7.12.2017, 15:29
Қараулар: 258
ЖЫМПИТЫҒА ГИМНАЗИЯ КЕРЕК ПЕ?

ЖЫМПИТЫҒА ГИМНАЗИЯ КЕРЕК ПЕ?

03.07.12.17Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудан орталығындағы қарттармен кездесті. Негізгі мақсат – атқарылу үстіндегі және жоспардағы жұмыстардың жөн-жобасы мен кем-кетігін бірге талқылау. Жиналысқа Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов қатысты.

Кездесу әуелі хабарламалар тыңдаудан басталды. Күн тәртібі бойынша негізгі хабарламаларды Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Аязбаев және аудандық әлеуметтік төлемдерді есептеу орталығының басшысы Жанаргүл Бекболсынова жасады. Округ әлеуметтік – экономикалық жағдайы мен қоғамдық тәртіп мәселесі және жаңа 2018 жылдан бастап зейнетақы төлеу жүйесіне енгізілетін өзгерістердің жайы осы ретте айтылды.

Қарттар мен әкімнің кездесуі ашық пікір мен ұсыныстың алаңын ұстанды. Пікір дейтіндей жақсы пікір де, ұсыныс дейтіндей жақсы ұсыныстар да болды. Мысалы, жымпитылық қарттар ауыл маңындағы зиратты қоршау мәселесінің ендігі шешілетін уақыты болды деп отыр. Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев ауданға ардагерлер үйі керек деген ұсынысты айтты. Бұл ұсыныс кейінгі жылдары жиі көтеріліп келе жатыр. Аудан әкімінің ұсынысты қолдауға ғана емес, жүзеге асыруға да ниеті бар сияқты.

Қариялар жағы аудан орталығына жаңа мектеп- гимназиясы керек деген жақсы ұсынысқа да бірігіп отыр. Бүгінгі заман – жаңартылған, жаңғыртылған жаһандық білімнің заманы. Ол білімді игеруге, игеру арқылы сол білімді елінің қызметіне салуға ауыл баласының да толыққанды қақы бар. Ұсыныс осындай ойдан туып отыр.

Қазіргі күні аудан орталығында екі бірдей ірі мектеп бар. Бұл мектептердің педагогикалық құрамы да, білім сапасы да барынша жақсы. Тереңдетілген білімді бұл мектептер де беріп жатыр. Осы жерде, кейбір ата-аналардың мектептердің оқу бағдарламалары жаңартылғалы оқушыларға білім алуда салмақ көбейді деген пікірі жиі естіліп жүр. Мұғалімдердің қағазбен «арпалысы» – бөлек әңгіме. Жаңа мектеп-гимназия озық білімнің кепілі бола алады ма, әлде бүгінгі білім беру саласындағы мәселені «екіге көбейтеді» ме? Оқырмандардың не ойы бар екен? Оқушылар не ойлайды? Менің ойымша, білдей аудан орталығына бір гимназия расымен де керек секілді. Әлде бар мектепті оқып қарық қылып алайық па?

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар