30.11.2017, 11:39
Қараулар: 454
“Еліне елеулі тұлға”

“Еліне елеулі тұлға”

03.30.11.17тұлғаКСРО және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының білім беру саласының құрметті азаматы, республикалық Қадыр қоғамдық қорының мүшесі, мемлекеттік «Шапағат» медалінің иегері, жерлесіміз Берген Мақсот Қабышұлының мерейлі 70 жасы туған жері Алғабас ауылында аталып өтті.

Орал шаһарынан Алғабасқа ат ізін салған меймандарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева ақ дәммен Сырым шыққан төбедегі кесенеден қарсы алды. Мақсот ағаның шашбауын көтеріп келген қонақтардың ішінде жары Меруерт Елеуқызы, ұлы Әлібек, Мәдениет қайраткері Сара Танабаева, Донеділ Қажымов, әнші-композитор Гүлнәр Дәукенова, Сырым ауданының құрметті азаматы, білім саласының ардагері Марат Қадыров, Батыс Қазақстан облысының денсаулық басқармасын басқарған медицина ардагері, ҚР еңбек сіңірген дәрігері Бақтығали Ахметов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Сабиров, ардагер журналист Тихон Әліпқали, құрдасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Сыдық Тәжмұхан бар.

Қонақтармен бірге Мақсот аға кіндік қаны тамған ауылының іргесіндегі зиратқа соғып, анасы Закарияға құран бағыштады. Алғабас ауылдық мәдениет үйіне жиылған халық та елден түлеген қыранымен қуана қауышты. Көпшілік ауылдық мәдениет үйінің кіреберісіне қойылған Мақсот Қабышұлының «Мейірім әуендері» атты кітабы, аға туралы жазылған кітаптар, алған марапаттары мен медальдары қойылған көрмеге куә болды.

«Еліне елеулі тұлға» атты кеште мерейлі жас иесінің өмірін, отбасын баяндайтын бейнефильм көрсетілді. Кешті Көпболсын Мұхамедов жүргізді. Мақсот Қабышұлы құрметпен сахна төрінен алып, алғашқы сөз аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымовқа берілді. Аудан басшысы Мақсот Қабышұлына құттықтау хат табыс етіп, қазақы құрметпен ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Ш.Дүйсенғалиева Меруерт анамызға ақ жаулық пен қамзол кигізді.

«Құрмет» орденінің иегері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов пен жары әнші-композитор Гүлнәр Дәукенова «Анаға сәлем», «Біз екеуміз» әндерін сыйға тартты. Донеділ ағамен Алматыдағы шағынан бері дос боп келетін Мақсот аға «Біз екеуміз» әнінің өмірге келгеніне куә болған екен.

Келген қонақтардың барлығы сахнаға шығып, Мақсот Қабышұлына жүрекжарды тілектерін айтты. Мақсот ағаның бүгінгідей биік белестерге жетуіне жары Меруерт Елеуқызының да үлесі зор екенін құттықтаушылар жеткізді. Бұған дейін Мақсот Қабышұлының 70 жасы облыстағы өнердің қара шаңырағы қазақ драма театрында аталып өткені, ағамыздың ел үшін жасаған игі істері, «Қазақ тілі» қоғамдық қорының төрағасы болған кезінде, Орал қаласындағы басты көшелерге қазақи атаулар беруге атсалысқаны, Қадыр Мырза Әлімен достық қатынаста болғаны жайында естеліктерден сыр шертілді.

Сырым аудандық мәслихат депутаты, аудандық аурухананың дәрігері Асхат Дүйсенғалиев пен аға медбике Күләш Айташева аудандық аурухана атынан адресат пен сый-сияпат табыс етті. М.Бергеннің басқарған Батыс Қазақстан медициналық колледжінің түлегі Ақұштап Ерболатова ұстазына арнап ән шырқады. Ауылдастары атынан Тарғын Қошқарбаев арнау өлеңін оқыды.

Қатимолла Бердіғалиев Мақсот Қабышұлының жақсы көретін әндерін орындады. Аудандық мәдениет үйінің әншілері Армат Алдамжаров, Бекей Қанатов, Алмагүл Жұма, Талғат Шайхиев, Шынтас Мұстажаповтар әсем әндерімен кешті әрлей түсті. Шырайлы шарада Қатимолла Бердіғалиевтің жиені Айбар Хайырханов «Атамекен» әнін көрерменнің жүрегіне жеткізе орындады.

Кеш соңында Мақсот Берген туған ауылында көрсетілген құрметке разылығын айтты. Қайда жүрсе де туған жерге сағынышын жүрегінің түбінде ораулы күйінде сақтап жүрген ол ата жасқа жеткенде елінен көрген қошеметіне алғысын білдірді. Анасының зиратына бірінші соғып, құран бағыштамай, бірден мәдениет үйіне жол тартуды қош көрмегенін айтып, толқыды. Туған елінің өзіне көрсеткен құрметі достарының, отбасының алдында мақтаныш екенін айтты Мақсот аға. Алғабас ауылдық кітапханасына «Мейірім әуендері» атты кітабының жиырма данасын сыйға тартты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар