5.10.2017, 9:59
Қараулар: 140
Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

Ұлағатты ұстаздар ұлықталды

11.05.10.17Ұстаздар күніне орай «Аруай» мейрамханасында мұғалімдер балы өтті. Ұстаздарды ерекше әсерге бөлеген кешке аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері, қосымша білім беру орталығының педагогтары қатысты.

Аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, аудандық балалар мен жасөсіпірімдердер шығармашылық орталығының «Жас суретші» үйірмесінің жетекшісі Муса Сұлтанғалиев, М.Қаналиев атындағы орта мектеп кешенінің математика пәнінің мұғалімі Базарбай Қанатов, Абай орта мектеп балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Қайырбаева, Сырым орта мектеп-балабақша кешенінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ажархан Өтешова, В.Шубин атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Мұрадым Құзайыровқа алғыс хат табыс етті.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» он үш ұстазды марапаттады. Ал, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Тапаева «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасын» бірнеше мұғалімге табыстады.

Биыл алғаш рет республикалық «Үздік педагог» аталымын алған жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Тұржігітоваға ұстаздар қауымы қол соғып, қошемет көрсетті.

Ұлағатты ұстаздар ұлықталған кеште шәкіттермен қатар ұстаздардың өздері де өнер көрсетті. Аудандық саз мектебінің мұғалімі Әсел Бисенғалиева, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Айнұр Мұхамбетжанова, Үлгілі «Аружан» би тобының жетекшісі Айнагүл Сарғозиевалар «Листья желтые» атты ретро ән шырқап, көптің көңілінен шыға білді. Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының вокал үйірмесінің жетекшісі Қайрат Рахметов шәкіртімен бірге «Ұстазым» әнін орындады. Аудандық балалар саз мектебінің дәстүрлі ән сыныбының мұғалімі Дархан Қажығалиев пен В.И.Шубин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Қажығалиева айтысып, кештің шырайын аша түсті. Дархан, Әсел Бисенғалиевтердің әуелете салған «Уақыт» атты әндеріне ұстаздар вальс биледі.

Балда мұғалімдермен лотерея билеттері ойнатылып, сыйлық үлестірілді. Ардагер ұстаздар үшін твист билеуден жарыс ұйымдастырылды. Мұғалімдерге викториналық, проблемалық қызықты сауалдар қойылып, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиеваның жауабы ерекше әсерлі шықты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар