17.08.2017, 11:52
Қараулар: 104
10 үйдің іргетасы дайын

10 үйдің іргетасы дайын

06.17.08.17Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев келді. Өңір басшысының орынбасары Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев және облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұхановпен бірге аудан инфрақұрылымының артуы үшін жасалып жатқан кейбір жұмыстармен танысты.

Күні бүгін Шолақаңқаты ауылдық округі бойынша Тоғанас, Аңқаты және Қарағанды, ал Алғабас ауылдық округі бойынша Жаңаөңір және Сасықкөл елді – мекендеріне жоғары және орта қысымды газ құбырлары толық жеткізілді. Мердігер серіктестік «АлияСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетін межелі уақытта бітірді. Жалпы ұзындығы 103, 28 шақырымды құрайтын газ желісі арқылы 1428 адам көгілдір отын тұтыну игілігіне бөленеді. Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылында болған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев жеке тұрғын үйлерді көгілдір отын желісіне қосу қызметінің құнын халыққа қолжетімді етуді тапсырды. Мердігерлер бұл қызметті бүгінгі күні 320 000 теңгеге бағалап отыр. Жергілікті тұрғындар осыған дейін болған елді мекендердегі кездесулерде қызмет құнының қымбат екендігіне қатысты шағымдар айтқан. Басшылардың бүгінгі әңгімесіне қарағанда, бұл мәселе назарға алынып жатқан сыңайлы.

Аудандағы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың өтінішін шешу мақсатында аудан орталығының іргесінде қазір 14 бірдей бірпәтерлі жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы басталды. «Сәттісәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойынына алған бұл жұмыстардың алғашқы айшықтары анық байқалады. Қазір құрылысшылар 10 үй үшін іргетасты дайындап қойыпты. Құрылыс алаңына құрылыс материалдарының алдыңғы легі жеткізіле бастады. Жобаның жалпы құны 136, 5 млн теңгені құрайды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев әріптестерімен бірге бұл жұмыстардың да басында болды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар