23.11.2017, 16:42
Қараулар: 164
Ауданда 12,3 млн. теңгенің 13 жобасы жүзеге асырылған

Ауданда 12,3 млн. теңгенің 13 жобасы жүзеге асырылған

02.23.11.17Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Батыс өңірлік коммуникациялар қызметінде ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді. Брифинг барысы «AQJAI `YQ»телеарнасы арқылы тікелей эфирге таратылды.

Аудан басшысы өзінің хабарламасында Сырым ауданының биылғы жылдың 10 айы ішіндегі даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Сырым ауданында биыл барлық сала бойынша ілгерілеу бар. Соның ішінде, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының арнайы жобаларын жүзеге асыруда аудан жақсы белсенділік танытты. Мысалы, «Туған жер» жобасы аясында 5 ауылдық округте жерлестер форумы өтті. Елбасының бағдарламалық мақаласын қолдау мақсатында Сырым ауданы бойынша осы жылы жерлес кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар арқылы құны 12, 3 млн теңгенің 13 жобасы жүзеге асырылған.

Негізгі хабарламадан бөлек Төлеген Төреғалиев ауданның әуелгі жұмыс тәжірибелері мен алдағы уақыттағы нақты жоспарлары туралы ақпарат бөлісуге де уақыт тапты. Кейін журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Нұрбек Оразаев, «Орал өңірі» қоғамдық – саяси газеті:

— Төлеген Серікқалиұлы! Жаңа өз сөзіңіздеалдағы уақытта Бұлдырты, Қосарал ауылдарының таза ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмысы жүреді деп айттыңыз. Бұл жұмыстар арқылы қанша елді – мекен таза ауыз суға қол жеткізеді? Сырым ауданы қай уақытта 100% таза ауыз сумен қамтылатын болады? Екінші сауалым, аудан орталығы мен Қособа ауылының арасындағы 25 шақырымдық жол қашан дұрыс жөндеу көреді?

—         Иә! Бұлдырты ауылын таза ауыз сумен қамту үшін 363, 5 млн теңгені құрайтын жобаның сметалық құжаттары дайын тұр. Жұмыстар 2018 жылы басталады. Осындай жұмыстарды Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында да, сонымен бірге Елтай ауылдық округі мен Шолақаңқаты ауылдық округінің бағытында да атқарғымыз келеді. Құжаттар дайындық үстінде. Сырым ауданында барлық елді – мекен негізінен таза ауыз сумен қамтылған. Біздің ендігі мақсат — таза ауыз суды әрбір көшеге емес, әрбір тұрғын үйге жеткізу. Әрине, аудандағы елді мекендердің көбінде жер асты су қорлары тапшы. Бірақ бұл мәселе бойынша да аудан нақты шешімдерін дайындап отыр.

Қособа ауылын Жымпитымен жалғайтын 25 шақырымдық жолды жөндеу – ауданның алдағы жоспарында тұр. Бірінші кезекте, бетінде қатты жамылғысы бар жолдарды жөндеу көзделуде.

Надежда Есетова, Батыс өңірлік телекоммуникациялар қызметі:

— Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бағыты бойынша Сырым ауданында қандай инвестициялық жобалар қолға алынуда? Тағы бір сауал. Аудан әкімі ретінде нақты қандай жоспарды жүзеге асырғыңыз келеді?

— Сырым ауданы үшін ауылшаруашылық саласындағы атқаруы тиіс бір міндеті – аудандағы ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысын дамыту. Кооперативтер мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып, демеуқаржыларға тұрақты ие болуы керек. Олар үшін бұл тиімді.

Біздер ауданға инвесторлар тарту бағытында да жұмыстар жасап жатырмыз. Аудан шаруалары мен ауылшаруашылық саласының мамандары осы мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысында болып, тәжірибе алмасып келді. Нәтиже жоқ емес. 2018 жылы Сырым ауданында инвесторлар 5000 басқа дейін мал бордақылау алаңын салу жобасын жүзеге асыруға кіріспекші.

Менің әкім ретіндегі жұмысымның басты бағыты – білім беру саласының сапасын арттыру.

Тоқтар Кенжеғалиев, Батыс өңірлік телекоммуникациялар қызметі:

— Ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысын жүзеге асыруда қандай кедергілер бар? Екінші сұрақ, Жымпиты – Ақсай бағытындағы ауданаралық жолды жөндеу шаруасында ілгерілеу бар ма?

— Әрине, кооператив мәселесінде құжат жинау, үйлестіру, ұйымдастыру жұмыстарында кедергі сияқты көрінетін уақыт алатын жұмыстар болуы мүмкін. Ауылшаруашылық кооперативтерінің жұмысы шаруаларға үлкен мүмкіндіктер ұсынып отыр. Біз кедергілерді емес, елге соны айтуымыз керек.

Ақсай – Жымпиты ауданаралық жолының бойында Сырым ауданының 3 бірдей ауылдық округі орналасқан. Бұл жол — облыстың теңгеріміндегі жол екен екенін айтуымыз керек. Жолдың негізгі жөндеу жұмыстары екі тараптан жүреді. Алғашқы шақырымдарды жөндеу Бөрлі ауданының тарапынан басталды. Сырым ауданы да 30 шақырымның жөндеу жұмыстарына құжат даярлап отыр.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар