11.01.2018, 11:33
Қараулар: 19
Механизатор мен малшыға мемлекеттік қолдау керек!

Механизатор мен малшыға мемлекеттік қолдау керек!

Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев келді. Депутат мырза әуелі Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша кешеніндегі мұражай бөлмесін және аудан орталығы Жымпиты ауылындағы Алаш мұражайын көрді. 

Осы күні Сырым аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің төрағалық етуімен ауылшаруашылық мәселелері бойынша жиналыс өтті. Жиналысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев, Батыс Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев және округ әкімдері, шаруашылық құрылымдарының басшылары, ауылшаруашылық кооперативтердің мүшелері, ветеринар мамандар қатысты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев өзінің жиналыстағы негізгі сөзінде Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласына тоқталды.

–        Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы – Қазақстандағы рухани серпіліске екінші тыныс берді. Бұл мақаланың негізгі мәні – адамды драйверге айналдыру. Мен мұны Сондықтан,  «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар»  атты мақала тек елдің рухани әлеуетінің көтерілуіне ғана емес, экономика болсын, ауылшаруашылығы болсын, қай сала үшін де дамудың тың бағытын белгіледі деп ойлаймын.

Қазіргі заман – пайданы ойлайтын заман. Пайда табу – адамға да, мемлекетке де тиімді. Әрбір әкімді, әрбір кәсіпкерді, әрбір шаруаны қаржымды қалай көбейтемін деген сұрақ ойлантуы тиіс. Бұл сұрақ дамуға, жетілуге деген ықыласты оятады,  — деді мәжіліс депутаты өзінің сөзінде.

Жиналыста аудан шаруалары мәжіліс депутатына негізінен ауылшаруашылық мәселелері бойынша сауал қойды. «Шідерті» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Хамидуллиннің айтуынша, оның қожалығы бүгінгі таңда ірі қараның аналық басын көбейтумен және бордақылаумен айналысып жатыр. Шаруашылық мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысушылардың да қатарында. Қожалық жетекшісі үшін қазіргі уақыттағы ауылшаруашылық техникаларының құнының қымбаттауы кәдімгідей мәселе болып отыр. Несиеге алған тиімсіз, алмаса қолың байланады. Ал, «Тоқмырза» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Жонысов ветеринарлық жұмыстарға жауапты қарайтын уақыт жетті деп есептейді. Жауапкершілік ветеринар мамандардың да, жеке тұрғындардың да тарапынан керек.

Сырымдық шаруа Исламбек Өзбековтың көтерген мәселесі – ауылшаруашылық саласының мамандарын мемлекеттік қолдау туралы. Бүгінгі күні ауылшаруашылық саласы шаруа кадрлардың жетіспеушілігін кешуде. Өзбеков мырза осы мәселені шешу үшін, механизатор, малшы секілді мамандық иелеріне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тиімділіктер ұсыну керек деп отыр. Бұл ұсынысты біз өте орынды деп ойлаймыз.

Көтерілген мәселелер бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев әріптестерінің де пікірін тыңдады. Жиналыстан кейін мәжіліс депутатының жұмыс сапары Шолақаңқаты ауылдық округінде жалғасты. Бұл жерде Жексенбай Дүйсебаев Қайрат Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Правда» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар