14.09.2017, 16:31
Қараулар: 246
Алаш ауруханасы туралы

Алаш ауруханасы туралы

03.14.09.17Биылғы жылы еңбек және тыл ардагері, сырымдық ақсақал Жақып Тобышбаев о дүниелік болды.

Марқұм өмірінің басым бөлігін дәрігерлік салаға арнаса да баспасөзден шетқара қалмай қолына қалам ұстап, редакциямен де байланысып тұрушы еді.

Мына берілгелі отырған материал еңбек ардагерінің редакцияға наурыз айында жолдаған мақаласы еді.

Кезінде бұл мақаланы газет бетінде жариялауға редакцияның мүмкіндігі көтермеді. Әйтседе, марқұм Жақып ақсақалдың отбасынан, ұрпақтарынан кешірім өтіне кеш болса да материалды оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдік.

Газеттің 2017 жылғы 14 наурыз айындағы санында «Алаш ауруханасына қолдау керек» деген Айнагүл Қаражан қызымыздың мақаласына байланысты өз ойымды білдіргім келеді.

Әңгіменің басын мақалада көрсеткендей, Жымпиты оба ауруына қарсы күресетін бөлімшенің ауласында «қамауда» тұрған қызыл ғимараттан бастайын.

Біріншіден, «қоршауда» тұрған объектілер жалғыз ол емес, бөлімшенің барлық территориясы қоршалған, бәрі күзетіледі. Себебі, обаға қарсы күресетін мекемелердің бәрі (ғылыми-зерттеу институты, обаға қарсы күресетін станция, оның бөлімшелері, эпидотряд) арнайы тәртіппен, кейбір жағдайда құпия түрде жұмыс жасайтын (режимное учреждение) мекемелер.

Аулада тұрған ғимарат ол – бөлімшенің лабораториясы. Ал лабораторияда (зертханада) жасайтын кісілерден басқа, өз қызметкерлеріне де кіруге болмайды. Лабораторияда жасайтын өз кісілері, демек, дәрігерлер, лаборанттар қандай түрде жұмыс жасайтынын айтпай-ақ қояйын. Бұл жағдайлар сіздің көзіңізге оғаш көрінуінің себебі осылай.

1968 жылы мен Жымпиты бөлімшесіне жұмысқа келгенімде, лабораторияның маңдайында 1886 жыл деген қаңылтыр қалақша болды. Соған қарағанда бұл бір тұтас (комплексное здание) аурухана болған. 1968 жылдары фотосуретте көрсетілгендей ескі аурухана жұмыс жасап тұрды. Қазір оның орнында аудандық орталық аурухана саланып, жұмыс жасайды.

Өткен ғасырда қазақ жерінде Жаңақала, Орда, Тайпақ, соның ішінде Жымпиты территориясында адамдар арасында оба ауруы кездесіп, жайыла бастаған. Сондықтан, бұрынғы 1886 жылғы аурухананың жанынан оба ауруына қарсы күресетін лаборатория ұйымдастырылып, оған Саратовтың «Микроб» институтының филиалы ретінде дәрігерлері келіп, жұмыс жасаған. Кейіннен Орал оба ауруына қарсы күресетін мекеменің Жымпиты бөлімшесі болған. (Саратов, Вестник, 1924-1926 жж).

Оба ауруына қарсы күресу саласында жұмыс жасағандардың ішінде, тікелей қатынасқан станция қызметкерлері М.М.Демяшев, Лжицин, дәрігерлер В.П.Чудесова, Быков, станция бастығы М.М.Кучерев болды.

Мен медицинаның осы саласында, яғни, оба ауруына қарсы күресетін мекемеде 1958 жылы Алматы медицина институтын бітіргеннен бастап зейнеткерлікке шыққанша жұмыс жасадым. Соның ішінде 1968-1998 жылдарға дейін Жымпиты бөлімшесінің бастығы болдым. Қазіргі тұрған ғимарат лаборатория болатын. Ескі болса да бөлмелері (бокс) кең, жеткілікті, жарық, жұмыс тәртібіне сәйкес.

Келесі жылы лаборатория толық күрделі жөндеуден өтті. Жарлары сырланып, едендері жаңартылды. Арнайы лаборатория қызметкерлеріне іштен жуынатын душ орнатылды. Заманға сай керекті аппаратуралармен жабдықталды.

Уақытында біздің бөлімше жөнінде аудандық газетте Мүсірбек Айташевтың мақаласы жарияланған-ды. Кеңес Одағы кезінде оба ауруына қарсы күресетін станция оның бөлімшелері одақтық бюджеттен қаржыланып тұрды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, біздің мекемелер (оба ауруына қарсы күресетін) республика бюджетіне аударылды.

Енді бөлімшенің ауласындағы ескі лабораторияға оралайын. Алғашқы уақытта ол аурухананың жанынан бөлінген аса қауіпті ауруларды зерттейтін лаборатория болған. Айтушылардың сөздеріне қарағанда бүкіл аурухананың кірпіштері жергілікті жерде (Қарасуда) соғылған.

Сөзімді қысқарта келіп, мақала авторына айтарым, бөлімше ауласындағы қоршауда тұрған ғимарат аурухана емес, ол 1886 жылы салынған аурухананың бір бөлімі – аса қауіпті ауруларды қарайтын лабораториясы болған.

Егер біздер алаш дәрігерлерінің көзі ретінде «лазарет музей» ашатын болсақ, неге қазіргі аудандық орталық аурухананың ішінен бір бөлмені ашып, дәрігерлердің (сол кездегі) құрал-аспаптарын жинастырып, ұйымдастырмасқа? Ал бөлімше ішіндегі лабораторияны музей қылсақ деген ойым бар еді.

Жақып Тобышбаев,

еңбек, тыл ардагері,

Денсаулық сақтау саласының, «Құрмет» орденінің иегері,

дәрігер-бактериолог