19.10.2017, 18:11
Қараулар: 35
«Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныс алуы керек!»

«Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныс алуы керек!»

07.19.10.17Кешегі жұмада Сырым ауданының орталығында Елбасы Н:Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық “Жас Отан жастар қанатының” облыстық филиалы, Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және “Сырым жастары” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Айбынды Алаш жастары!» атты аймақтық жастар форумы өтті. Форумның негізгі тақырыбы Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толу оқиғасына арналды.

Түске дейін Сырым аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында форумның пленарлық отырысы өтті. Пленарлық отырысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сакошев, ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір, тарихшы Серік Зиятов және Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Атырау мен Маңғыстау облыстарының жас көшбасшылары қатысты. Отырысты Батыс Қазақстан облысының «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жүргізді.

Биыл Сырым ауданы Алаш мұрасын түгендеуде табысты жұмыстарды жүргізді. Жергілікті басшылықтың тікелей қолдауымен екі халықаралық және бір республикалық экспедиция жүзеге асты. Жымпитыдағы Алаш мұражайы жаңғыртылды, жаңа жәдігерлермен толықты. Осы жылдың ең басты жаңалығы, Сырым ауданының орталығы Қазақстанның қасиетті жерлерінің республикалық тізіміне енді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің пленарлық мәжілісте сөйлеген сөзінде осыны айтты.

— Алаш мұратын бір датаға, бір – екі күнге байлап қоюға болмайды. Олай етсек, тарихқа да, болашаққа да қиянат болады. Бұл тақырып күнделікті шаралардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Тәуелсіздік Алаш идеясымен тыныс алуы керек. Алаш идеясы – ол, алаш баласының жүрегінде. Алаш аманатына адал болайық! Бізге бұйырған міндет – сол! Бұл ақын Қалқаман Сариннің айтқан сөзі. Біздің ойымызша, ақынның осы бір ауыз сөзі пленарлық мәжілістің мәніне қызмет етіп тұр.

Форум делегеттары түстен ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Қалқаман Сарин мен әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендір басты қонағы болған секциялық жұмыстарға қатысты. Форумның күн тәртібіндегі мәселеден бөлек, өнер, мәдениет тақырыптары, қазақ руханиятындағы негізгі мәселелер осы отырыстарда кең талқыға түскенін айта кетуіміз керек. Делегеттар мен аудан қонақтары үшін күні бойына Сырым ауданының орталығындағы С.Датұлы атындағы тарихи өлкетану музейі, Алаш саябағы, Алаш мұражайы, Ж. Досмұхамедов атындағы мектептегі мұражай бөлмесіне барып, танысу мүмкіндігі де ұсынылды. Ауданның тарихи және мәдени орындарына жасаған экскурсиялардан делегаттардың алған әсері оң.

Кешкілік Жымпиты халық театры Жайсаң Ақбайдың «Жанша» қойылымын қойды. Күн әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар премиясының иегері Ибрагим Ескендірдің концертімен қорытындыланды.

Форумның салмақты сөзі:

ШЫҢҒЫС ҚАЙРАНОВ,

қазақстандық ұрыс шебері, (лақап аты «ШАХ ҚАЗАҚ») «ALASH Pride» клубының мүшесі, ережесіз жекпе – жектен NFC тұжырымы бойынша Әлем чемпионы, форум делегаты:

«Бізге әлсіз болуға болмайды. Қандай жағдайда да. Біз – елдің болашағымыз! Біздер әлсіз болсақ, елдің болашағы әлсіз болады!»

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар