7.09.2017, 15:37
Қараулар: 401
Жастарға батылдық жарасады

Жастарға батылдық жарасады

«Нұр Отанның» залында аудандық қорғаныс істері бөлімнің басшысы Абат Дүйсембиев пен аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Гумаров баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатына аудандық мәслихат хатшысы, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Шынар Дүйсенғалиева мен «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Алдымен Абат Мағажанұлы жыл басынан бергі бөлімде атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасады.

Хабарлама бойынша төмендегідей сауалдарға тиісінше жауаптар қайтарылды.

С.Аманов: Алматы қаласында жоғары оқу орнында оқитын балама әскерге шақырту қағазы келді. Балам оқуын тастап, әскерге кете ме?

А.Дүйсембиев: Егер балаңыз жоғары оқу орнында оқитын болса, оқып жатқаны жөнінде анықтама тапсырса болды. Оқуын бітіргенше, әскерге шақыртылмайды.

Т.Дарғожиев: Жастардың әскерге баруы басқа аудандармен салыстырғанда қандай деңгейде?

А.Дүйсембиев: Сырым ауданы соңғы үш жыл әскерге бару жоспарын толық орындап келеді. Әскерге бару жүз пайыздан астам көрсеткішті құрайды.

Ш.Дүйсенғалиева: Көктемгі әскери шақырылуда жарамсыз болған жастардың денсаулығын жақсарту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

А.Дүйсембиев: Оған байланысты ешқандай шаралар жүргізіліп жатқан жоқ.

Т.Дарғожиев: Астана, Атырау, Ақтау қалаларында жұмыстамыз деп, шақыртуға келмей жүрген жастармен қандай шаралар жүргізіледі?

А.Дүйсембиев: Біздің қызметкерлеріміз арнайы округтерге шығып, әскерден қашып жүргендерді іздестіріп жатырмыз. Арнайы түгендеу жұмыстарын жүргізіп, оларды қатаң қадағалауға аламыз.

Т.Дарғожиев: Әскерден қашып жүргендерге жаза бар ма?

А.Дүйсембиев: Әскерге барудан бас тартқан азаматтар үшін 387 бап әскери қызметтен жалтару жазасы бар.

Бұл заң бойынша   бірінші, әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару –   бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.     Яғни, өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы;       аурумын деп жалған сылтаурату жолымен;     жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет –     үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.     Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Мұратұлы биылғы атқарған жұмыстарымен таныстырғаннан кейін, баспасөз мәслихатына қатысушылар тарапынан сұрақтар болып, жауаптар қайтарылды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар