25.01.2018, 16:11
Қараулар: 292
Барды бағалай білген ауыл

Барды бағалай білген ауыл

Жетікөл ауылдық  округінде  әкімдердің есеп беру жиыны жалғасын тапты. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің есептік баяндамасының тексті аудандық газет бетінде жарияланғандықтан, баяндама қайталап оқылған жоқ. Округ әкімі Салауат Ғабдуллин жыл ішінде  атқарылған жұмыстар жайында есеп берді. 

Онда өткен жылғы есеп беру кездесуі барысында түскен ұсыныстар – Жетікөл бастауыш мектебіне ағымдағы жөндеу, Қосарал ауылына техникалық су тарту жұмыстары шешімін тапса, Жетікөл елді мекенінің Бұлдырты көшесіне орта қысымды газ құбырын тартуға жобалық-сметалық құжаттары жасалағаны айтылды.  624 орындық  жалпы білім беретін  мектеп-балабақша кешені күрделі жөндеуден өткен. «Игілік», «Береке», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша жұмыстанып жатқан шаруа қожалықтары, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер ауылшаруашылығы техникаларын лизингке сатып алса, несиеге мал басын өсірумен айналысатындар қатары көбейіп отыр. Округте дәрігерлік  амбулатория және фельдшерлік пункт қызмет көрсететіндігі және қызмет сапасы оң аталып өтілді. Өткен жылы осы өңірге  Сырым Датұлы бабамыздың  275 жылдығына қатысты және тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыру мақсатында 52 шара өткізілген.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» бағдарламасы  аясында ауыл кәсіпкерлері Б.Күсесов пен  Т.Үдіреев қолдау көрсетіп, мүгедек жандардың  үйіне газ кіргізіп, балабақша ауласына 1 млн 200 теңгелік ойын алаңын тұрғызып, саябақ отырғызғаны өнегелі бастама. Кездесуде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Молдағалиев, ветеринария бөлімінің басшысы Ш.Райсов, аудандық электр торабының басшысы  Ж.Молдашев, аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушы Р.Тахамбетова, аудан әкімдігі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары  және мемлекеттік қызметтер бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қ.Ишанғалиев, аудандық қоғамдық денсаулық басқармасының  бас маманы Қ.Мұхамбетқалиевалар өз салалары бойынша және округке қатысты кейбір мәселелерге тоқталып, кеңес берді. Ауыл тұрғыны Е.Рамазанов ауыз су, С.Досқалиев бөгетті қалпына келтіру, Қ.Саханов жедел жәрдем көлігі,  Б.Есламғалиева  малға таңба салу мәселелерін ортаға салды. Жалпы ауыл тұрғындарынан барға қанағат, шүкірлік пейіл аңғарылды. Аудан әкімі Т.Төреғалиев есептік жиынды қорытындылап, көтерілген мәселелерге кеңінен түсінік берді. Соңынан аудан әкімі жекелеген тұрғындарды қабылдады.

М.Мүтиұлы