19.10.2017, 17:09
Қараулар: 20
Журналистердің біліктілігін арттыруға арналды

Журналистердің біліктілігін арттыруға арналды

01.19.10.17Өңірдегі журналистер өзінің кәсіби біліктілігін енді «Жайық Пресс» медиахолдингінің жанындағы оқу орталығынан арттыра алады. Орталықтың алғашқы оқу семинары қазан айының 9 – 10 күндері өтті. Оған облыс орталығы мен аудандардағы газеттердің тілшілері қатысты.

Бірінші оқу күні журналистер оқырмандардың арыз – шағымымен жұмыс жасау және нақты мәселелерді сараптап, талдап жазу туралы дәріс тыңдады. Дәрісті оқыған – белгілі журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі Есенжол Қыстаубаев. Бұл кісі қоғамға зерттеу материалдары мен түрлі проблемаларды індеген сериялы мақалалары арқылы танымал. Автордың жұмыстары фактілерді беттестіру, тараптарды сөйлету, оқиғаның картинасын жасау сияқты журналистік әдістерімен ерекше. Есенжол Қыстаубаев дәрісін нақты тәжірибе бойынша жүргізді.

Келесі күні семинар қатысушылары «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Сәкен Әбілхалықовтың ғылыми журналистика туралы дәрісіне қатысты. ҚР Инвестиция және даму министрлігі ұйымдастырған Ұлттық инновациялар байқауының Гран – при жүлдесінің иегері Сәкен Әбілхалықов жазу саласы бойынша кәсіби тағылымдаманы Еуропа елдерінде өткен. Әбілхалықов мырза өзінің дәрісінде аудиторияны сөйлетуде журналист ескеретін жайттарды айтты. Осы күні блогер, «Жайық Пресс» ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов медиамәтінмен жұмыс жасау және әлеуметтік желілердегі жауапкершілік жайлы сабақ өткізді.

Семинардың барлық қатысушыларына «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Жантас Сафуллин сертификат табыс етті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар