19.10.2017, 17:58
Қараулар: 34
Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру

Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру

Әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі ең бастысы оның тілімен белгіленеді. Сондықтан тілдің дамуы, өркендеуі қандай болса да этнос үшін өте маңызды.

Мемлекеттік тіл мен басқа тілдердің дамуын, мәдени әралуандық пен рухани құндылықтарды қолдауды, халықтың дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауды қолдайды», деп 2020 жылға дейінгі «Нұр Отан» партиясының бағдарламасында жарияланып, қазақ тілінің дамуына партия мүшелері тарапынан көп назар аударылып отыр.

ҚР Президенті, Ұлт көшбасшы­сы Н.Ә. Назарбаев үстіміздегі жылдың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз.» делінген.

Сонымен, қазақ тілінің латын алфавитіне көшуі Елбасы тарапынан таяу жылдардағы міндеттерге жатқызылып отыр. Бұл жерде мәселені үшке бөлу қажет – латын алфавитін меңгере алу-алмау, қазақ тілін білу деңгейі және көпшіліктің ұлттық санасының орыс тілі, сонымен қоса кириллицаға тәуелділігі мәселесі.

Кеңес дәуірінің 70 жыл ұғындырған түсінігі – кеңестік халық – ұлттық ерекшелігін жойып, бәріне ортақ, әмбебап үлгідегі ұлттық даму. Оны Ұлт көшбасшысы мақаласында «қатер жаңғыру» ретінде қарастырады. Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толып отырса да, бүгінгі жерлестеріміздің арасында осы жалған ұғым әлі де уландырылған саналарынан шықпай отыр. Бүгінгі күні қазақ тіліміздің тіл ретінде алға ілгерілеуіне бұғау да болып отырған осы жайт. Қазақ тілінің латын әрпіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз.

Себебі латын әрпі біздің санамыздағы орыс тіліне деген тәуелділігімізден шығарады. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әріпіне көшуі – заман талабы. Бұл мәселені көтеру–Президентіміздің көрегендігін көрсетеді.

«Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Ендеше орыс тіліне жалтақтай беріп қарайтынымыз да осы кертарпаның бірі деуге болады. Бұл жолда латын әрпіне көшу – тиімді әрекет.

Бұл бағытта, 2017 жылдың 3 қазан күні аудан әкімдігінде облысымыздың тіл мамандарының қатысуымен өткен жиында кеңінен түсіндірілген болатын.

Латын әрпіне көшу-біздің ұлттық болмысымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашатындығына сенемін.

Ескертпе: Мемлекеттік тілді дамыту үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды енгізу мақсатында «Tilalemi.kz» порталы және «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық бірыңғай электрондық базалары ашылып, көпшілік қауымға ұсынылады.

С.НҰРПЕЙІСОВ,

Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар