1.02.2018, 11:55
Қараулар: 56
Бұлдыртыға жаңа спорт кешені керек!

Бұлдыртыға жаңа спорт кешені керек!

Бұлдырты ауылдық округінің орталығында ауыл жастары мен зиялы қауымы үшін жиналыс өтті. Жиналыстың басты тақырыбы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы пікірлесу.

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев төрағалық еткен жиналысқа Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов және бірқатар спорт мамандары қатысты.

– Жолдау – саяси құжат қана емес, ол елдің өзінің сөзі. Елдің сөзін түсіну үшін баяндама оқудың қажеті жоқ. Әрбір тұрғын, әрбір азамат өзін мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың белгілеген даму басымдықтарының жүзеге асырушысымын деп түсінуі керек. Менің Жолдау туралы айтқым келетіні – осы. – деді күн тәртібі бойынша сөз алған басқарманың басшысы Әсия Аманбаева.

Биылғы Жолдауда Қазақстанның дамудағы жаңа мүмкіндігінің төртінші міндеті ретінде көлік – логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселесі тұрғаны белгілі. Облыстың бас спортшысы Сырым ауданының көлік – логистика тұрғысында тиімді аймақ екенін де атап өтті.

Батыс Қазақстан облысының орталығында күніне 800 бала бокс үйірмесіне барады екен. Орал қаласындағы Оқушылар сарайындағы Олимпиада чемпионы Д. Елеусінов атындағы бокс орталығы жас боксшылар үшін осындай мүмкіндік ұсынып отыр. Орталық меңгерушісі, бокстан БҚО аға жаттықтырушысы Саттар Сұлтанғалиев бокс үйірмесін Бұлдырты ауылынан ашуға ұсыныс білдірді. Айта кетейік, бокс үйірмелері қазіргі күні Сырым ауданының орталығы Жымпиты мен ауданға қарасты Жетікөл ауылдық округінің орталығында жұмыс жасайды.

Саттар Сұлтанғалиев, даму ауылдан басталу керек деп есептейді. Әсіресе, чемпиондық рух, спорттық жігер деген құндылықтарды спортшы әуелі ауылынан сезінуі керек.

Жолдаудың маңыздылығы жайлы округтегі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Еркін Мырза пікір айтты. Жиналысты Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қорытындылады.

Мәслихат хатшысы өзінің сөзінде ауыл спортын дамыту туралы ойын айтып, Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның алдына Бұлдырты ауылынан спорт кешенін салу туралы депутаттық сауалын қойды. Осы сауалды аудандық мәслихаттың қабырғасында аудандық мәслихат депутаты, спорт жанашыры Болат Тасқалиев жиі көтеріп жүр. Депутаттар айтса айтқандай, Бұлдыртыға спорт кешені шынымен керек. Себебі, аудандағы еркін күрестің жалғыз мектебі осы округте ғана бар. Жас палуандар жаттығатын интернат ғимаратының астындағы жаттығу бөлмесінің азып тұрғанына да біраз жыл болды. Руслан Бекжановтың шәкірттері оған қарап жатқан жоқ. Залдары ескі болса да, нәтижелері жыл сайын жаңарған үстіне жаңару түсуде. Өткен жылдың аяқ шенінде Төлеген Құрашев ауылдан облыстық авиация спорты бойынша балалар мен жасөспірімдердің техникалық мектебінің ерлер мен әйелдерге арналған қол күресі бөлімін ашты. Үйірмеде 30 бала жаттығады. Алғашқы нәтижелер көңіл қуантарлық. Үйірменің екі қатысушысы айналдырған екі айдың ішінде армрестлингтен спорт шеберлігіне үміткер болып үлгерді. Округте спорттың дамуы жақсы. Бірақ, бір жаңа ғимаратқа  орталықтанғаны   одан да жақсы еді. Бұлдыртылықтар соны қалайды. Басқарма басшысы құзіретінің жеткен жеріне дейін қолдауға уәдесін берді.

Бүгінгі күні Жымпитыдағы спорт кешенінің ғимараты да күрделі жөндеуден өтейінші деп қолын көтеріп тұр. Аудан үшін ол мәселенің де оң шешім тапқаны жақсы. Осы және аудан спорты төңірегіндегі басқа да мәселелер бойынша Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева түстен кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтың қабылдауында болды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы