28.09.2017, 15:21
Қараулар: 45
Батырға арналған шаралар

Батырға арналған шаралар

03.28.09.17Аудандық кітапхана кітапханашылары көпшілік назарына айбынды батыр, айтулы шешен, дала кемеңгері Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған кең көлемді, 4 бөлімнен тұратын «Ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен» атты кітап көрмесін ұсынды.

Кітап көрмесінің «Ерен ер – Сырым» атты 1-бөлімінде Сырым Датұлының өмірі мен туған жері туралы мағлұмат беріліп, анықтамалық әдебиеттер мен мерзімді басылымдар таныстырылды. «Дана ұлы даланың» атты 2-бөлімінде Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс тарихы, маңызы мен басты оқиғалары туралы баяндалып, сол туралы жазылған тарихи зерттеулер, көркем туындылар таныстырылды. «Сырымның сырлы сөздері» атты 3-бөлімінде Сырымның шешендік өнері, шешендік сөздерінің тәрбиелік мән-маңызы жайлы баяндалып, әдебиеттер таныстырылды. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» атты соңғы бөлімінде батыр бабамыздың құрметіне арналған мәдени, тарихи іс-шаралар туралы деректер таныстырылды. Кітапхананың жас оқырмандары Сырымның шешендік сөздерін, жерлес ақын Қ.Мырза Әлидің «Сырым Датұлы», К.Хабиқызының «Сырым ата, ұйқыңнан оян бүгін!», Б.Тілегеновтің «Сырым», «Сырымның бір жиында айтқан сөзі» өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Батыр, шешен, дала реформаторы Сырым Датұлының 275 жылдығы аясында Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қос бірдей модельді кітапхана іске қосылды. Салтанатты шара түске дейін Өлеңті ауылында басталып, түстен кейін Сарой ауылдық округінің орталығы Шағырлыой ауылында жалғасын тапты. Осы шарада Өлеңті және Шағырлыой ауылдық кітапханаларына «Модельді кітапхана» мәртебесі беріліп, облыстық кітапхана директоры Ш.Оразаева кітапханашыларға сертификаттарын тапсырды. Салтанатты шара Сырым Датұлына арналған «Азаттық туын алғаш көтерген айбынды батыр» тақырыптық кешіне ұласты.

Сырым аудандық орталық кітапханасының кітапхана ісін дамыту бөлімі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар