25.01.2018, 16:01
Қараулар: 277
«Рухани жаңғыру: Алаш пен азаттық идеясының сабақтастығы»

«Рухани жаңғыру: Алаш пен азаттық идеясының сабақтастығы»

(халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы турасында)

Елорда төрінде Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институты мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ бірлесіп «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция жұмысына отандық және шетелдік  жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, оқытушылары, белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлер қатысты. Маңызды жиынды ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Конференция барысында күн тәртібіне орай баяндама жасаған отандық және шетелдік ғалымдар, бір ғасыр өткен алаштықтар идеясына тарихи тұрғыдан баға беріп, Алашорда үкіметі кеңестік басқаруға қарсы балама билік ретінде құрылған ұйым деген баға берсе, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов, дербес мемлекет құруды көздеген алаш арыстарының талаптары дәл бүгін іске асып отырғанын, сол себепті, тәркіленген тарихымызды қалпына келтіріп, аталарымыз армандаған тәуелсіздік, бостандық, теңдік, құқықтық, жасампаздық идеяларды келер ұрпақтың жадына сіңіру асыл мұратымыз екенін жезкізді.  Сонымен қатар көпшілік қауым Қазақстан Жазу-шылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин бастаған отандық зиялылармен бірге, әзербайжандық ғалым Мұса Ғасымлы, өзбекстандық тарихшы Ильхомжон Саидов, қырғыз профессоры Зайниддин Қурбанов, башқұрт оқымыстысы Марсель Фархшатовтың алаш арыстарына қатысты ғылыми баяндамаларын зор ықыласпен тыңдады.  Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде «Өткен ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан Алаш арыстарында елінің азаттығынан басқа арман-мүдде болған жоқ. Олар өздеріне үміт артқан бұқара үшін түн ұйқысын бөліп, небір азапты жолдарды бастан кешірді. Ақыр аяғында бәрі дерлік сол жолда құрбан болды. Міне бүгін сол арыстар армандаған азаттыққа қол жеткізіп отырмыз. Демек, біздің қазіргі егемендіктің негіздерін сол алаштықтар қалап кеткенін білуіміз керек. Бүгінгі конференция сол өткен тарихқа жаңаша көзқараспен баға беру үшін ұйымдастырылып отыр. Өз басым Алаш зиялыларының екі үлкен мақсаты болған деп ойлаймын. Бірінші мақсаты – елінің азаттығы, екіншісі – елдің рухани жаңғыруын қамтамасыз ету. Ол дегеніміз – бұқараны білімге шақыру, ұлттық санасын ояту» — деді. Конференцияның  жоғарыдағы алаштықтар ұстанған екі негіздің шын мәнінде 100 жылдан кейінгі орындалғанын куәландырушы жиын іспетпес болғаны қуантады. Сонымен қатар жиын барысында Қазақстан тарихының құрамдас бөлігі саналатын Алаш қозғалысының тарихы мен Алашорда үкіметінің қызметі «Рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасының аясында зерделенді. Бұл, өз кезегінде, Қазақстан қоғамына тиімді әсер етіп, халқымыздың тарихи санасын байытуға зор үлес қосатыны даусыз.

Конфереция жұмысына қатысушылары төмендегідей ұсыныстар жасады:

— Алаш қозғалысы қатысушыларының мұрасын зерттеуді одан әрі жалғастыру, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Алаш қозғалысы мен қайраткерлерінің қызметін тереңнен ашатын іргелі зерттеулер жазуды ұйымдастыру. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлердің қоғамдық-саяси қызметін халыққа насихаттау мақсатында қозғалыс өкілдерінің толық шығармалары берілген «Алаш қозғалысы тарихы» атты ғылыми басылым кітаптар сериясын жариялау;

— Алаш қозғалысына қатысты сол дәуірдің мұрағат құжаттарын жүйеге келтіріп, құжаттар сериясын басып шығару;

— Аудио-визуалды ақпарат түрлері, тасқа таңбаланған көркем сурет, Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, М.Дулатов пен ХХ ғасыр басындағы Алаш арыстарының есімдерін қасиетті орындарға, ғылыми ұйымдар мен ЖОО-на беру арқылы қозғалыс жетекшілерін мәңгі есте сақтау жұмыстарын жалғастыру;

— «Әлихан Бөкейханов», «Алаш қозғалысына 100 жыл» атты төсбелгілер тағайындауды және олармен Алаш қозғалысы қызметін зерттеу мен таратуға қомақты үлес қосқан Қазақстан және шетел азаматтарын марапаттауды ойластыру;

— Алаш идеясын кеңінен насихаттау мақсатында жетекші өкілдер шығармаларын, олар туралы іргелі зерттеулерді шет тілдеріне аудару;

— Республиканың жетекші ғалымдарының қатысуымен Алаш қозғалысын әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерттеу ісін қолға алу.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары осындай нақты ұсыныстар арқылы Қазақстан тарихындағы Алаш қозғалысының маңызын айқындауда қомақты жұмыстар атқарылады деп есептейді.

Басқосу барысында кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорынан Алаш арыстарының туындыларынан 28 жәдігер-кітап әкелініп, таныстырылым жұмыстары жүргізілді.

Нұржауған ҚұлмҰханова,

Жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы

орта мектеп-балабақша кешенінің директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар