5.10.2017, 9:57
Қараулар: 82
 » 
Діни тұрақтылық – қауіпсіздік кепілі

Діни тұрақтылық – қауіпсіздік кепілі

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың тапсырмасымен өңірде жүзеге асырылып жатқан «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» атты жоба аясында діни тұрақтылық пен экстремизм, терроризмнің алдын алу жөніндегі ақпараттық-насихаттық топпен БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Азамат Абдрахманов, БҚО Прокуратурасының бөлім басшысы Алмас Онаев, облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Азат Қаратаев ауданымызда болды.

Ақпараттық топ мүшелері аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активімен жүздесті. Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Азамат Абдрахманов топтың ауданға сапарының мақсатын түсіндіріп, облыс көлемінде орталықтың атқарып жатқан жұмысымен таныстырды. Жастарды ұлтжандылыққа көбірек тәрбиелеудің маңызы зор екенін айтып, діни сауатты арттыру жұмыстары әлі де жалғасын таба беретінін тілге тиек етті.

БҚО Прокуратурасының бөлім басшысы Алмас Онаев былтырғы жылғы Алматы, Ақтөбе қалаларындағы террорлық актіден кейін терроримзге қарсы күрес пен оның алдын алу шаралары күшейтілгенін айтты. Әлеуметтік желілерде жалған мәлімет таратқандарға қолданылатын жаза, жарылғыш заттар табылған жағдайда, террористік акт орын алған кезде қалай әрекет ету қажеттігін түсіндірді.

БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Азат Қаратаев Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Бұл бағдарлама екі бағытта жүзеге асуда: біріншісі, халық арасында экстремизм мен терроризм жайында түсінік жұмыстарын жүргізу, мәселені болдырмау, алдын алу жұмыстарын жүргізу болса, екініші бағыты – оңалту жұмыстары, теріс бағытқа түскен адаммен жұмыс жүргізу. Екінші бағыттың өзі бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші теріс бағытқа кеткен адамды анықтау, екінші райынан қайтару, үшінші адаптация, яғни, отбасына, қоғамға бейімдеу. А.Қаратаевтың айтуынша, дәстүрлі емес дінді ұстанатын адамның сырт келбетін, киім киісінің өзгерте салуы оңай, оның ой-санасымен жұмыс жүргізу біраз еңбекті қажет етеді.

Сырым аудандық мешітінің наиб имамы Нұрсұлтан Беков ханафи мәзһабы, ақида, фиқһ туралы айтты.

Актив жиынын Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қорытындылап, аудан көлемінде атқарылып жатқан шаралармен таныстырды.

Ақпараттық-түсіндіру тобы жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте, аудандық ішкі істер бөлімінде, аудандық ауруханада кездесу өткізді. Сондай-ақ, Дін істері басқармасының қызметкерлері екпе мәселесі бойынша әйел жамағатпен жүздесті.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА