9.11.2017, 16:09
Қараулар: 205
Жас өнерпаздар жарады!

Жас өнерпаздар жарады!

???????????????????????????????Қараша айының 1-2 күндері Ақтөбе қаласында өткен «Әлем TALANT STARS» атты халықаралық байқауда Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының оқушылары Ширмедин Ақбота мен Гүлназым Ерболатова Гран при иегері атанды. Бұл байқауда театр және кино әртісі, «Дауыс International» тобының экс-солисті Айгүл Бабаева қазылардың төрайымы болды.

Ширмедин Ақбота «Көркем сөз» аталымы бойынша 68 қатысушының ішінен «Ақын рухымен серттесу» өлеңімен үздік атанды. Мейірбек Тайманов жетекшілік ететін «Дарын» ақындар үйірмесінің мүшесі Ақбота осы жылдың басында оқушылар арасында өткен республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпазы атанған болатын.

Гүлназым Ерболатова «Драма» үйірмесінің мүшесі. Ол «Мен қазақпын» атты қойылым көрсетті. Жетекшісі – белгілі режиссер Эльдар Әубекеров. Гүлназым «Драма» аталымының негізгі жүлдесін алып қана қоймай, байқаудың «Көркем сөз» аталымында Ф.Оңғарсынованың «Өлең» атты шығармасын оқып, жүлделі І орынға ие болды.

«Әлем TALANT STARS» атты халықаралық байқауда «Дарын» ақындар үйірмесінің оқушысы Аружан Иосифова «Көркем сөз» аталымы бойынша өз тобында І орынның иегері атанды. Қайрат Рахметов жетекшілік ететін «Вокал» үйірмесінің оқушысы Аруна Закина «Алғашқы көктем» атты әнді асқан шеберлікпен орындап, І орынға ие болды. Ал Бақытжан Жанұзақовтың шәкірті Нұргелді Ғабдуллин М.Насыровтың «Отан-Ана» әнімен ІІІ орын алды. Ауданның атынан өнер көрсеткен Айнагүл Сарғозиеваның «Аружан» би тобы қазақтың «Қамажайымен», Гүлшат Нұрмұханова жетекшілік ететін «Айналайын» би ұжымы «Аңшылар» этнобиімен І орынға тұрақтады.

«ПЛАТОН» халықаралық білім дамыту қоры ұйымдастырған «Үкілім — ай!» Республикалық өнер байқауында да Ақбота Ширмедин топ жарды. Балғын ақын 26 қатысушының ішінде үздік көрініп, І орынға ие болды.

Аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Әлем TALANT STARS» атты халықаралық байқауда жүйрік көрінген өрендер мен жетекшілеріне орталықтың директоры Айнұр Мұхамбетжанова диплом табыстап, ата-аналарын арнайы шақырып, алғысын білдірді. Балалар дүбірлі додада озық деп танылған өнерлерін көрсетті. Балғындардың өнерлеріне тәнті болған ата-аналар жетекшілерге разылығын білдіріп, аудандық мәдениет үйінде арнайы концертқойса деген ұсыныстарын айтты. Өнерлі өрендерге тәтті үстел ұйымдастырылды.

Өз тілшімізден

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар