12.10.2017, 10:49
Қараулар: 264
Тұмау қауіпті!

Тұмау қауіпті!

Тұмау және тыныс алу жолдарының жедел вирустық инфекциялары – бұл ауа-тамшы жолдарымен жұғатын әртүрлі инфекциялардың жиынтығы. Инкубациялық кезең бірнеше сағаттан 7 күнге дейін, орташа 2-3 күнді құрайды. Аурудың басталуы жедел, интоксикация синдромымен сипатталады. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40 С0 дейін көтеріледі, әртүрлі дәрежедегі қалтырау, мерзімі қысқа, 3-5 күн. Тұмаумен ауыратын науқастардың сыртқы келбеті: беті ісінген, аздап қызарған, жүрек-қан тамыр жүйесі жағынан тахикардия мен гипотония байқалады.

Тұмаудың сойқандығы оның асқынуларында. Балалар үшін тұмау ерекше қауіпті. Тұмау жоғарғы тыныс жолдары, жүйке жүйесі, құлақ және жоғарғы тыныс органдарының зақымдануымен қауіпті. Асқынулар 3 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі. Баланы вирустан қалай сақтауға болады? Балабақшаға немесе мектепке баратын балалар, яғни, өзге балалардың ортасында жүретіндіктен, оларды вирустан қалай қорғай аламыз? Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 6 айдан асқан балалардың барлығына жыл сайын тұмауға қарсы екпе алуға кеңес береді. Жылына бір рет күз айларында барлық жанұя мүшелеріне тұмауға қарсы екпе алуына кеңес беріледі. Жыл сайын біздің облысымызда ақысыз түрде тұрғындардың әлсіз топ өкілдері балалар үйінің, сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, мектеп-интернат оқушылары, қарттар үйіндегі адамдары, жүкті әйелдер, медициналық қызметкерлер егіледі. Тұмау және басқа да ЖРВЖ-дың эпидемиологиялық бұрқ етуінің алдын алу және иммунды қабатын қалыптастыру үшін аудан тұрғындарының кем дегенде 10%-ын жұмыс беруші есебінен ақылы екпемен қамту қажет.

Тұмаудың алдын алудың жолдары:

  1. Ең тиімді алдын алу әдісі – тұмауға қарсы егілу.
  2. Эпидемия кезінде адамдармен байланысы­ңызды мүмкіндігінше азайтуға тырысыңыз (қоғамдық көліктермен сирек жүріп, қонаққа барудан бас тартыңыз).
  3. Бөлмеңізді, үйіңізді жиі желдетіп, ылғалды жұмыстарын жүргізу.
  4. Мұрныңыздың шырышты қабығын интерферонды қолдана отырып, 0,25 пайызды оксолин майымен майлап қойыңыз.
  5. Сарымсақ, пияз, сонымен қатар, құрамында С дәрумені бар өнімдерді көбірек пайдаланыңыз (лимон, орамжапырақ, қара қарақат).
  6. Эпидемия кезінде төрт қабатты дәкелі таңғышты қолданыңыз.
  7. Толық тамақтаныңыз.
  8. Таза ауада жүйелі түрде серуендеу, дене шынықтырумен және спортпен айналысуды қолға алыңыз.
  9. Тұмаумен ауыратын науқасты басқалардан оқшаулауды ұмытпаңыз.

 

Т.ЕсҚалиева,

Сырым аудандық ТҚҚБ жетекші маманы