5.10.2017, 10:24
Қараулар: 103
Әліпби жәйі талқыланды

Әліпби жәйі талқыланды

09.05.10.17Бүгінгі күні қазақстандық қоғам латын әрпіне көшу мәселесін талқылауды бастады. Осы бағыттағы жиын Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өтті. Жиынның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – латын әрпіне көшу жөнінде өткен парламенттік тыңдауды түсіндіру.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық еткен отырысқа БҚО тілдерді дамыту басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Гүлжайна Бисенғалиева, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педогогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев, М. Өтемісұлы атындағы БҚО университетінің оқытушысы, филолог, PJI доктор Айдарбек Ақболатов, М. Өтемісұлы атындағы БҚО университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Нұрсәуле Ахатова қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша осы кісілер пікір білдірді.

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы әңгімені Елбасы Н. Ә. Назарбаев 2006 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында көтерді. Мемлекет басшысыбиылғы жылғы «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар!» атты мақаласында ол мәселені нақты жұмыс қылып тапсырды. Қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі – біріншіден, заманның талабына берілген жауап. Екіншіден – мүмкіндік. Мүмкіндік болғанда да, жоспар құрып отырудың емес, жаһандану үдерісіне іс жүзінде ілесудің, өзгенің өркениетін сіңірудің емес, ұлттың төл өркениетін орнықтырудың мықты мүмкіндігі.

— Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне шығуға жол ашады. Жер шарындағы түбі бір түркі дүниесі, бауырлас халықтардың 57, 7 пайызы латын әліпбиін қолданады. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі бұл көрсеткішті 63, 7 пайызға жеткізеді. Бұл шама түркі елдерінің өзара рухани – мәдени, экономикалық қарым – қатынасын жаңа деңгейге көтеру үшін жеткілікті. – деді өзінің сөзінде БҚО тілдерді дамыту басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Гүлжайна Бисенғалиева. Басқарма өкілі қазіргі мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі ұлты қазақ азаматтардың тегінің жазылуы, қазақ әріптерімен рәсімделген төлқұжаттардың кеден бекеттерінен өткенде оқылмауы, отандық тауарлардың экспортталуы мен заттаңбаларды, жарнамаларды рәсімдеудегі күрмеуі шешілмей тұрған кейбір күрделі мәселелер латын әрпіне көшумен ғана оң шешімін табады деп отыр.

— Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылау үшін жиын өткізу, ол – жұртты алуан жұмыстан жырып алу немесе бос сөз емес. — дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педогогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев. Академик мырзаның айтуынша, латын әліпбиін қолданысқа енгізу – ана тілімізді жаңғыртудың, жаңғырту арқылы табиғи қалпын қайтарудың қадамы. Бұл әліпби қазақ тілі, қазақтың төл дыбысы үшін қызмет ететін болады.

Жалпы алғанда, латын әліпбиі қазақ тіліне де, Қазақстанға да тек тиімділігін ғана ұсынып отыр. Ауданның зиялы қауымы да осындай ойда. Оның үстіне бүгінгі заманның латын графикасына көшу мәселесінің маңыздылығы мен қажеттілігін күннен күнге, сағаттан сағатқа сезіндіріп отырғаны тағы бар. Латын әліпбиіне көшудің елдің алдында әлі екі кезеңі тұр. Біріншісі – қазақ жазуының латын әліпбиіндегі бірыңғай стандартты нұсқасына қоғамды бейімдеу. Содан кейін ғана іс – қағаздарды латын әліпбиіне көшіру жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін созылады.

Жиналысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы