12.10.2017, 15:33
Қараулар: 41
Жарқын жүздесулер

Жарқын жүздесулер

13.12.10.17Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауданның орталығында тұратын қарттарды қарттар күнімен арнайы барып құттықтады. Құттықтаушылар қатарында Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықов және белгілі қоғам өкілдері Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев бар.

Аудан әкімі әуелі биыл 90 жасқа толғалы отырған ауыл қариясы Заян Жұмағұловтың шаңырағында болды. Заян Жұмағұлов — 50 жылға жуық ауданның коммуналдық шаруашылығы саласында басшылық қызметте болған адам. Бұл кісінің өмірбаяны деректі ақпарат емес, адам мен еңбек туралы әдеби шығарма сияқты.

—        Денсаулық пен уақыттың бар кезінде есі дұрыс адам елі үшін, мемлекеті үшін еңбек ету керек! – деді Заян қарт бүгінгі әңгімесінде.

Саку Валитов та елге еңбектің адамы ретінде сыйлы. Бұл кісі 42 жылға жуық Жымпиты метеостанциясында қызмет етті. Зайыбы Фатима Валитова да осы саланың ардагері. Қазір екеуінің де жасы 86 – ға қарады. Жымпиты ауылында тұрады.

Саку қарттың әкесі Сабыр Валитов Жымпиты ауданына қарасты Жымпиты совхозының құрылуының басында тұрған адам. Саку Валитовтің өзі кезінде Алашорда үкіметінің қайраткері болған Әлмұхамбет Оспановтың қасында өскен. ХХ ғасырдың басындағы Жымпиты мен Жымпитыдағы адамдар жайлы айтатын естелігі көп. Фатима әжей – Жалпақтал жағында болған Масғұтов Әбдірахман деген татар ишанның жиені. Бұл жанұя жайлы бір айтып өтуге осындай деректер бар. Тарқатса – тарих.

Қарттардың шаңырағында болған емен — жарқын жүздесулер де елдің амандығы жайлы әңгіме айтылды. Қарияларға аудан әкімінің алғыс хаты пен сый – сияпаты тапсырылды. Түскі уақытта «Мерей» мейрамханасында қарттарға арналып ас берілді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ