуені жолға шықты

Кеңес керуені жолға шықты

05.17.08.17Сырым ауданында аудан прокуратурасының бастамасымен кеңес керуені жолға шықты. Керуеннің негізгі міндеті – округтердегі жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғындармен бірге талқылау әрі ортақ шешім қабылдау. Кейінгі кездері ресми жиындардан гөрі, халыққа түсінікті әрі ашық форматтағы осындай шаралар тиімді болып отыр. Кеңес керуенінің алғашқы жиыны Бұлдырты ауылдық округінде өтті. Жиынға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданы прокурорының міндетін уақытша атқарушы Қанабіл Төремұратов және кейбір сала басшылары, жергілікті қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.

Негізгі хабарламада Сырым ауданы прокурорының міндетін уақытша атқарушы Қанабіл Төремұратов аудан прокуратурасының қылмыстың алдын алу мәселелеріндегі жұмыстарына тоқталды. Прокурордың айтуынша, Сырым ауданының прокуратурасы «Ұрлыққа – тосқауыл!», «Мал ұрлығының алдын – алудың жол картасы», азаматтардың заң алдындағы жеке жауапкершілігін қалыптастыруда «Өзіңнен баста!» атты акцияларды жүзеге асыру арқылы қоғамға ықпал ету шараларын мүмкіндігінше жиі атқаруда. Аса бір терең көңіл жасөспірімдерге жыныстық қол сұғушылардың жолын кесуге бөлінуде. Бұл акциялар нәтижесіз болмауы үшін халықтың тарапынан қолдау керек. Жиынның әрі қарайғы сөзі округте қалыптасып отырған қылмыстық ахуал жайлы өрбіді. Соңғы жылдары аудан орталығы Жымпиты мен Бұлдырты ауылдық округінде мал ұрлығы жиілеп кетті. Тіпті, Сырым ауданы бүгінгі күні мал ұрлығы бойынша облыстағы көрсеткіштердің көшін бастап тұр. Қағазға түскен 37 «тірі» факті бар. Түспегені, тіркелмегені қанша әлі. Тіркелген қылмыстардың ашылуы тағы мардымсыз. Істің жүруінің шамалы екенін өзінің сөзінде Сырым ауданының жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерлан Жоралиев те мойындады.

Мал ұрлығының төңірегінде негізгі 2 мәселе болып тұр. Оның біреуі – мал иелерінің өз иелігіндегі түліктерінің бағымына салғырт қарауы. Сол салғырттық қарақшылардың қайғысыз қимылдауына жақсы жағдай туғызып отыр. Екіншісі, кешірім мәселесі. Қай қарақшы болмасын, я біртүрлі себептермен «көзге түспей қалады» немесе түске дейін тұтқындалғаны, түстен кейін кешірімге ұшырайды. Бұл мәселелердің расымен де қылмыскерлер үшін — мүмкіндік, тәртіп сақшылары үшін – кедергі болып отырғаны жасырын емес.

Халықтың түбіне кешірім беру жетуде. Түбіне жетпеді деп қалай айтасың, халықтың кешірімі қылмыскерлерді қылмысқа ынталандырып тұрса. Әрине қандай адамды кешіруге болады. Бірақ, өзінің су ішкен құдығына түкіріп, өзі туған елді тонаған адамды емес. «Істі сотқа апару керек!» деп отыр бұл жөнінде Сырым ауданы прокурорының міндетін уақытша атқарушы Қанабіл Төремұратов. Осындай ойды Бұлдырты ауылындағы мешіттің имамы Сәрсенбай Төлебаев та айтты.

Имамның тағы бір айтқаны — арақ саудасына тыйым салу. Бұл сауда көбіне заңсыз түрде “қызып” тұр. Тек Бұлдырты ғана емес, негізі алкогольді өнімдерді заңсыз сату көп округте бар. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысатын салық төлеушілерді мемлекеттік кірістер басқармасына кәсіпкер ретінде тіркеу мәселесін Сырым аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Ғұмаров көтерді. Басқарма басшысы жұмыс берушілердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу тәртібін ескеруін және басқа да салық заңдылықтары туралы айтты.

Кеңесте осы және өзге де мәселелер кеңінен айтылды.Жиынды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы