5.10.2017, 10:01
Қараулар: 99
«Өзімді жақсылық тасушы адам сияқты сезіндім…»

«Өзімді жақсылық тасушы адам сияқты сезіндім…»

08.05.10.17«Қазпошта» АҚ Сырым аудандық пошта байланыс торабында Алтын Ғұмарова есімді байланыс операторы жұмыс жасайды. Жымпиты аудандық пошта байланыс торабының бір кездегі пошташы қызы біреуге хат апарып, біреуге газет үлестіріп жүріп, 30 жылдың қалай өткенін білмей де қалған сияқты. Иә, ол өзінің 30 жылын өзінің сүйікті саласына арнады. Сонысының арқасында елге еңбек етті, өзі де елге сыйлы болды.

Алтын Ғұмарова өзінің еңбектегі алғашқы қадамдарын аңсармен еске алады:

—         Жымпиты аудандық пошта байланыс торабы мекемесіне 1986 жылдың 16 желтоқсанында жұмысқа келдім. Мені жұмысқа пошташы қылып қабылдады.

Пошташы болу дегеннің өзі бір бақыт!. Өзімді жақсылық тасушы адам сияқты сезіндім. Талай жанұяға өздері үшін қымбатты адамдарының сәлемін, талай анаға әскердегі ұлының сағыныштан конвертті жарып жіберейін деп тұрған хаттарын, әрбір оқырманға өзінің сүйікті басылымын алып бардым. Әсіресе, белгілі жазушы, жерлес журналист Бақтығұл Ойшыбаев поштаны ауланың сыртында жүріп күтетін. Ол кісіге де талай рет «буы бұрқыраған» газеттерді жеткіздім. Кезінде Бақтығұл ағай сияқты адамдармен жүздес, пікірлес болғаныма қазір қуанамын. Сол сияқты Чапай Ескендіров, Жансұлу Рамазанова секілді жақсы адамдармен әріптес болдым. Ол да – мақтаныш! Бастысы, елге қызмет етіп келемін. Менің жұмысымның әрбір күні елден алғыс алумен өтеді.

Жоғарыдай айтып кеткеніміздей, кейіпкеріміз бүгінгі күні байланыс операторы болып қызмет етеді. Бұрынғыдай үй – үйді араламайды демесең, Алтынның бүгінгі күнгі жұмысы тіпті жауапты. Көп адам терезенің арғы жағындағы қыруар шаруаның жүріп жататынын біле бермейді. Жедел жөнелтілім, қаржылық аударымдар, мерзімді баспасөз беттеріне жазылу, тағы не бар, әйтеуір бәрін байланыс операторы атқарады. Оның үстіне, «Қазпошта» АҚ Сырым аудандық пошта байланыс торабы екінші деңгейдегі банктің барлық мүмкіндігіне ие. Жұмыс режимі үзіліссіз режимге ауысқан. Осының барлығы тек мықты кадрлармен ғана жүзеге асады. Біздің Алтын апа – солардың бірі. Айта кетейік, аудандық пошта мекемесінде округтегі қызметкерлерін бірге есептегенде 33 адам еңбек етеді.

Мақаланы дайындау кезінде «Қазпошта» АҚ Сырым аудандық пошта байланыс торабының басшысы Айнагүл Жұмиева жұмысымызға жақсы қолдау көрсетті. Біз газет бетіндегі мүмкіндікті пайдаланып, Айнагүл ханым бастаған ауданның пошташыларын кәсіби мейрамдарымен құттықтаймыз! Газетімізге сенімді серіктес болып жүре бер, «Қазпошта!»

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар