7.12.2017, 12:33
Қараулар: 273
 » 
Ашық есік күндері жалғасуда

Ашық есік күндері жалғасуда

01.07.12.17Аудан әкімінің ашық есік күндерінің сапары Қособа ауылдық округімен жалғасты. Аудан басшысы Т.Төреғалиев Жырақұдық орта мектебін аралады. Күрделі жөндеуді қажет ететін мектепте қазіргі таңда 81 оқушылар білім алуда. Қособа ауылдық округінің әкімі Ж.Сатаев жыл басынан бері атқарылып келе жатырған жұмыстар туралы баяндап өтті. Аудандық электр торабының басшысы Ж.Молдашев Қособа ауылындағы тозығы жетіп тұрған бағаналарды ауыстыру жұмысы 2018 жылға жоспарланғанын атап өтті. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Қайырғалиев қазіргі таңда ауылдық окургтегі жер асты суы қорының аздығына байланысты су беру уақытымен жүргізіліп келе жатырғанын айтты. Алға қарай бұл мәселені шешу жолдары қарастырылу үстінде. Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Райсов қазіргі таңда ауылдық округ бойынша жалпы саны 19 ірі қара малын бруцеллезден сауықтыру шаралары жүргізіліп жатырғаны және бруцеллез ауруының алдын алу шаралары туралы түсіндіріп өтті. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан ауылдық округтердегі электр бағаналарының көбейтілуі және жолдың сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстарын ортаға салынды. Аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы ауылдағы қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынын айтты.

Мархат Гумарова

*       *       *

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ашық есік күні сапарымен Жетікөл ауылдық округінде болды. Аудан басшысы биыл күрделі жөндеуден өткен Сырым орта мектебін аралады. Мектептің шеберханасы, интернаты, спорт залы, асханасы мен музейінің жұмыс барысымен танысты.

Ауылдық мәдениет үйінде аудан әкімі ауыл тұрғындарымен жүздесті. Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин жыл басынан бері округ бойынша тындырылған жұмыстар жайында хабарлады. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ауданда қолға алынған іргелі істермен таныстырды. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеткен жетістіктерімізді атады.

Ауыл халқының аудан басшысына деген сауалдары болмады. Округтің орталығы Қосаралға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Боқай нүктесінен әр үйге су әкелу үшін биыл желтоқсанда жоба аяқталады. Қаңтар-ақпан айларында қорытындысы шығып, онан кейін су құбырын тарту жұмыстары басталатынын айтты Төлеген Серікқалиұлы.

Т.Төреғалиев Қосарал ауылында тұратын 104 жастағы әже Қамида Несипованың шаңырағына бас сұғып, сәлем беріп, батасын алды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

*       *       *

Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев әріптестерімен бірге Бұлан ауылдық округіндегі тұрғындармен болған кездесуге қатысты.

Жиынға қатысушылар әуелі Бұлан ауылдық округінің 2017 жылдың 11 айындағы әлеуметтік- экономикалық аяқалысы туралы округ әкімі Тимур Құбаевтың хабарламасын тыңдады.

Ашық есік күніндегі кездесуде бұландықтар кіреберіс жолды жөндеу, ауылды ұялы байланысқа қосу және ауылдағы ауыз судың сапасына қатысты мәселені көтерді. Олардың айтуынша, тұщытылған өзен суы тұтынуға ауыр, ішуге ыңғайсыз. Су мөлдір емес көрінеді. Аудандағы ауыз су өндірісіне жауапты «Сырым» коммуналдық мекемесінің директоры Руслан Тасқалиев тұщытылған су адамның тұтынуына әбден жарамды, сарапшылар суға жарамсыз деген қорытынды берген жоқ деп отыр. Жағдайды тұрғындардың өз ауызынан тыңдаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев мәселенің тиісті шешімін жиналыстың үстінде шығарды. Енді Бұлан ауылдық округінің тұрғындары үшін таза ауыз су аудан орталығынан қосымша тасымалданатын болады. Ол үшін ауылдан екі бірдей су нүктесі даярлануда. Кездесуден кейін аудан басшысы Төлеген Төреғалиев ауыл сыртындағы бөгет пен өзеннің басындағы су сору станциясын арнайы барып көрді.

Бұлан ауылдық округінде 4 азамат «Береке» бағдарламасы бойынша несие алып, мал бордақылаумен айналысуда. Аудан басшысы округ әкіміне бағдарламаға қатысушыларды әлі де көбейту жөнінде тапсырма берді.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев Сырым ауданы бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының орындалуы және ауыл тұрғындарын осы бағдарламаның қатысушысы ретінде тарту мәселесіне тоқталды. Тұрғындардың кейбір сұрағына байланысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев сөйледі. Кездесуді аудан басшысы қорытындылады.

Сырым ауданының әкімі Бұлан ауылдық округіндегі жұмыс сапарында Бұлан орта мектебінің жұмысымен танысты. Әкім мектептегі сынып бөлмелерінің жабдықталуына жақсы баға берді. Мектептің негізгі мәселесі – ол, ғаламтор сапасының төмендігі. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жағдайды жақсартудың барлық жолын қарастыру керек деді. Өйткені, білім беру мекемесін инновациялық мүмкіндіктен үзуге болмайды.

Айта кетейік, бүгінгі күні Бұлан орта мектебінде 89 оқушы екі ауысымда білім алады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Бұлан ауылы