14.12.2017, 16:06
Қараулар: 124
«Біздің жұмыста асығыстық танытуға болмайды!»

«Біздің жұмыста асығыстық танытуға болмайды!»

04.14.12.17Жұмағали МОЛДАШЕВ:

1966 жылы алғаш рет Сырым ауданына мемлекеттік энергожүйе бойынша қазіргі Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылынан ұзындығы 56 шақырым 35 кВ әуе желісі тартылды. Сол жылы ауданға қарасты Тоғанас ауылында «Тоғанас» 35/10 кВ қосалқы станциясы орнатылды. Аудан орталығы Жымпиты ауылы 1972 жылға дейін электр торабының тарапынан дизельді двигатель арқылы электр қуатымен қамтамасыз етіліп келді. Жымпиты аудандық электр торабының мекемесі мекеме болып 1972 жылы құрылды.

Желтоқсан айының үшінші жексенбісі күні Сырым ауданының энергетиктері кәсіби мейрамын атап өтеді. Мейрам қарсаңында «Батыс Қазақстан облыстық электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ Сырым аудандық электр торабының басшысы Жұмағали Молдашевпен сұқбаттасқан едік. Сұқбаттасып, біраз жайға қанықтық.

– Жұмағали Нөкенұлы! Келе жатқан кәсіби мейрам құтты болсын!

– Рахмет!

– Электр саласы туралы сөз қозғалса, көзімізге бағананың басындағы адамның елестейтіні рас. Солай болуы заңды да шығар. Әуелгі әңгімені осы ұжымдық құрамнан бастайықшы.

– Жақсы. Сіздер бағананың басынан көріп жүрген адамдарды – біздің тілде электромонтер деп атайды. Мекемеде 50 адам жұмыс жасайды десек, оның 45-сі – осы электромонтер. Қалғаны әкімшілік қызметкерлер мен шұғыл айырып-қосу кезекшісі. Сырым аудандық электр торабы мекемесінің қызметі аясына 257,4 шақырым 35 Кв әуе желісі, 510,3 шақырым 10 Кв әуе желісі, 266,4 шақырым 0,4 Кв әуе желісі кіреді. Бізге «қарап тұрған» 152 дана трансформатор және бар. Негізгі міндетіміз – Сырым ауданын электр қуатымен қамтамасыз ету.

– Сізді аудан жақсы біледі. Әсіресе, өзіңізді елге шаруашылық саласында епті басшы ретінде таныта алған адамсыз. Мекеменің басшылығына келгеннен кейін, басшы ретінде бірінші қандай жұмысты қолға алдыңыз?

– Әуелгі жұмысымды кадр мәселесін шешуден бастадым. Еңбек өнімділігінің басты кепілі – кадр. Кадр болғанда да, сауатты кадр. Мүмкіндігімше, мекемеге жас мамандарды тартуға тырысамын. Өйткені, электр торабы саласы да – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет сияқты бір маңызды сала. Жас мамандардың біліміне көңілім толады. Қызмет барысында олардың тәжірибені көбірек меңгергенін қалаймын. Жастардың аты жас қой, 3-4 айдың ішінде тәжірибе жинап, кәдімгідей қалыптасып, ағаларына жақсы әріптес болып кетеді. Тек бір мәселе, электр энергетикасы бойынша жоғары оқу орынын бітірген мамандар көбіне ауданға жұмысқа келмейді.

– Кадр мәселесімен шаруа шешілді ме сонда?

– Жоқ, әрине. Бірақ, кадрлардың сапасын арттыру өте тиімді болды. Сосын алдымнан екінші мәселесі шықты.

– Қандай?

– Мекеменің ауласындағы қаңқасы бар, пайдасы жоқ техникаларды «аяққа тұрғызу» керек болды.

– Расында да, Сіздің мекеменің техникалық мүмкіндігін ел арасындағы кездесулерде халық жиі сынап жатады. Сонда сіз, сынмен жұмыстанған болып тұрсыз ғой. Бұл жұмыс нәтиже берді ме? Мекеменің техникалық әуелеті қаншалықты артты? Нақты не айтасыз?

– Нақты айтқанда былай. Техникалық мүмкіндік біршама жақсарды. 2015 жылы сол кездегі аудан әкімі Абат Шыныбеков көтергіші 9 метрге жететін МТЗ–82 АП тракторын алып, қолданысқа берді. Қазіргі күні біздің автоалаңда бір–бір данадан МТЗ–80 – кран мен МТЗ–80 АГП тракторы, 2 дана УАЗ автокөлігі, ГАЗ 66, НИВА ВАЗ 21216 ГАЗ 53 аударғышавтокөлігі, біреуі бағана таситын, біреуі тракторға арналған екі тіркеме бар. Бұлардың бәрі мойынына дейін майланып, сақадай сайланып тұр.

– Мекеменің бір күні қалай өтеді?

– Мәселен, Жымпиты ауылының бір көшесіндегі электр желісінде ақау болды делік. Ақау туралы ақпарат әуелі кезекші бөлімге түседі. Сосын кезекші бригадаға наряд беріледі. Жалғыз қызметкер ешқашан да бармайды. Ақаудың басына барғаннан кейін шебер жалпы жағдаймен танысып, жұмыс көлемін белгілейді. Сосын іске кірісеміз. Біздің жұмыста асығыстық танытуға болмайды. Кейде электромонтердің жұмысы дәрігер хирургтің жұмысындай нәзік болып кетуі мүмкін.

Авариялар болғанда басшылық құрам кеңседе болуға міндетті. Бригадамен байланыста боламыз. Жұрт ойлайтындай, телефон бағып отырған жоқпыз. Ақаулар болмаған күндердің өзінде жөндеу жұмыстарына жіті уақыт бөлеміз.

– Жөндеу дегеннен шығады, биыл бірінші кезекте не жұмыстар атқарылды?

– Биыл Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан елді-мекеніне тартылған электр желісін қосымша 47 бағанаға арттырдық. Жосалы ауылдық округіне қарасты Кеңащының елді мекенінің басында су соратын станция тұр. Бұл бағытқа да 30 бағана жаңадан қойылды.

– Жұмыста әуелі не маңызды деп ойлайсыз? Сіздің салада…

– Біздің жұмыста ең бірінші маңыздылық жұмыс емес. Бірінші маңыздылық – адамның денсаулығы. Біз өз-өзімізге техникалық қауіпсіздікке аса мұқият болу талабын қоямыз. Электромонтер үйінен жұмысқа қалай шықты, солай келуі керек.

Өзім басшы ретінде, бәрінен бұрын қызметкерлерімнің өміріне алаңдаймын. Ол түгілі біздің тараптан кеткен кемшілік басқа адамның да өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Әрине, тәжірибе де рөл ойнайды. Бірақ, мұқияттылық міндет.

– Тәжірибелі мамандар бар ма Сіздің ұжымда?

– Бар болғанда қандай? Бізде үздіктер жұмыс жасайды. Мысалы, мекеменің инженері Серікбол Мұқанов мырзаны атағым келеді. Мықты маман, сауатты әрі тәжірибелі. Жақсы ұстаз жас мамандар үшін. Осы сияқты Ерлан Нуфтиев, Мұқан Нұрпейісов, Ерлан Ахмедияров, Нұржан Кәрімғалиев, Аман Қанафин деген әріптестерімді үлгі қыла аламын. Бұлар кешегі Ғұбайдолла Мусиров, Мәлік Тәжғалиев, Төлеген Мәмбетов, Серікқали Иманғалиев сияқты әріптес ағаларымыздың жолын адал жалғастырушылар.

– Қай еңбектің де еншісі елге ғой. Сөзіңіздің соңында елге не айтар едіңіз?

– Әрине, біз халықтың қызметшілеріміз. Олардың берген бағасына биіктейміз, айтқан сыны мен артқан сенімі үшін еңбек етеміз. Газет бетін пайдаланып, аудан тұрғындарын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесімен құттықтаймын. Ел аман болсын, ауданымыз көркейсін! Өзіміздің тілмен айтқанда, елдің жарығы сөнбесін!

– Әмин, айтқаныңыз келсін! Аман жүріңіздер!

Әңгімелескен: Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар