25.01.2018, 16:13
Қараулар: 258
Мектепке көлік сұрайды

Мектепке көлік сұрайды

Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Құбаев Жамбыл ауылының тұрғындары үшін есептік кездесу өткізді. Жиналысқа Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Сырым аудандық сотының төрайымы Ботакөз Баймұханова қатысты.

Жамбылдықтар осыған дейінгі есептік кездесулерде Жамбыл негізгі мектебінің жылыту жүйесін қалыпқа келтіру мәселесін көтеріп жүр еді. Былтыр осы мәселе түбегейлі шешіліпті. Мектептің жылыту жүйесі жаңаланып, едендері «жылы еден» технологиясына ауысқан. Оның үстіне, мектеп ғимаратының айналасына мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен 6 көше жарықшамы және қосымша 2 қуатүнемдегіш жарықшам қойылыпты. Осы ақпараттар округ әкімі Тимур Құбаевтың есептік баяндамасында кеңірек айтылды.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов округ әкімінің есептік баяндамасын жүйелі деп бағалады. Жамбыл негізгі мектебінің директоры Тарас Ихсанов ауыл мектебіне көлік керек деп отыр. Ауыл тұрғыны Серік Жанысов ауылішілік электр желісін таратуды дұрыс ұйымдастыру жайлы мәселе көтерді. Келесі тұрғын Закария Кәрімов те осыны айтады.

Қазақстандық қоғамда халықтық пікір барынша шешуші болып келеді. Осы және халықтық пікірдің күші – медиация мәселесі туралы Сырым аудандық сотының төрайымы Ботагөз Баймұханова хабарлама жасады.

Жиналыста аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытынды сөз сөйледі. Кейін орынбасар мырза округ әкімі Тимур Құбаев және аудандық тұрғын — үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевпен бірге Сара Жұмағұловаға тиесілі коммуналдық үйдің жағдайымен танысты. Айта кетейік, Сара Жұмағұлова Жамбыл ауылындағы есептік кездесуде өзі тұрған коммуналдық үйді жөндеп беру жөнінде мәселе көтерген болатын.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы