21.09.2017, 16:26
Қараулар: 269
Жағдай үнемі бақылауда

Жағдай үнемі бақылауда

ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі Сырым аудандық филиалының мақсаты — өсімдіктердің зиянды, ерекше қауіпті зиянды организмдердің дамуы мен таралуына мониторингтік зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру және карантиндік объектілердің таралу ошақтарын анықтап,таралу шекараларын аудан бойынша айқындау болып табылады.

2017 жылы аудан бойынша аса қауіпті зиянды организмдердің қоныстануына барлығы — 315,1 мың. гектар ауыл шаруашылық жерлерінде мониторингтік зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеулер нәтижесінде қоныстанған аумағы 54,7 мың.га құрады. Ағымдағы жылы көктемгі-жазғы кезеңдердегі мониторингтік зерттеу жұмыстары нәтижесінде өңдеуге жатқызылған жерлер анықталмады.

Жазғы кезеңдердегі мониторингтік зерттеу жұмыстары нәтижесінде келесі 2018 жылы италиялық прус шегірткесіне қарсы өңдеуге жатқызылған жоспарлы жер көлемі 10,0 мың.га Бұлдырты, Сарой, Жетікөл ауылдық округтерінде және саяқ шегірткелерге қарсы өңдеуге жатқызылған жоспарлы жер көлемі Аралтөбе, Шолақаңқаты ауылдық округтерінде – 5,0 мың.га құрады.

Шегірткемен күресте негізгі мақсат — зиянды жәндікті түбегейлі жойып жіберу емес, оларды белгілі бір деңгейге азайту болып табылады. Ұшып — қонып жүрген зиянкестердің орнын анықтау оңай шаруа емес болып табылады. Шоғыр түзетін қанатсыз дернәсілдер жаяу шегіртке деп аталады. Жаяу шегірткелерден құралған жаушоғыл жолында кездескен өсімдік атаулыны жайпайды. Сөйтіп бір жерден екінші жерге көшеді. Мал жейтін шөптердің шегіртке қас жауы. Үйірлі шегірткелер көбейген жылдары шегіртке жаңбырша жауып шөптесін өсімдіктерді жеп, ластап көп зиян келтіреді.

Италиялық прус шегірткесі дернәсілдері және ересек шегірткелері әр түрлі өсімдіктерді зақымдайды: дәнді және майлы дақылдарды, көкөністерді, жайылымдар мен шабындықтарды. Олар құрғақшылық кезінде, табиғи өсімдіктер күйіп кеткенде өте қауіпті болады. Тым көп көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға қатты зиян келтіреді, олардың жер бетіндегі биомасса бөліктерін құртып жібереді. Шегірткелердің көп жылдық даму динамикасында жаппай көбеюлері мен депрессиялық фазалар кезектесіп отырады.

Күресу шаралары. Зиянды шегірткелердің дернәсілдеріне қарсы күресу шараларды олардың сандарына бақылау жасаудың нәтижесіне қарап жүргізеді. Алдын алу шараларының маңыздысы ерте көктемде шегірткелер табылған егістік танаптарды біз тұмсықты, немесе дискілі тырмалармен, ал көпжылдық шөптерді тісті, немесе біз тұмсықты тырмалармен өңдеу. Сонымен бірге танап аралықтарын, танаппен шектесетін тың және егін егілмейтін жерлерді де өңдеу қажет. Егін алқаптары маңында жою шаралары инсектицидтермен (адонис, димилин, номолт, геркулес, кинмикс, суми-альфа, децис және т.б.) саяқ шегірткелердің дернәсілдер саны 8-10 дана/м2, ал үйірлі шегірткелердің дернәсілдер саны 5 және одан да көп дана/м2 болғанда жүргізіледі. Дернәсілдерді есепке алу жұмыстарын таңертеңгілікте немесе кешкілікте маршрутпен жүріп 100м сайын әрқайсысы 1 м2 алаңқайда көзбен шолып жүргізеді немесе рамканың көмегімен әрбір секірген шегірткені есептеп, кейін 1м2 қанша болатындықтарын анықтайды.

Табиғаттың тепе — теңдігі сақталуы үшін шегіртке зиянкестерінің бірден көзін құртуға болмайтыны анық. Сондықтан зиянкестердің шамадан тыс көбеюіне жол бермеу үшін оларды жылма жыл уақытылы анықтап, өңдеу жұмыстарын тез арада жасау үшін аудандық филиал мамандары жергілікті жерлерде шаруа қожалықтары, ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Өйткені ауданға тиесілі ауыл шаруашылық жерлері ауқымды болып табылады, далалықта жұмыс жасайтын шаруалар шегіртке шоғырларын байқаған жағдайда, аудандық филиалға хабарлайды. Осылайша аудандағы фитосанитарлық жағдай жіте қадағаланып, жұмыс жұмыла жүргізілуде.

Қ.Ахмет,

ҚР АШМ АӨК МИК «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырым аудандық филиалының энтомологы