28.09.2017, 15:52
Қараулар: 35
Дала төсіндегі батыр тойы

Дала төсіндегі батыр тойы

01.28.09.17Өткен сенбі күні Сырым ауданында шешен, батыр Сырым Датұлының 275 жылдығы кең көлемде аталып өтілді.

Сырым Датұлы – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Сырым Датұлының қозғалысы Кіші жүздің аумағында болғаныменен, кең даланың көсемі көтерген ту түгел қазақтың төбесінен желбіреді. Өйткені, Сырым аңсаған теңдік, Сырым аңсаған азаттық Алаш баласына ортақ игілік еді. Аты Бұлдырты мен Жайықтың ортасында айналып қалып қоймай, Сырым Датұлының байтақ елдің батыры болып кеткені де сондықтан. Сондықтан ғой Сырымның тойының елдің тойына айналғаны.

Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің тұсында Сырым шыққан төбе деген тарихи орын бар. Бұл орында ұлт – азаттық көтерілістің көсемі Сырым батыр әскери маневрларын жүзеге асырған. Қазір бұл жерде батырдың кесенесі бар. Сырым еліне келген әрбір мейманның құрметті қарсылауға ие болатын жері де — осы кесененің басы. Басқа күні болса бірсәрі, Сырымның тойына келген меймандар кесенені аттап қайда кетсін? Кеше де солай болды. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тар кезең» тарихи романының авторы Қажығали Мұқамбетқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, жазушы, журналист Әнес Сарай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры Асхат Маемиров сияқты зиялы қауым өкілдері бастаған шараның шақырулы қонақтары Сырым Датұлының кесенесіне тоқтады. Тағзым етті, елдің дәмінен ауыз тиді. Кейін аудан орталығы Жымпитыға қарай жүрді. Меймандар Жымпитыда С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі мен Алаш мұражайы, Алаш саябағы, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткіші сияқты тарихи – мәдени орындармен танысты.

Батырдың тойы аудан орталығының іргесіндегі «Тойтөбеде» өтті. «Тойтөбе» деген бұл жердің аты ғана. Алыстан қарасаң ағараңдап, ауыл болып көрінеді. Ауыл десе дегендей, төбенің басына басы бүтін 50 киіз үй тігілді. Қазақы үйлердің салтанатын Сырым ауданының 12 қанатты ордасы бастады. Облыс аудандары бас киіз үйді жағалап қонды. Түс кезінде әрбір үйде Сырым батырдың рухына арналып ас берілді. Түс кезіндегі ас – ол, түс кезіндегі ас, негізі қызықтың бәрі түске дейін болды.

Сырым жайлы айтылған аңыз да, жазылған жыр да бар, одан басқасы да жетеді. Дегенмен, сары даланың сардары Сырым Датұлының қайраткерлік бейнесінің бояуын қанық берген бірден бір әдеби шығарма деп жазушы Қажығали Мұқамбетқалиевтің «Тар кезең» романын айта аламыз. Дала төсіндегі тойдың мәдени тұсауы осы романның желісіндегі «Даланың дана қолбасшысы» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тар кезең» тарихи романының авторы Қажығали Мұқамбетқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, жазушы, журналист Әнес Сарай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бас директоры Асхат Маемиров құттықтау сөз сөйледі.

— Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру!» атты мақаласында мемлекет тарихын таразылау арқылы болашағына бағдар жасай алады деп атап өтті. Ұлы тұлғаларсыз тарих жоқ. Сырым Датұлы – тарихты өзгерткен ұлы тұлға. Ол азаттық үшін, тәуелсіздік үшін басын бәйгеге тікті. Тәуелсіздік үшін төгілген тамшыдай тердің өзі зая кеткен жоқ. Ерлер аңсаған егемендікті біздер көрдік. Біз – бақытты ұрпақпыз! – деді облыс әкімі өзінің сөзінде.

Әсерлі сөз жазушы Қажығалидің сөзі болды.

— Сырым туралы бізден гөрі, ел ішіндегі сіздер жақсы білесіздер. Менің романым елдің ауызынан сусындады. Сырым батыр туралы роман жазу мені үлкен құрметке алып келді. Құрметім сол, мен осы топырақтың, осы Сырым елінің баласы, батырдың ұрпақтарының бауыры сияқты болып кеттім деп айта аламын.

«Тар кезең» романы – менің өмірлік шаруам!

«Ер Сырымның ел үшін атқа қонған, күрескерлік жолы басталған жер осы топырақ болса, осы жерде Алаш бастаушыларының ізі әлі суымай жатса, оның ақырында қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің туған жері болса, бұл Жымпиты неге қасиетсіз жер болуы керек?

Біз азат ел болдық. Бүгінгі ұрпақтың алдында тарихын тану, тұлғаларының қадіріне жету деген ұлы міндет тұр. Ұрпақтың еншісіне тиген тағы бір міндет – той тойлау!» Бұл жазушы, драматург Әнес Сарайдың айтқаны. Сырымның даласында тебіреніп тұрып сөйлеген абыз ақсақалдардың ауызынан шыққан осы сөздер алдағы уақытта «Қажығали айтты..», «Әнес Сарай деген еді…» дейтін өміршең сөздер деп ойлаймын.

Әрі қарайғы мәдени шара облыс көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Қарайған халықтың бір қызығы – бәйге. Сырым Датұлының 275 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған жүйріктердің бәйгесі елге күткен қызығын берген секілді. Айналымдық жолдың алқашқы шаңын тайлар алды. Отызға тарта тайдың апыр – топыр жүгірісі, бір — екі айналымнан кейін шаңдатқан шабысқа айналды. 6 шақырымдық «аламанның» басында тасқалалық атбегі Бауыржан Мәмбетовтың «Ақтөбе» аты бар торы тайы келді. Жымпитылық Бақытжан Хамидуллиннің «Үміті» де иесінің үмітін ақтап, мәре сызығын екінші болып кесті. Үштікті бөкейордалық Асқар Мұқанның тайы жапты.

Кішкене уақыттан кейін кіші аламан басталды. Қазақы аттардың аламанына тігілген бәйгенің құны — 1 миллион теңге. Бірақ, ақшаны кім алады деген емес, қай жүйрік қалай шабады деген бір адам. Атбегілердің де, айқайшы халықтың да көзімен көргісі келген қызығы — осы. Кіші аламанның өзі «Байшұбардың шабысы – ай?» дегізген аламан болды бір. «Байшұбар» – көздіғаралық Серік Мүтиевтің жүйрігі. «Байшұбар» былтыр 18 бәйгеден жүлде байлаған, биыл 5 бәйгеден жүлде жұлған жұлдызды жүйрік. «Байшұбар» бұқара жұртты кеше де сүйсіндірді. Ел сүйсінбей қайтсін, «Байшұбар» қалған аттардан жарты айналымның шамасында қара үзіп, 8 айналым бойына дара шапса? Аламанның өзі 9 айналымнан тұрады. Бәйгенің тағдырын сол тоғызыншы айналым шешіп кетті. Соңғы айналымда Аслан деген шабандоз мінген Ақтөбенің «Мәтенторысы» сілтеді – ай келіп. Сілтегені соншалық, «Байшұбарға» қарайлас шабуға кірісті. Сөйтіп, мәрені бірінші «Мәтенторы» кесті. Иесі – Есет Мырзағалиев. Алдыңғы жүйрік мәрені кестім дегенінше. Серіктің сәйгүлігінің де тұяғы сызыққа ілігіп жатты. Бөрлілік Нұрболат Жиреншиевтің аты үшінші келді.

Қандылардың аламаны да айыз қандыратындай дәрежеде болды. Үлкен аламанның бас бәйгесіне тігілген 2 миллион теңге Маңғыстаудың атында кетті. Әбдіғали Таңатаровтың «Алау» ныспылы жүйрігі жүлдесін адал алды. Кейінгі орындарды тасқалалық Бауыржан Мәмбетовтың торы «Аманаты» мен ақтөбелік Жұмаш Ізбасаровтың «Назерке» атты жирені бөлісті.

Ат шауып, аламан болып жатқанда апайтөс алыптар да өз арасындағы мықтыны анықтамаққа белдесуге түсіп жатқан – ды. Он алты палуанның ішінен бөрлілік, түбі сырымдық Темірлан Көлбай «Түйе палуан» атанды. Қазталовтық Ерназар Хамзин мен сырымдық Еділ Үсенов қалған орындарды бөлісті. «Түйе палуанға» 300 мың теңге сыйақы берілді.

Осы сияқты «Қайсар» спорт клубы ұлттық спорт түрлерінен бірқатар сайыстар ұйымдастырды. Жеңімпаздар салтанатты сахнаның басында марапатталды. Ат бәйгесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов және Батыс Қазақстан облыстық бәйге федерациясының Президенті Мүтәлі Төреғали марапаттады. Федерация атынан атбегі Әлібек Бұйринге ат баптаудағы ынтасы үшін қазақы нақыштағы ер – тоқым берілді. Аты бәйгеден келген шабандоздарға бұлдыртылық Бауыржан Бегайдаровтың атынан арнайы жазулы жейделер тарту етілді.

Сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем, батыр Сырым Датұлының 275 жылдық тойы кешкілік ауданның орталығында өткен керемет концертке тағы жалғасты. Концертте елге белгілі «МЕЛОМЕН» тобы өнер көрсетті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар