4.01.2018, 14:43
Қараулар: 83
Ветеринариялық жұмыстарды атқарудағы кемшіліктер айтылуда

Ветеринариялық жұмыстарды атқарудағы кемшіліктер айтылуда

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Елтай және Талдыбұлақ ауылдық округтерінде жұмыс сапарымен болып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Осы күні екі ауылдық округтің орталығында аудан әкімдігінің ашық есігі күндеріне орай жиналыстар өтті.

 

Елтай ауылдық округіндегі жиында тұрғындар ауылішілік электр желілерін жөндеу мәселесін көтерді. Жеке тұрғындардың тарапынан округте электр энергетикасы саласы бойынша кадрлық мәселелердің де бар екенін айтуда. Сауалдарға «Батыс Қазақстан облыстық электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ Сырым аудандық электр торабының басшысы Жұмағали Молдашев жауап берді. Жиналыс қорытындысы бойынша, бұл мекеме Тасқұдық ауылының ішіндегі электр желілерін жөндеу туралы аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің тиісті тапсырмасын алды.

Округ бойынша ауыл тұрғыны Т. Ахметқалиев «Береке» бағдарламасы бойынша 1, 5 теңге несие алып, 8 бас ірі қараны бордақылауға қойды.  Бұл бағыттағы округтегі жалғыз көрініс – осы. Тасқұдық ауылы тұрғындарының ауылшаруашылық саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу деңгейінің төмен екендігін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев те атап өтті.

Талдыбұлақ ауылдық округінің орталығындағы тұрғындармен болған кездесуде ветеринариялық жұмыстарды атқарудағы кемшіліктер көптеп айтылды. Осы мәселенің жергілікті ветеринар мамандардың жұмысына өте салғырт қарауы кесірінен ушығып тұрғанын ауыл адамдары Сырым ауданы прокуратурасының кеңес керуені келген кезінде–ақ айтылған. Айтылғаны не керек, айтылған да қалған. Округтегі жергілікті маңызы бар мәселе туралы ел алдында түсінік беру үшін аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Шайхислам Райсов, аудандық ветеринарлық станциясы директорының міндетін уақытша атқарушы Әселхан Хамзина кешегі жиналысқа арнайы қатыстырылды. Талдыбұлақ  ветеринарлық жұмыстардың дұрыс жүрмей жатқаны үшін шағымданып жатқан жалғыз округ емес. Бұл мәселе басқа округтерде де кездесіп жатыр.

Сырым ауданы әкімдігінің ашық есігі күндерінің Талдыбұлақ ауылдық округінде болған кездесуіне БҚО қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов қатысты. Басқарма басшысының айтуынша, ветеринариялық жұмыстардағы салғырттық адам денсаулығына да кесел келтіруде. Биылдың өзінде облыс бойынша 67 адам малдан сарып ауруын жұқтырған.  Бұл көрсеткіш былтырғыдан 3 есе артық болып отыр. Қоғамдық денсаулық сақтау саласының өкілдерін тұрғындардың екпеден бас тартуы да алаңдатып отыр. Екпеге ерік бермегендердің саны облыс бойынша 950 адам болса, оның 75–і Сырым ауданының тұрғындары екен.

Осы сияқты округтердегі кездесулерде аудандағы сала басшылары коммуналдық қызметтер, жаңа үлгідегі әлеуметтік жәрдемақы төлеу, жаппай кәсіптік білім және нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары бойынша түсініктер беруде. Жиындарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Тасқұдық — Талдыбұлақ