21.12.2017, 10:14
Қараулар: 134
Расымен де «База жасамай тұр ма?»

Расымен де «База жасамай тұр ма?»

Сырым ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі  ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық етті.

Отырыстың күн тәртібінде бірінші болып аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Өтеген Уашевтың аудандағы сапасыз, заңсыз салынған құрылыс және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау туралы мәселесі тыңдалды. Аса бір белсенді талқылауға тап болған мәселе – учаскелік полиция инспекторларымен атқарылған жұмыстардың жайы болды. Алғабас, Бұлдырты және Жымпиты ауылдық округтері бойынша учаскелік полиция инспекторларының атқарылған жұмыстары туралы хабарламалары аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен аудан прокуроры Қанабіл Төремұратовтың тарапынан қатты сынға ұшырады. Сын неден туды? Біріншіден, полицейлердің хабарламалары жете зерделенбеген, яғни комиссия отырысына ақпараттық дайындық жасамаған. Екіншіден, жүргізілген жұмыстар аудан әкімдігі мен аудан прокуратурасы қатаң бақылауда ұстап отырған қылмысты болдырмау бағдарламаларының жұмыстарына сәйкеспейді. Осындай сәйкессіздік мал ұрлығының айналасында өршіп тұр. Мәселен, ауылдық округ әкімдері мен жергілікті учаскелік полиция инспекторларының бірлескен рейдтері өзінің тиімділігін дәлелдей алмай отыр. Жұмыс жасалмай жатқан жоқ, жасалып жатыр. Тек, жүйе жоқ.

– Қылмыспен күрес – тек ішкі істер саласының ғана міндеті емес. Қылмыс қоғамның жауы болған жерде, онымен күресу қарапайым тұрғынға да, лауазымдағы тұлғаға да — ортақ міндет. Ауданда мал ұрлығы тыйылмай тұрғаны белгілі. Мал ұрлығы, ол – халықтың байлығын талан–таражға салу. Мұны тоқтату керек. Ал осыны тоқтату үшін жасаған жұмыстарымыз неге дұрыс нәтиже бермей жатыр? Себебі, қылмысқа қарсы күресте үйлесім жоқ. Бұл жерде ауылдық округ әкімі, учаскелік полиция инспекторы және ауылдың ветеринар маманы бірлескен түрде қимылдауы керек, – деді аудан басшысы Төреғалиев.

Мал ұрлығының бір ұшы полицейлерге ғана емес, ветеринар мамандарға да тиіп отыр. Өйткені, ауыл тұрғындары үшін сойылған малдарға анықтама алу үлкен мәселеге айналып барады. Анықтама сұрай барған тұрғындарға ветеринар мамандардың айтатын жауабы бір: «База жасамай тұр!» Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шайхислам Райсовтың айтуына қарағанда, бөлімнің анықтамасы азаматтарға тек сенбі, жексенбі күндері ғана берілмейді екен. Қалған уақытта алып бара жатқан мәселе жоқ көрінеді. Бұл жерде малдың жеке бас құжатын анықтама орынына пайдаланып жүрген тұрғындардың да кінәсі бар ма, әлде ауылдық жерлердегі ветеринар мамандар шынымен де қызметтеріне салғырт па, бәлкім расымен де база жасамай тұр ма, оны нақты білмедік. Бір білетініміз, аудандағы мал ұрлығы мәселесінде кінәні де, міндетті де салалардың бір–біріне сілтеудің белең алғаны. Ал зардап шегіп отырған – қарапайым халық. Бұл туралы оқырмандардың алып–қосары болса, аудандық газет пікірлесуге әзір.

Отырыс барысында аудан орталығындағы бақылау бейнекамераларының да істен шыққанын, тіпті кейбірінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін естідік. Түсінгеніміз, мүлт кетіп жатқан жерлеріміз көп екен. Әсіресе, қоғамдық тәртіп саласында. Былай қарасаң, кеңседе керіліп отырған полиция инспекторын да, басшысын да көрмейсің. Бәрі қызметінде, бәрі елдің ортасында жүр. Бірақ, жұмыс өнбейді. Неге? Осы  жерде полиция қызметкерлерінің қызметіне кедергі келтіретін көлеңкедегі күштер бар ма деген күдіктің де ойға келетіні рас.

Отырысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Отырыстан кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен Сырым ауданының прокуроры аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша аймақтық комиссияның отырысына қатысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар