7.12.2017, 12:21
Қараулар: 244
406 адам жұмысқа орналасты

406 адам жұмысқа орналасты

04.07.12.17Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы күні бүгін өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді.

Аталмыш бағдарлама биыл бірінші рет жүзеге асырылып отыр. Жалпы 3 бағыт бойынша қатысушылар саны осы жылдың 10 айында Сырым ауданы бойынша 1043 адамды құрады.

Сырым аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша 10 айда қысқа мерзімді курстарға орталық арқылы 159 адам жолданыпты. Бағдарламаның жаңалығы болар, ұсынылған кәсіптік мамандықтарда алуан түрлілік, сан салалылық байқалады. Мысалы, бізге белгілі аргондық дәнекерлеу, газэлектрмен дәнекерлеуші, газ оператор, шаштараз, ЭЕМ операторы, іс жүргізуші , аспаз, тігінші мамандықтарынан бөлек, маникюр, бет әрлеуші, әлеуметтік қызметкер, 1С бухгалтер, бала күтуші, массаж жасаушы, кондитер, AutoCAD курсы сияқты мамандықтар игерілуде. Күні бүгін Сырым ауданы бойынша кәсіптік оқуын аяқтаған 123 адамның 17- сі жұмысқа орналасты.

Бағдарламаның екінші бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша осы жылдың 10 айында 13 адам мал шаруашылығын дамыту мақсатында 49,1 млн. теңге несие алды. Олардың ішінде 7 шаруа Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 30 млн. 850 мың теңге несие алса, 6 адам Аграрлық несие корпорациясы арқылы 18 млн. 245 мың теңге несиені «жұмысқа салды»

Жұмыспен қамтуға негізінен жастар санаты мұқтаж болып келеді. Осы мәселеге келгенде «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» деп аталатын бағдарламаның үшінші бағыты да белсенділікке ие, бастысы нәтижелі болып отыр. Жастарды жұмыспен қамту үшін ауданда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 75 жас маман еңбек тәжірибесін арттырмаққа жұмыс берушілермен келісімшарттың негізінде мекемелерге жолданды. Биыл бағдарлама арқылы тәжірибеден өтуге жолданғандарға төленетін айлық еңбекақының көлемі едәуір артып, 1 адамның еңбекақысы 56725 теңгені құрады. Жұмысын аяқтаған 34 адамның 15-і жұмысқа орналасты.

Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір түрі — әлеуметтік жұмыс. Осы он айдың ішінде аудан бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 40 адам жолданды. Ақылы қоғамдық жұмысқа дерекқор бойынша биылғы жылдың 10 айында 13 жұмыс беруші үшін 350 адам жұмысқа тартылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде Сырым ауданы бойынша осы уақытқа дейін 406 адам жұмысқа орналасты. Соның ішінде: мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жұмысқа орналасқандар 35 адам болса, мемлекеттік қолдау шараларынсыз жұмысқа орналастырылғандар саны – 371 – ді құрап отыр.

Ел ескеруге тиісті бір жайт, халықты жұмыспен қамтуда нысаналы топқа жататын адамдарға басымдық беріледі. Бұл басымдық іс жүзінде сақталуда. Осы айлардың ішінде аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінен 159 адам, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуда 36 адам әлеуметтік қорғау шараларын алып отыр. 29 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамтуда 354 жас жұмыспен қамтылды.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы осылайша жалпыхалықтық тұтынуға ие болып келеді. Алдағы міндеттің бірі — бағдарламаның ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізу. Осы мақсатта биыл аудан орталығында 3 рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке қатысушылардың дені кеңес алушылар болып келеді.

Айта кетейік, Сырым ауданында 2017 жылдың 1 қарашасына 137 адам ресми жұмыссыздар есебінде, 1261 адам жұмыс іздеушілер есебінде тұр. Жұмыссыздық деңгейі 1,2 пайызды құрап отыр.

М.Жукей,

Сырым аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар