11.01.2018, 11:04
Қараулар: 57
Сенаторлар – Сырым ауданында

Сенаторлар – Сырым ауданында

Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев келді. Сенаторлар аудандағы сапары барысында бірқатар нысандардың басында болды.

Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылы 2014 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесіне қосылған болатын. Жергілікті билік ендігі жерде аудан орталығына Жосалы ауылдық округіндегі Кеңащы жер асты су кен орны арқылы таза ауыз су жеткізуді жоспарлап отыр. Ұзындығы 75 шақырымды құрайтын бұл су құбырының құрылысы жүзеге асатын болса, аудан орталығымен қатар, ауданға қарасты бірқатар елді-мекендер орталықтандырылған таза ауыз суды тұтынуға мүмкіндік алады. Ауыз су жүйесінің құрылыс жоспарымен танысқан сенаторлар да жобаның тиімділігін мақұлдады. Жобаның құны 1 млрд 700 млн теңгені шамалайды.

Кейін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Самара-Шымкент халықаралық күре жолының бойынан салынып жатқан «Жібек жолы» автокешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Ғанимат Нұрмұханов жетекшілік ететін «Жібек жолы» шаруа қожалығы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. «Жібек жолы» автокешені – қожалық үшін ғана емес, Сырым ауданының кәсіпкерлік саласы үшін де табысты қадам болғалы тұр. Бұл жерде автокөлік жуу мен көлік дөңгелектерін жөндеу сервистері, заманауи сауна, сонымен бірге супермаркет, асхана, 16 бөлмелі қонақүй секілді қызметтер үйлестіріледі. Кешеннің құрылысы 2018 жаз айларында толық аяқталады деп күтілуде.

Осы күні Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиевтың қатысуымен жиналыс өтті. Жиналысты Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев жүргізді. Жиналыстың күн тәртібі бойынша ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сөйледі.

Сенатор Ерболат Мұқаев өзінің сөзінде, Сырым ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын өте жақсы деп бағалайтынын айтты.

–        Батыс Қазақстан өңірі бойынша үш ауданды мысалға келтірейін. Сырым ауданы, Қаратөбе және Шыңғырлау ауданы. Бүгінгі күні бұл үш аудан көгілдір отынды 100 % тұтынып отырған аудандардың қатарында.  Бұл аудандарда жол мен ауыз су мәселесі де өте оңтайлы шешілген. Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау ауданы осы көрсеткіштердің өзі бойынша облыс түгілі, республикалық көрсеткіштен де жоғары тұр. Әлеуетті аудан болу деген – осы! – деді Мұқаев мырза.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев бүгінгі қазақстандық қоғамдағы өзекті мәселелер мен өзгерістер туралы пікір білдірді. Сырым ауданының активі депутаттарға зейнеткерлерге арнайы статус беру, мектептердегі ғаламтордың жылдамдығын арттыру, халыққа ұсынылатын мәдени шығармашылық өнімдерді сараптайтын көркемдік кеңес құру, тележобалардың мазмұнын қадағалау туралы ұсыныстар берді. Соңғы екі ұсынысты айтқан Сырым аудандық мәслихатының депутаты, мәдениет саласының қызметкері –  Серік Тоқмамбетов.

Жиналысты аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады. Кейін сенаторлар Жымпитыдағы Алаш мұражайымен танысты.

 

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар