23.11.2017, 16:34
Қараулар: 405
«Арманым – Жымпитыға арнап ән жазу»

«Арманым – Жымпитыға арнап ән жазу»

01.23.11.17Донеділ ҚАЖЫМОВ:

Бүгін аудандық мәдениет үйінде жерлес әнші, ел ауызында жүрген талай әннің авторы, «Құрмет» орденінің иегері композитор Донеділ Қажымовтың «Өнері елге өнеге» атты шығармашылық кеші өтеді. Кеш алдында Донеділ ағамызды аз-кем әңгімеге тартқан едік. Онымен әңгімеміз аз-кем болмай шықты. Салмақты әңгіме сырлы сұхбатқа айналып шыға келді.

Донеділ аға! Елге қош келдіңіз! Сырым елі қашанда Сізбен мақтанып келді. Сіз Жымпитымен қалай мақтанасыз? Әрине сіз бүгін бүкіл қазақтың ортақ Донеділіне айналдыңыз. Дегенмен, туған жердің ыстығырақ болатынын жасыра алмайтын шығарсыз?

– Елге деген махаббатын ешкім жасыра алмайды. Оны жасыру мүмкін емес те. Әрине, мен өзімнің туған жеріммен, Сырым батырдың даласымен мақтанамын. Жымпитымды сүйемін, ыстық көрем. Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Біреу теңіздің жағасында, біреу таудың етегінде дүниеге келеді. Сосын адамның табиғаты туған жерінің табиғатымен үндесе бастайды. Маған өзімнің осы далам қымбат.

Мен негізі Қособа ауылында дүниеге келдім. Бұлдырты ауылындағы мектептің бірінші сыныбына бардым. Жосалыдағы А. Жұмағалиев атындағы мектепте де біразырақ білім алдым. Алғабас орта мектебін тәмәмдадым. Әкем Ерғалиев Ізмағамбет Қажымұлы өңірге танымал еді. Өзі партия кеңесінде басшылыққа қызметте болды. Ол кісі жұмыс бабымен жиі қызмет орынын ауыстырғасын маған да жаңағыдай жиі мектеп ауыстыруға тура келді.

Біздер Жымпитыны «қала» дейтінбіз. Анам Сара да «Әкем қайда?» дегенде «Жұмыстарымен қалаға кетті!» деуші еді. Жымпиты қаласы маған әуелден ыстық еді. Халқы шетінен мәдениетті үлкен шаһар сияқты көрінетін. Бәрінен бұрын, сахнасы қатты толқытатын. Өнер әлеміндегі есімді білгелі саханадағы Қанатқали, Көптілеу ағаларымды көрдім. Жібек апамның биіне тамсандым. Ән шығару деген құдіретті өнерді де сол Қанатқали Рахметов ағамыздан таныдым. Соларға ұқсағымыз келді. Өнерді кім–кім де біреуге ұқсап бастайды екен. Өзіңнің жолыңды сосын ғана табады екенсің.

Мен әлі күнге дейін Жымпитының алдындағы перзенттік борышымды өтей алмай келе жатқаныма қынжыламын. Елдің алдына келгенде тіпті қысыламын.

– Неге?

– Менің арманым бар. Ол арманым – елдің атына сай, затына шақ, жұрттың жүрегіне қонатын, осы далаға лайық бір ән жазу. Сол әнді мен әлі жаза алмай келе жатырмын. Мені осыған қиналамын. Әйтпесе, менің елге деген махаббатымда ешқандай мін жоқ, шек те жоқ.

– Ол әннің туарына күмәнім жоқ. Мына жүрегіңіздегі махаббат ол әнді шығармай қоймас. Донеділ аға! Осы жерде Жымпитыдан бірден Алматыға кетейікші. Сіз сол қалада көп жүрген адамсыз. Осы Алматының шығармашылық адамын тартатын не құдіреті бар? Алматы өнерге не береді екен?

– Менің білетінім, Алматы – шығармашылықтар тоғысқан қала. Бұл қала өнердің баспалдағы сияқты бір жағынан. Ол әуелден солай болып келді. Сол үрдіс әлі де бар.

Бір ақынның бір ақыннан, бір әншінің бір әншіден асып түсуді армандайтыны жасырын емес. Бәрі де біреуден артық болғысы келеді. Өнерге келіп алып, өзіңді өзің іздемей көлеңкеде жүретінің бар екен, онда өнерге келмегенің жақсы. Айтайын дегенім, Алматыда өнер жолындағы адал талас бар. Шығармашылық тұлғалар бұл қаланы сонысы үшін таңдайды.

– Сондықтан Сіз де Алматыны таңдадыңыз…

– Мен Алматыға сақарып бардым. Ол қалаға өзімнен бұрын негізі атым барған, өнерім барған. Оралда жүргенімде–ақ, мен Алматыдағы ірі өнер шараларына арнайы шақырту алып, сахнасына шығып үлгергенмін. «Тамаша» ойын–сауық отауының дүрілдеп тұрған кезінде менің де атым қала тұрғындарына таныс бола бастап еді. Оның үстіне теледидардан да жиі көріндім. Содан да болар, Алматыдан тыңдарман жинауда жолым болды.

Әрине, әркім де мінез болады. Әсіресе, шығармашылығыңның мінезі болады. Жаңағыдай бәсекелестік орта мінезін жоғалтқан адам өзін оңай жоғалтып алады. Мен Алматыда осы жағынан мұқият болуға тырыстым.

– Шығармашылықта үзі­ліске ұшырап көрдіңіз бе?

– Шығармашылықта үзіліс болмайды ғой. Ми мен жүрек жұмыс істеп тұрса, шығармашылық үзілмейді. Тек кейбір дүниеге жұмыстануға, жарыққа шығаруға уақыт таппай қалатын кездердің болатыны рас. Ондай уақыттар болады. Кейінгі жылдары шығармашылығымнан артылған уақытты қадыртану жұмыстарына арнадым.

– Сіздің Қадыр ақынның мұрасын мәңгілетудегі, қадыртанудың негізін салудағы еңбегіңізді ел жақсы біледі. Ал Сіз соңғы кезде өзіңіз үшін Донеділ Қажымов үшін, не істедіңіз? Ақжайық өңіріндегі өнер сапары тыңдарманды қандай жаңалықтармен қуантады?

–        Биылғы бітірген бір шаруам – Құрманғазы атындағы ұлт–аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен 8 әнімді Абай атындағы опера және балет театрының әншілерінің орындауымен таспаға түсірдім. Әрине, бұл әндер эстрадаға да келеді. Дегенмен мен өз туындыларымның, әндерімнің негізі ұлттық классикалық сипатта болғанын қаладым. Бұл әндердің ішінде патриоттық та, лирикалық та әндер бар. Қалың оқырманға кейінгі жылдары «Донеділ» деген бес бөлімді кітап таныстырылды. Оның ішінде әкем Ізмағамбет туралы естеліктер, өзім туралы жарық көрген баспа беттеріндегі материалдар, ең бастысы шығармашылығым жарияланған. Кешегі күндерімнің кейбір естеліктерін теледидар экрандарынан да таптым. Оларды да көрерменге бір дүние қылып ұсынсам деген ойым бар. Жалпы айтқанда, осы өнер сапары өзім үшін бір жинақталу, түгенделу секілді.

– Сіздің өнер сапарыңыз өзіңіз үшін емес, ел үшін керек, аға! Сапарыңызға сәттілік! Ашылып айтқан әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен: Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар