7.12.2017, 12:19
Қараулар: 69
Жерімнің аты — тарихтың хаты

Жерімнің аты — тарихтың хаты

Жеріміздің атында өткен күндердің шежіресі жатыр. Ел мен жердің атын білген ұрпақ туған жерінің тарихын біліп өседі. Ал, өз ретінде тарихи санасы сергек ұландар елшіл болып өседі. Елбасының да қоғамда үлкен сілкініс тудырған белгілі мақаласында «Туған жер» бағдарламасына басымдық берілгені сондықтан.

Сонымен, еліміздің аты-тарихтың хаты екені рас. Ономаст ғалымдардың көрсетуінше, топонимдердің атауына үш түрлі фактор ықпал етеді.

Бірінші, тарихи фактор. Яғни, жер-судың атауы белгілі бір тарихи оқиғалардан хабар береді. Бұрынғы Тайпақ ауданының орталығының Калмыков аталуының сыры қалмақ тайшысының ставкасы болғанынан екен. Теректі ауданындағы Бекей деген ауыл заманында атақты Есенгелді байдың ұлы Бекейдің жаз жайлауы болыпты.

Екінші, географиялық фактор. Топонимдер жердің бедеріне, табиғи ерекшеліктеріне байланысты аталады. Айталық, ұсақ құмды «нарын» деп атаған. Бұған өзіміздің аудандағы Көгеріс деген ауыл да мысал бола алады. «Көгеріс» шөптің бір түрі. Шөптің сол түрі мол өскендіктен аталарымыз ауылдарын солай атаған шығар. Кеңес үкіметі кезінде «Кеңөріс», «Жаңаөңір», «Жаңаөмір» сынды   атаулар болды ғой. «Көгерісті» өзім де сол секілді «Көкөрістің» бұрмаланған түрі болар деп ойлайтынмын. Сөйтсем, мұным жалған этимология екен.

Этимологияның ғылыми, жалған болып екіге бөлінетіні белгілі. Ғылыми этимология жан-жақты тарихи-лингвистикалық зерттеулерге сүйенеді. Жалған этимология (кейде халықтық этимология деп те аталады) жалаң болжамдарға негізделеді. Бұған бірер дәлел келтіре кетейін. Орал қаласын жергілікті жұрттың Теке дегенін білеміз. Жарықтық әкем, соны Кіші жүзді Ресейге бағынышты ету миссиясын мінсіз орындаған Тевкелевпен байланыстыратын. Басында қала патша елшісінің тегімен аталып кейін қысқарып, «Теке» атанған деп түсіндірер еді…

Үшінші, этнографиялық фактордың жайы мынадай. Жердің аты халықтың өмір-тіршілігіне, әдет-ғұрпына байланысты болып келеді. «Көздіғара» деген ауылдың атын алайық. Көнекөздердің айтуы бойынша, жаңа мекенге орналасқан ел құдық қазады. Су қашан шығады деп тұрғанда «судың көзі» жоғарыға шапши жөнеледі. Қуанған құдықшылар: «көзді қара! көзді қара! » деп айқайлай жөнеледі.

Жердің атынан судың сырына бойлап, өскен өлкеміздегі екі-үш гидронимге тоқтала кетейік. Шідерті, Өлеңті, Бұлдырты деген өзендердің этимологиясы туралы түрлі болжамдар бар. Шідертіні біреулер   Төлегеннің шідері қалған жер деп шатасып жүр. «Қыз Жібектен» ертеректе өткен Асан қайғы «Шідертінің шөбі май, Өлеңтінің суы май» деп айтып кеткен емес пе?   Бұдан уақыт қайшылығын, анахронизмді байқаймыз. «Орал өңірі» газетінде жақында жарық көрген «Ұмтылмас үш күн» деген жолжазбасында білгір зерттеуші Мақсат Тәжімұрат «Қыз жібек» жырының оқиғаларының Магнитогрск жақтан басталатынын жазып еді. Ал, біздің қайбір тарихшылар мен әдебиетшілер жырдағы Қособаны ауданымыздағы аттас жер атына жақындатып әлек. Дүниеде аттас жер-су аз ба?! Эпикалық кеңістік, эпикалық уақыт, эпикалық мекен деген болады. Эпикалық кеңістікте үш күндік жолды үш айлық етіп те көрсете береді. Жалпы, фольклорлық туындыдан таза тарих іздеу де дұрыс болмайды. Бір кезде фольклортануда тарихи мектеп деген консепция салтанат құрған. Әлкей Марғұланның өзі де біраз еңбектерін сол бағытта жазып, қателескен. Бұл тарихты тірілтудегі фольклордың көмегін мүлдем мансұқтау емес. Фольклорды ғылыми принциптер негізінде, саралап пайдалану керек деген сөз. Мен мұны филология ғылымның докторы Р.Бердібайдың фольклористикалық зерттеулеріне сүйеніп айтып отырмын…

Енді қайтадан жоғарыдағы үш өзеннің этимологиясына келейік. Бұлардың атауларын ғалымдардың барлығы да монғол заманынан қалғанын жазады. Он үшінші ғасырда монғолдардың жаулап алуынан кейін қазақ жері Шыңғыстың балаларына берілгенін білеміз. 1628 жылдан бастап Хо Урлюк тайшы бастаған қалмақтар Жем бойына келіп, бірте-бірте Еділ мен Жайық арасына орныққан. Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында 1663 жылы да тағы бір көштің батыс Монғолиядан Еділ дарияның бойына жылжығанын айтады. Тіл зерттеушілері «Шаған» деген өзен атының монғол-қалмақ   тілінде «ақ су», «ақ өзен» деген мағына беретінін анықтаған. Сөйтіп, «ты», «ті» деген формаға бітетін атаулардың монғолдық төркіні бары дәлелдеген.

«Туған жерінің қара тасын мақтан ете алмаған жан өзге елдің алтын тасын да мақтан етіп жарытпақ емес»,-деген екен Қаныш Сәтбаев. Бұл бізді алдымен ауылымыздың айналасындағы жер-судың атын білуге шақырып тұрғандай. Сол себептен енді   туған топырағыма тоқталайын.

Бұлан сөзін рудың аты болғандықтан, тіл білімі тұрғысынан этноним деп те айтуға болады. Сырым батырға елдің тізгінін тапсырып, Байбақтыға би болуды жүктеген Бұлан атамыз өмірге келерде ауылдың маңына Бұлан келіпті деседі. Бабамыздың аты солай қойылса керек дейді қарттар.

Бұланның қасында Жирентай, Жарматай, Қабыл, Мақаш, Маңқай, Бораш деген жерлер бар. Бұлардың барлығы да сол мекенді жайлаған жандар. «Ақ Жайық» трилогиясында Ахметұлы Қабылдың Алаш әскеріне ат беріп, көмектескені суреттеледі. Жирентай мен Жарматайды   әкем ағайынды кіселер деп естідім дейтін. Біріншісін имам болған дер еді. Бүгінде зейнетке шыққан ұстазым Қалила Сарықызы да жер тарихынан сыр тартып отырғанда,   Қабыл сынды Жирентай мен Жарматайдың да Бұлан руынан екенін үлкендерден естігенін айтатын. Соның жақында шыңдығына көзім жетті. Жосалыда істеген кезімнен білетін қазір ауданда бір мекемені басқаратын Шайхислам Райсовтың Жирентайға қатысы барын құлағым шалған еді. Шайхислам ағай, расымен, Жирентай ишанның Мұхамбетқали деген баласының қызынан туған жиеншары болып шықты. Соғыс ардагерлерінің анықтамалық кітабын құрастыру кезінде ауылымыздан Жирентаев Мұхаметқали деген майданнан оралмаған азамат кездесіп еді. Сол кезде мұның өзі Жирентайдың баласы болмасын деп қойғанмын. Шынымен де солай болып шықты.

Бұл тарихи-лингвистикалық сипаты бар байыптамамда ауданымыздағы кейбір топонимикалық атауларды талдағым келді. Өйткені, ел мен жер текке бір атпен аталмайды. Топонимдерде тарихтың тіні, өткеннің сыры жатады. Ал, өлкетану үшін соның әр мысқалы қымбат.

Серік Зиятов,

Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар