21.12.2017, 9:31
Қараулар: 133
 » 
Қоспа медіресесі

Қоспа медіресесі

Бірде теледидардан отызыншы жылдары қуғындалған діни қайраткерлер жайлы естіп қалдым. Сол хабарда қызылдардың қырғынына дейін елімізде мешіттер көп болғаны айтылды. Алланың үйі, әрине, біздің ауданымызда да аз болмаған. Бұл мақалада Қоспа медіресесі, Шүйеке, Жайлыбай ишандар туралы әңгімелекшімін.
Жайлыбай ишанның атын алғаш әкемнен естіген едім. Тоқсанға жақындап өмірден өткен Дәметкен әжем де Жайлыбай қайнағасы туралы айтып отыратын. Жайлыбай ишан Көздіғарада мешіт ұстапты. «Ишан қайынаға өзін ұстайтынын естіп, қашып үлгерді», — дейтін әжем. Бірақ, әкесінің орнына Нұрым деген баласын ұстап алып кетіпті. Қазіргі күні Нұрым атамыздың Ағилаш деген қызынан тарайтын ұрпақтары бар.
Жайлыбай ишанды әкем көргенін айтатын. Бұған алғашында мен күмән келтірдім. Өйткені, әкем соғыс басталатын жылы өмірге келген. Жайлыбай ишан болса, елден отыз жетілерде жылыстаған.
… 1947 жылы болса керек. Бір күні түн ортасындағы үйдегі абыр-сабырдан әкем оянып кетеді. Сөйтсе, соғымға сақтап отырған екі қойдың бірінің еті қазаннан түсіп жатады. Көршілер мен тағы үш-төрт ет жақын кісілер ортадағы шүйкедей шалдың әңгімесін тыңдап, сөйлесіп отырады. Әкем бір қабырғаны мүжіп, ұйқыға кетеді. Бала кездегі суреттер ұмытылмайды ғой. Кейін есейгесін сұрап білсе, сол түндегі жетпістердегі еңкіш тартқан ақ сақалды қарт Жайлыбай ишан екен. Орынбордан елді сағынғасын, жасырынып келіп кетсе керек.
Тоқсоба руынан шыққан Шүйінішқали ишан туралы әкем мен Кәримолла деген құдамыздың сөзінен естідім. Қоспада Шүйеке ишанның мешітінің жанында шағын медіресесі де болған,-дейтін Кәримолла құда. — Әжем жасында сол жерде от шағып, ас пісірген. Шүйеке ишан қара суды ұйытып тастайды екен. Жазғытұрым кезде гүрілдеп жатқан Өлеңтінің суын ишан оқумен екіге айырып, өте береді екен.
Бұл әңгімедегі мистицизмге сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Дәдем атаның да от болып жанып бара жатқаны айтылады. Белгілі филолог ғалым Берікбай Сағындықұлының әкесінің де Сырдарияның үстінен жүгіріп өте беретіні жайлы оқыған едім. Қалай десек те тылсым күшті, құдіретті жандар өмірде болған ғой.
Шідерті мен Өлеңті өзенінің сағасындағы Қоспаны жергілікті жұрт Ақбор деп те айтады. Молалар ақ бор тастан көтерілгендіктен солай аталса керек. Бір кезде Ақборға түнеушілердің қарасы қалың болыпты. Бертін келе сиреген. Дегенмен, күні кешеге дейін келіп тұрғанын өзім де көрдім. 1996 жылдың жазында күре жолдың бойында қой бағып жүргенде ішінде екі-үш кісісі бар «Уазиктен» түскен отыз бес-қырықтардағы ағай жөн сұрады. Қаратөбе ауданынан Ақборға түнеуге келе жатыр екен. «Ауылдарында қаратөбеліктер бар ма?»-деп сұрады. Қалдығайдылық болып келетін құрдасым Есалиев Серіктің үйіне жібердім.
«Қазығұрттың басында кеме қалған. Сірә, әулие болмаса, неге қалған?»-деген бар емес пе. Ақбор киелі жер болмаса, ел түнемес еді. Ақборда жалғыз Шүйеке ишан ғана емес, басқа да аруақты кісілер жерленген. Бұдан жеті-сегіз ай бұрын маған Оралдан тарих ғылымының кандидаты Ж.Есмурзин хабарласты. Ғалымның айтуынша, Орынбор архивінен Шүйеке ишанға қатысты дерек табылыпты. Шүйекенің шын есімі Шүйінішқали екен. Мұрағаттағы құжатта Шүйеке ишан Нақшыбандия мектебінің ірі өкілі деп жазылыпты.
Сопылық ілімнің өз ішінен тармақталғаны белгілі. Бұхара шаһары орталығы саналатын Нақшыбандия бағытының қазақ хандығында үлкен ықпалы болған. Батыс Қазақстан діндарлары негізінен аталған мектепті ұстанған.
Орынбордағы тиісті орындар Шүйінішқали ишанды не үшін бақылауда ұстаған? Бұл үшін метрополияның діни саясатына аздап экскурсия жасау керек. 1865 жылы 5 шілдеде ІІ Александр басқарудың жаңа жүйесін енгізіп, қазақтарды христиандандыру жайлы рескрипті шығарды. «Сахарадағы мұсылмандық туралы» деген Ш.Уалихановтың мақаласынан: «Бізде сыртқы округтер құрылғаннан бергі уақыт ішінде православиені қабылдаған қазақтардың есебі жөнінде ешқандай мәлімет жоқ. Бірақ ондайлардың саны аз болмаса керек» дегенді оқимыз. Демек, патша жарлығы шықпай тұрып та шоқындыру басталып кеткен. Бұған қарсы тұрған кімдер? Әрине, әр өңірдегі Шүйінішқали сынды көрнекті діндарлар. Бұлардың арасынан Науан хазірет (Наурызбай Таласов) пен Шәймерден Қосшығұлов Сібірге жер аударылды. Ш.Қосшығұлов шоқындыруға қарсы не істеуге болатынын сұрап, Абайға хат жазды. Сол үшін Абайдың үйіне жандармерия тінту жүргізді. Алғашқы петицияны жазғандар да діндарлар болды.
Патша үкіметінің миссионерлік саясатына қарсылық жеке жүрмеген. Мұсылман діндарлары жасырын бірігіп күрескен. «Ақ Жайық» трилогиясында Бұхара шәріптен шыққан көк есекті Құтқожа деген пірәдардың жыл сайын ел көзінен елеусіз Түркістан қаласынан бастап, мешітті, медіреселі жерлерді аралап, ең соңынан Қоспаға тоқтайтыны жазылған. «Хазіреттің қол берген мүриттері көк есекті әулиеге бас иіп, тағзым етіп, көз жұмып жол берді. Қанақасында Қуанай әулиемен бір күн, бір түн сұхбаттасты»,-делінеді аталған романда.
«Ақ Жайықты» мен екі рет оқыған едім. Бірақ, «қанақасында» деген сөзді «қоңағасында» деп жаңсақ оқып жүріппін. «Ханака» деп сопылардың жер асты мешітін айтады. Орынбор архивінен Шүйінішқали ишанның Нақшыбандия мектебінің белді өкілі екенін көрсететін дерек табылғанын айттық қой. Ханака дәл сол рухани бағытқа жататын жер асты ғибадат орны. Хамза Есенжановтың шығармасында тарихилықтың, деректіліктің керемет сақталғанын бұрыннан білуші едім. Енді тағы да жазушының тарихи шыңдықты көркемдік шыңдыққа айналдырғанына риза болып отырмын.
«Қазақстан» газетінің 1912 жылғы ақпан айындағы 6-шы санында Мер Ғазиз Зиннуров деген автор Жымпитыдан 18 шақырым жердегі Қоспада Қуанай хазіреттің шәкірт тәрбиелеп жатырғанын былайша жазған: «Жымпиты-Қызыл үй мен Қосбаның арасы 18 шақырым шамасы. Екеуінде де кішірек кене мектеб бар. Қосбада мектеп кішкене болғанмен де үлкен шәкіртдер де бар. Қосбадағы мектептің басталғанына 20-30 төмен етерге мүмкін. Ама Қызыл үйдегі мектебінің басталғанына он екі-он үш сана. Бұл мектебдердің басында болған адамдарны жазбай қалдыру хианат болар: Қосбада Қуанай нам ишан, әмме Қызыл үйдегі мектеб басында Ғабидолла нам халфе. Бұл адамдар һәр екеуі де халық үшін файдалы адамдар һәм оқымысты адамдар. Хасуса Қуанай хазірет ғиртлы адам. Бұ мектебдерге төте оқыту әлі кірген жоқ. Алайда жақын арада төте оқытуны қабыл етулері үмид етіледі. Бұ күнде төте оқыту қазақ ішінде де жайыла бастады. Біздің тарафда үш орында қазақ ішінде төте оқытуменен оқытылады».
Бұл мақаладан Қоспамен қатар Жымпитыда да шамамен 1900 жылдан бастап шағын діни мектеп болғанын байқаймыз. «Қосбадағы мектептің басталғанына 20-30 төмен етерге мүмкін» дегеннен 1880-1890 жылдардан бастап Қоспада мұсылманша оқытатын шағын мектептің жұмыс жасағанын түсінеміз. Бұлардың большевиктер билікке келгенше өмір сүргені анық.
P. S. Жамбыл ауылындағы Атшоңқай деген жерде мешіт болыпты. Кезінде сондай сөзді үлкендерден естіген зейнеткер-ұстаз Қалила Сарықызы Бұлан ауылының маңында Жирентай ишанның да мешіті болғанын айтады. Бұрындары барлық жерде солай болған секілді. Сондықтан естіген, білгенімізді жинастырғанымыз жөн.
С.ЗИЯТОВ,
Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі