12.10.2017, 15:15
Қараулар: 108
 » 
Ислам – бірлік пен бейбітшілік діні

Ислам – бірлік пен бейбітшілік діні

Қазақстан – сан түрлі тілдер мен мәдениеттер тоғысқан көпұлтты мемлекет. Тағаттылыққа негізделген ұлтаралық бірліктің бірегей қазақстандық формуласын әлем елдері мойындады. Сыйластыққа, төзімділік пен қолдау көрсетуге Ислам діні де ерекше көңіл бөледі.

Толеранттылық – осы кемел діннің негізі болып табылады. Басқа дінді ұстанушы адамдарға жақсы қарым-қатынас жасауға Қасиетті Құран да шақырады. Ислам тек бейбітшілікке шақырады. Қасиетті Құранда дін ұстанудың еріктілігі жайында көптеген аяттар бар. Мәселен: «Бұл ақиқат Раббыларыңнан» де. Сонда кім қаласа, сенсін…», – дейді («Кәһф» сүресі, 29-аят).

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) мүміндерге көршілермен жақсы қарым-қатынас жасаудың, адамдарға мейірімділік танытудың, туысқандық қатынасты үзбеудің маңыздылығын ескертеді. «Шын мәнінде Алла барлық істе жұмсақтықты (ізгілікті) жақсы көреді». Алла Елшісі мұсылман еместерге, өзінің өміріне бірнеше рет қауіп төндіргеніне қарамастан, әрдайым кеңпейілділік танытты.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Бір-біріңе көре алмаушылық пиғылда болмаңдар, бағаларды көтермеңдер, бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе арқаларыңды қаратпаңдар, бірің-біріңнің саудасының үстінен сауда жасамасын, бір-біріңе бауыр болыңдар. Мұсылман өз бауырымен үш күннен артық араз болмасын», – деп анық түсіндіреді.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Ең алдымен, ұлан-байтақ жері, көп ұлтты халқы бар еліміздегі дінаралық және этнос аралық толеранттылық жаңадан ғана пайда бола қалған жоқ, бұл ата-бабаларымыздың салып кеткен ұлы жолы. Қазақ халқының өткен ғасырларда көшпелі өмір салтын ұстанғаны белгілі, осы арқылы ол басқа халықтармен байланыс жасауды үйренді, ауыр табиғи жағдайда өмір сүре отырып, өз қандастарына ғана емес басқа да сырттан келген ұлттар мен ұлыстарға қонақжайлық пейіл таныта білді. Тіпті Кеңес заманында Қазақстанға еріксіз келген халықтардың өзі жергілікті халықтың мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен таныса отырып, қазақ халқымен тіл табысып, өткен дәуірдің ыстық-суығын бірге көргенін әлемдегі барша мемлекеттерге үлгі етуге болады.

Замана тәжірибесі дүние жүзінде бейбітшілік пен тыныштықты, әлем халықтарының бірлігін сақтау үшін діни конфессиялардың өзара татулықта, ынтымақта, сыйластықта болуы керектігін сан мәрте дәлелдеді. Бұл орайда отбасы, мектеп, әрбір адам қоғамдық ортада рухани келісімге өз үлесін қосып, ең қастерлі қазынамыз – тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайта беруі қажет.

Тәуелсіздіктің бастапқы сәттерінен-ақ рухани және ұлттық құндылықтарымызды қайта қалпына келтіру мемлекет саясаты деңгейінде жүзеге асты. Қазақстанның бүгінгі мен ертеңгі болашағы, халқымыздың діні мен салт-дәстүрі, ежелгі наным-сенімі сонымен қатар Мәуреннахыр тарихы қасиетті Ислам дінімен тығыз қатынаста екені белгілі. Ислам өз бойына адамдық қасиет пен ізгі амалдарды жинаған дін.

Бір өкініштісі қазіргі таңда кейбір сеніміне сергелдең түскен террорлық әрекеттермен көзге түсіп Исламды басқа қырынан көрсетуге тырысып бағып, адамдарды тура жолдан тайдыруды қалайтындар да жоқ емес.

Бұған мысал ретінде еліміздегі түрлі Исламды жамылған өзін тура жолдамыз деп көрсеткісі келетін діни экстримистік ағымдарды айтуға болады. Олардың мақсаты ел ішіндегі ауызбіршілікке сызат түсіру, ел болашағына балта шабу.

Пайғамбарымыз Мухаммед (с.ғ.с.) өз үмметІн ынтымаққа, ауызбірлікке шақырып, араға іріткі салушы бірлікті бұзатын әрекеттерден тыйды. Хадисінде: «Сіздер бір кемеге мініп жолға шыққан жолаушы сияқтысыздар. Араларыңыздағы біреу қолына балта алып кемені шаба бастаса, егер сіздер оны тоқтатпасаңыздар барлықтарыңыз суға батасыздар, тоқтатсаңыздар барлықтарыңыз аман қаласыздар»-деп ауызбірліктің маңыздылығын ескерткен болатын.

Осы хадис бізге қоғамда өмір сүріп жатқан әрбір адам бір-бірінің тыныштық пен ынтымақтықта өмір сүруі үшін жауапты екендігін ұғындырады. Сондай-ақ еліміздің әрбір азаматы өздері және келешек ұрпақтың бақытты, тыныштық пен ынтымақтықта өмір сүруі үшін өз үлесін қосуы қажет. Сондықтан қазірден бастап ел болашағын ойлап қолдан келгенше ізгі амал жасау қажет.

Қазіргі таңда әлемде көптеген адамдар мұсылмандар туралы теріс пікірде. Ал, теріс пиғылды адамдар Ислам атын жамылып өз ойларын жүзеге асыруда. Ислам – таза және ізгі дін. Біз осыны өз мысалымызбен, өмірімізбен және өз бірлігімізбен дәлелдеп, барлығына көрсетуіміз керек.

Ерлан Мақашев,

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі