12.10.2017, 10:26
Қараулар: 454
Жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу

Жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу

05.12.10.17Жүрек-қан тамыр аурулары әлемнің көптеген дамыған елдерінде денсаулық сақтаудың басты проблемаларының біріне айналып отыр. Ол көбіне ересек адамдарды не мүгедектікке шалдықтырады немесе өлімге әкеліп соқтырады. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызын жүрек-қан тамыр аурулары құрайды. Еуропада жыл сайын осы ауру салдарынан шамамен 3 миллион адам қайтыс болса, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың кісі осы аурудан көз жұмады. Жүрек-қан тамыр ауруларына әкеліп соқтыратын басты себептер қандай? Басты себеп адамдардың өз денсаулығына көңіл бөлмеуінен десек, сонымен қатар жағымсыз экологияның да салдары жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары инфаркт пен инсульттен болатын өлім тым жиілеп барады. Оның негізінде, атеросклероздан басқа, адамдардың жүйке жүйесінің шаршауы, олардың дәрменсіздікке ұшырап, депрессияға түсуі жатыр.

Жүрек-қан тамыр ауруларының себептері:Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазіргі уақыттағы жүрек-қан тамыр ауруларының эпидемиясы тамақтану құрамының өзгеруіне тікелей байланысты деп отыр. Қоршаған ортаның 80 пайыздан артық жағымсыз факторлары адам ағзасына жеген тамағы арқылы әсер етеді. Артық салмақ және семіздік, жүрек-қан тамыр ауруларының, қант диабеті және басқа да күрделі аурулардың қауіпті факторы болып табылады. Сондықтан адамдардың дұрыс тамақтану мәдениетінің де маңызы зор. Жүрек-қан тамыр ауруларын қоздыратын тағы бір себеп – стресс, торығу, ол адамдарды жасына қарамай, жүрек талмасына ұшыратады. Адамның көңіл-күйінің денсаулыққа әсері мол. Көңіл күйдің толқуы, мазасыздануы, біріншіден, адамның миы арқылы беріледі. Жағымсыз эмоциялар вегетативтік жүйені қоздырады, одан барып ағзадағы қан айналымына, ішкі органдарға, эндокриндік бездердің қызметіне әсер етеді. Соның салдарынан ағзадағы гормондардың балансы бұзылады. Оның әсері жүрек соғысының, ырғағының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, бұлшық еттердің, қан тамырларының тартылуына апарады. Мидың қан айналымы нашарлайды, мидың клеткаларында оттегі жетіспеушілігі пайда болады. Жүректің, мидың қан тамырларының қысылуы инфаркт, инсульт сияқты ауыр жағдайға алып келуі мүмкін немесе жүректің ишемиялық ауруы, гипертония, асқазан жарасы сияқты созылмалы ауруларға ұшыратады Жүрек-қан тамыр ауруларына әйелдерден гөрі ерлер көп шалдығады. Мұндай тенденция 50-55 жасқа дейін, яғни әйелдердің жыныстық гормондарының жұмысы бәсеңдеген тұсқа дейін сақталады. Алдын алуға немесе жеңуге болатын қауіпті факторлар холестериннің жоғары деңгейі, артериалды гипертония, темекі шегу, қант диабеті, семіздік, түрлі күйзелістер болып саналады.

Алдын алу жолдары:

— Темекіден толықтай бас тарту қажет;

— Тиімді тамақтану ережелерін сақтау;

— Майлы тамақтардан бас тарту, тұзды пайдалану мөлшерін азайту — тәулігіне 4 грамм, құрамында калийі мол (бұршақ, өрік, құрма, теңіз қырыққабаты) тамақтарды көп пайдалану, сарыуызды барынша аз пайдалану;

— Көкеніс пен жеміс-жидектерді барынша мол пайдалану;

— Алкогольді ішімдікті белгіленген мөлшерде ғана пайдалану;

— Дене белсенділігін арттыру, семіздіктен сақтану;

— Қандағы холестерин құрамын үнемі тексеріп, бақылап отыру;

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе айтарым – дәрігер ауру адамды емдейді, ал, аурудың алдын алу – әрбір адамның өз тірлігі.

                                                         Г.ЕрҒОжиева,

Сырым аудандық ауруханасының кардиология кабинетінің медбикесі